Даму стратегиясы тұрғындардың жағдайына бағытталған

0
56

20 жыл қала тарихы үшін болмашы уақыт. Алайда ару Астанамыздың осы кезеңде қол жеткізген жетістіктері мақтануға тұрарлықтай. Солардың бірқатарына көз жүгіртіп өтелік.
Елорда бір кездегі шағын қа­ладан бүкіл әлем мойын­даған мегаполиске айналды. Қазіргі таңда бас қалада 1 миллионнан астам халық тұрады. Соңғы 20 жылда жалпы өңірлік өнім шамамен 190 есеге артып, 5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші 30 есеге көбейіп, 454,4 млрд теңге болса, шағын және орта бизнеске тиесілі өнім көлемі 4,3 трлн теңгені құрады.
Осындай орасан зор жетіс­тіктердің арқасында мем­­лекеттік бюджетке тү­сім­дер шамамен 80 есе­ге артып отыр. Нәти­жесінде, 1997 жылғы 13,6 млрд тең­геден бүгінде 1,064 трлн теңгеге жетіп отыр.
Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша шағын жә­не орта бизнес саласында жұмыс істеп тұрған 100 мың заңды тұлға бар. Оның 70 пайызы жеке кәсіпкерлер болса, 30 пайызы – компаниялар. Республикалық дең­гейде кәсіпкерліктің ба­­­­сым бөлігі сауда-сат­тыққа тиесілі. Аталған көр­сет­кіш 39 па­йызға тең. Екін­ші орындағы ауыл ша­руа­шылығының үлесі – 21 па­йыз, әртүрлі қыз­мет түр­лері 13 пайызды құ­рай­ды.
Шағын және орта бизнес субьектілеріндегі өнім өндіру көлемі 797,8 миллиард тең­геге өсіп, 10,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Кәсіпкерліктің қарқынды дамуы шағын және орта бизнес саласынан бюджетке түсетін салық түрлерін ұлғайтқан.
Машина жасау және индустрия картасына кіретін 24 кәсіпорынның есебі­нен өнеркәсіп өндірісі 7,5% артып, 336,6 миллиард тең­геге жетті.
«Биз­нестің жол картасы –2020» бағдарламасының арқасында кәсіпкерлік дами түсті. Жыл басынан бері құны 14,7 миллиард теңге болатын 110 жоба мақұлданды.
20 жыл ішінде тұрғын үй құрылысына 1 трлн 600 млрд теңге бөлініп, 180 мыңға жуық пәтерді қам­титын 1 265 тұрғын үй салынды. Тек кейінгі 5 жылдың өзінде Астанада 9 млн шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілген. Яғни, осынша уақытта 300 мың адамға арналған қала салынған. Бұл дегеніңіз, орташа есеппен облыс орталығына пара-пар көр­сеткіш.
Одан бөлек, 20 жылда Аста­нада 1172 өндірістік, әлеу­меттік-мәдени және қо­ғамдық маңыздағы нысандар салынды.
Негізгі капиталға инвес­ти­циялардың жыл­дық көлемі 1997 жылдан бері 44 есеге өсіп, 8 трлн теңгені немесе 47 млрд долларды құрады. Мұндай үдеріс 2017 жылы да лайықты жалғасын тауып, ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесін өткізу арқылы оң экономикалық көрсет­кіш­терге қол жеткізілді. Өткен жылы Аста­наға тар­тылған инвес­тиция көлемі 945 млрд теңге болса, оның 70 пайызы жеке инвес­тицияның үле­сінде.
Елорданың инфрақұры­лым­дық дамуы үнемі на­зар­­да. 2018 жылдың со­ңы­на дейін елорданың 65 көше­сіндегі жолдар орта­ша жөн­деуден өтетін бо­лады. Көше­лердің 15-і қала­ның орта­лығында, 50-і қала шетіндегі тұрғын үй алап­тарында орналасқан. Жөн­делетін жолдардың ұзын­дығы 49,9 шақырымды құ­райды.
Болашақта Астананың даму стратегиясында тұр­ғын­дардың әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінбек. Ол үшін өмір сапасын арттыру және ха­лықтың табысын көбейту бағыттарына басымдық бері­летін болады.

Алтынай ТУЫСҚАНОВА

Жауап қалдыру