ЕГЕМЕНДІК ЖОЛЫ

0
47

Сол тұста мәскеулік биліктің астамшылдығы мен жергілікті ұлтпен санаспауы халықты ашындыра түсті. 1986 жылы Алматыда болған бейбіт митингіні Ресей қарулы күштері мен көршілес республикалардан әкелген әс­кери күшпен басты. Қаншама студентерді оқудан және комсомол қатарынан шығарды. Қызметтерінен қуылғандары қаншама. 99 адамды соттап, Қайратты ату жазасына кесті. Қаншама жас қыздар ана болу бақытынан айрылып, мүгедек болды. Жазықсыз жастарды жазалаған қаншама ішкі істер мен қарулы күш қызметкерлері мемлекеттік марапаттарға ие болды. Бүкіл одаққа қазақтар ұлтшылдар деп жар салды. Егер Мұхтар Шаханов болмаса сол ұлтшыл деген атақтан қашан айырыларымызды бір құдай біледі. Ең қызығы сол кезде жастарды заңсыз соттаған және соттатқан лауазымды адамдар ешқандай жаза көрмеді.
Алматыда басталған әділет­сіздікке қарсы күрес Кеңес ода­ғында кең етек жайды. 1988 жылы жазда беларустар халық майданын құрды. Таулы Карабахта соғыс болды. 1989 жылы грузиндер Кеңес одағынан шығатыны туралы мәлімдеді. Сол жылы 9 сәуірде Тибилиси қаласында бейбіт халық пен қарулы күштер арасында қақтығыс болып 16 адам өлді. 1989 жылы Украинада бостандыққа шығу жолында «Халық рухы» атты ұйым құрылды. Осы жылы Өзбекстанның Ферғана қаласында түрік жігітінің өзбек қызға тиісуінен туындаған ұлтаралық қақтығыстан 110 адам қаза тапты. 1989 жылы 23 тамызда Балтық елдері «Бостандықты қалаймыз» деген демонстрацияға шықты. Бұл жиынға 2 миллион адам қатысып, ұзындығы 600 километрге жетті. Бұл демонстрация сол кездегі ең көп адам қатысқан жиын болды. 1990 жылы азаттық үшін бас көтерген Литваға Мәскеу әскер кіргізді.
Осындай жағдай сол кездегі Кеңес Одағының іштей іріп жатқанын көрсетті. Сол кездегі партияның Бас хатшысы Михаил Горбачев өзінің қайта құру программасымен елдің қытығына тиді. Жағдайдың ушығып бара жатқанын білген Горбачев 1991 жылы наурыз айында одақта қаламыз ба, шығамыз ба деген сауалмен референдум өткізді. Референдумға 147,5 миллион адам қатысып олардың 112,1 миллионы одақта қаламыз деп 76,3 пайызы дауыс берді. Осыған сенген Горбачев өзінің қайта құру программасы дұрыс деп сенді.
Алайда, жағдай мүлде бас­қаша болатын. Дүкендерде азық-түлік­тің көптеген түрлері талонмен берілді. Халықтың жағдайы нашарлай түсіп, наразылық күшейді. 1990 жылы қазан айында Мәскеуде болған демонстрацияда мәскеулік сле­сарь Александр Шмонов аңшы мылтығымен Горбачевке оқ атты. Ал 1991 жылы 19 тамызда Янаев бастаған топ ГКЧП деп тарихта аты қалған төңкерісті бастады. Оны ұйымдастырушылар қатарында Мемлекеттік қауіпсіздік коми­тетінің бастығы армия генералы В.Крючков пен қорғаныс министірі Д. Язов және Бакатиннің орнына болған Ішкі істер министірі Б.Пуго да болған. Ол кезде Горбачев Фороста демалыста болатын. Бұл төңкеріс басылғанымен шын мәнінде КСРО-ны құлатқан оқиға болды. Демалыстан келген Горбачев осы уақиғаға қатысы бар Крючков пен Язовты қамауға алады. Ал Горбочевтың өз адамы болған Б. Пуго көтері­лісшілердің алдауына түсіп қалғанын біліп, 21 тамыз күні жолдасы екеуі атылып қаза болды.
Сондай-ақ біраз лауазымды адамдарды орнынан босат­қанымен ол жарлықты Ельцин қолдамады. «Осы күннен бастап Горбачев КСРО-ны басқару күшінен айырылды» деп жазды тарих ғылымының докторы Александр Островский. Осы жылы тамыз айында Ельцин бастап барлық республикада коммунистік партияның жұмысы тоқтатылып, партияны таратты. Балтық жағалауындағы Литва, Латвия мен Эстония қыркүйек айында өз егемендігін жариялап КСРО-дан шықты. Енді одақ қағаз жүзінде ғана болды. Әр республика өз жұмыстарын өз білгендерінше жүргізді. Ендігі жерде одақ басшылары экономикалық жағдай жөнінде ғана келіссөздер жүргізе бастады.
2 қазанда Балтық жаға­ла­уын­­­дағы үш мемлекеттен бас­­қалары Байқонырда бас қосты. 14 қараша 1991 жылы эконо­микалық бірлестік құру жайлы Мәскеуде жиын өткізді. Ал 7 желтоқсанда Ресей, Украина мен Беларусь басшылары Беловежскде газ бен мұнай жайлы келісеміз деп жиналады. «Ертесінде 8 желтоқсан күні КСРО-ны тарқату жөніндегі келісімге қол қояды. Осы жағдайды Елцин Горбачевқа емес алғаш АҚШ-тың президенті Бушқа хабарлаған», – деп жазады тарихшы Евгений Синицин.
Ельцинді жазаламақ болған Горбачевтың әрекеті іске аспады. Өйткені Язовтың орнына барған қорғаныс министірі Шапошников Ельцинді жақтап шықты. Бұл одақтың таратылған күні болды. 11 желтоқсанда оған Қазақстан мен Армения қосылып 12 желтоқсан күні ТМД құрылды. 16 желтоқсан күні одақтағы республикалардың соңында Қазақ­стан өз егемендігін жариялады. 25 желтоқсан күні Горбочев өз жұмысын тоқтатқаны жайлы мәлімдеме жасады.
Сонымен 1917 жылы 12 жел­тоқ­санда құрылған Алаш автономиясы 711 күн өмір сүріп, еге­­менді еліміз 1991 жылы 16 жел­тоқсанда егемендігін қайта жалғастырды. 1918 жы­лы 22 қаңтардағы «Сарыар­қа» газетінде Әлімхан Ерме­­ков «..желтоқсанның 12 күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаш баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылға қоңсы қонып, шашылып жүрген қыр­ғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды» деп жазған болатын. Сол егемендікті сақтап, ұлттар бірлігін арттыру әрбір қазақстандықтардың азаматтық борышы болуы тиіс екенін ұмытпайық.

Беркін ӘКЕБАЕВ,
Республикалық  «Алтын қалам»
әдеби байқауының жүлдегері

Жауап қалдыру