Бюджет тапшылығы халық мойнына артылмасын!

0
132

Санаулы күндерден соң ағымдағы жылды да артқа тастаймыз. 2017 жыл Қазақ елі үшін қуантарлық нәтижелермен қатар, «әттеген-ай» дегізер жайттарға да толы болды. Олардың барлығын жіпке тізгендей санап отыру ниетімізде жоқ. Алайда соның ішіндегі көңілді күпті етер бір мәселеге назар аудармақпыз. Бұл республикалық бюджет тапшылығының 1,5 трлн теңгені құрауы. Билік өкілдерінің мәліметінше бюджет тапшылығының орын алуына мемлекеттік шығынның күрт артуы себеп болған. Ал бұл қандай шығындар? Оған не себеп? Міне, осы сұрақтарды тарқатып көрсек.
Кез келген мемлекеттің эко­номи­калық тұрақтылығы мен да­муы бюджет жоспарына бай­­ланысты. Сондықтан да оның құры­лымы мен ба­ры­­сы пар­ламентте қызу талқыланады. Мы­салыға, АҚШ, Анг­лия, Фран­ция секілді эко­номикасы озық елдердің өзін­де бюджет мәсе­лесі бірінші кезекте тұра­ды. Бюджеттің дұрыс жос­парланбауы салдарынан Грек­ияда экономикалық дағ­да­рыс орын алғаны да есімізде. Ал бізде көп жағдайда еш дабырасыз қабылданып кететін бюджет жоспары бұл жолы олай болмады. Сенаторлар 16 қарашада 2018-2020 жылдарға арналған бюджетті қабылдамай, Мәжіліске кері қайтарды. 2020 жылға дейінгі бюджет жобасы бірнеше ай мәжілісте жатып, сенатқа түскен болатын. Дегенмен, шикі тұс­тары көп боп шықты. Себебі, ағымдағы жылы бюджет тапшылығының 1,5 трлн теңгені құрауы халық қалаулылары тарапынан сұрақ­тарды қарша боратты. Еліміз­дің қаржы минис­трі Бақыт Сұлтанов бюджет тапшылығының орын ал­уын «Көктемдегі бюд­жетті нақ­тылау кезінде бюд­жет тап­шы­лығын көтеруге мәж­бүр бол­дық. Өйткені банк сек­торына көмектесу үшін бізге 2 трлн теңге қажет болған. Соның 1 трлн-ын біз ішкі қарыз арқылы, ал 1 трлн-ды нысаналы трансферт ретінде ұлттық қордан тартып, 2 трлн қаржыны біз банк секторына көмектесу үшін үкіметтік шаралар қабыл­да­дық», – деп түсіндірді. Осы­­­­лайша екінші деңгейлі банк­­тердің жыртығын жамау бюд­жетті ақыры триллиондық тап­шылыққа ұрындырған көрі­неді.
Соңғы уақыттарда сарап­шылар мен БАҚ Ұлттық банк жұмысының жүйесіздігі мен екінші деңгейлі банктерге көмекке берілетін қаржының артқанын айтып дабыл қағуда. Олардың айтуынша, бюджеттегі қаржының әрбір тиынына дейін ұқыпты болуы тиіс. Ел үкіметі мен Ұлттық банк кейінгі кездері жомарттық танытып, миллиардтаған ақшаны екін­ші деңгейлі банктер мен болашағы бұлыңғыр жобаларға жұмсап жатыр. Мәселен, өткен жылы ғана Қазком банкін «сауықтыруға» Ұлттық қордан 2 трлн теңге (шамамен 6 млрд АҚШ доллары) қаржы бөлінген болатын. Енді, міне, Қазкомның тағдырын елге белгілі РБК мен Дельта банктер қайталап отыр. Бұл жолы Ұлттық банктен РБК үшін 240 млрд теңге қаржы бөлінбек. Ал Дельта банктің тағдырын сот шешпек. Бюджетке масыл болған бұл банктердің басты мәселесі қайтарымсыз несиелер екен. Оған себеп іздесек және сол жемқорлық пен басқаруда кеткен қателіктер. ТМД кеңістігінде ең үздік саналатын Қазақстанның банк жүйесі осы­лайша мемлекеттің қолына қарап отыр.
Мұнан бөлек бюджеттің не­гіз­гі табыс көздерінің бірі сана­латын мемлекеттік кәсіп­орындарының да жағдайы мәз емес. Finprom.kz сайтының ха­барлауынша ағымдағы жыл­дың 1 шілдесінде мем­лекеттік 26 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Оның 25 мыңы жұмыс жасап жатқан көрінеді. Негізгі мәселе бұл кәсіпорындардың бірінші жартыжылдықтағы табысы өткен жылмен салыс­тырғанда 34%-ға кеміген. Тиі­сінше бұлардан бюджетке түсетін салық та едәуір азайып, 12,3 млрд теңгені құраған. Сарап­шылар пікірінше, бұл кәсіпорындардың басым бөлігі мұнай өндіру мен шикізат өңдеуге байланысты қызметпен шұ­ыл­данатын көрінеді. Әлемдік нарықта мұнайға деген бағаның құлдырауы кәсіп­орындарды пайдасыз қалдырып отыр.
Қайткенмен де ендігі кезек күттірмейтін мәселе бюджет тапшылығын жою. Бұл үшін әдетте үш әдіс қолданылады.
Біріншісі, айналымға қосым­ша ақша массасын енгізу. Яғни, қажет қаржыны Ұлттық банктен теңге басып шығару арқылы алу. Түсінгеніңіздей бұл елдегі инфляция деңгейін одан әрі жоғарылауына сеп болады. Онсыз да инфляция деңгейі жоғары болып, қымбатшылық халықты қысып отырғанда үкі­мет үшін бұл әдіс қисынсыз болары сөзсіз.
Екіншісі, сыртқы мемле­кеттер мен қаржы орталық­­тарынан қарыз алу. Бұл біздің елде көп қолда­ныл­ған әдістердің бірі. Мы­са­лыға, 2016 жылы бюджет тап­шылығын жою мақсатында Қазақстан Дүниежүзілік банк­тен 1 млрд доллар көлеміндегі қаржыны 20 жылға қарызға алған болатын. Бүгінгі таңда Қазақстан­ның ше­телдік қаржы орталық­тарына берешек қары­зы 13 млрд дол­лардан асып жығы­лады.
Атап айтқанда, еліміздің Дүние­жүзілік банк алдындағы берешегі 6,5 млрд доллар болса, Халық­аралық қайта құру және даму банкіне 4 млрд доллар, ал Азия даму бан­кіне 2 млрд дол­лардан астам қарыздармыз.
Басқа да квазимемлекеттік сек­тордағы мемлекеттің сыртқы қарызы 168 млрд доллар екенін ескерсек, сырттан қарыз ала беру қауіп екені анық. Одан қалды бұл жолы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бюджет тапшылығын жою үшін шетелден қарыз алмай­тындығын да мәлім етті.
Енді үшінші әдіске келсек, үкіметтің құнды қағаздар шығару арқылы мемлекеттің ішкі қаржы орталықтарынан қарыз алуы. Міне, бұл жолы үкімет бюджет тапшылығын осылай жоймақ. Бұл жайлы ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Бұл ішкі қарыз болады. Қаржы министрлігі қажетті сомаға мемлекеттік құнды қағаздар шығарады. Олар тек Қазақстан қор нарығында ғана сатылады. Соның нәтижесінде ақша айналымы елдің ішінде ғана жүреді, сыртқа кетпейді», – деген болатын.
Алайда бәрімізге белгілі бір жайт Қазақстанның қор нарығы сол құнды қағаздарды сатып алуға қауқарлы ма? Елімізге белгілі қаржы орталықтары екінші деңгейлі банктердің жағдайы белгілі, немесе үкімет сыртқы қарызы едәуір Самұрық-Қазына қорына үміт артпақ па? Әлде үкімет таусылмас қазынадай көретін Ұлттық қорға қол салмақ па? Онсыз да көрінген жобамен банк секторын құтқаруға желдей ұшқан қор есебінде бүгін 57 млрд долларға жуық қаржы қалғаны белгілі болып отыр. 80 млрд доллардан астам қаржыға ие болған қордан үш-төрт жылда қалғаны осы.
ЖІӨ 5,3%-ын құраған бюджет тапшылығын жою үкімет үшін оңайға соқпасы анық. Бұл соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш екенін де еске сала кетейік. Қалай болғанда да бұл жыл еліміздің қаржы саласы үшін қиындықтарға толы бол­ды. Ең бастысы, үкімет ел қазы­насын халық есебінен толтыр­маса болғаны.

Жүсіп ЖҰБАТ,
«Президент және Халық»

P.S. Әлеуметтік желілерде еліміздегі ең ірі банктердің бірі Цеснабанктің 25 жылдығы мен жаңа жылдық мерейтойында Ресей жұлдыздары Ольга Бузова мен «Серебро» тобының ән салғаны кезіп жүр. Жаңа жылдық мерейтойлардың жұлдызына айналған Ольга Бузованың 45 минуттық уақыты 7,5 млн теңге тұрады екен. Ал Цеснабанк ағымдағы жылы мемлекеттен 100 млрд теңге көмек алған болатын.

Жауап қалдыру