Браконьерлікке – қатаң жаза!

0
69

31 қаңтар күні өткен Парламенттің жоғарғы палатасы Сенаттың кезекті отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Онда браконьерлікке қарсы күресті тиімді ету шаралары көтерілген. Үкімет басшысына жолданған депуттың сауалдың толық мәтіні төменде ұсынылып отыр.
Үстіміздегі жылғы қаңтар айында Қарағанды облысының Нұра ауда­нында «Охотзоопром» БП» рес­пуб­ликалық мемлекеттік қазы­налық кәсіпорнының инспек­торы Ерлан Нұрғалиевтың қызмет бабында браконьерлердің қолынан қаза тауып, инспектор Петр Ницык­тың ауыр жарақат алуы жұртшылықтың наразылығын және ашу-ызасын туғызды. Бұл оқиға Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының арасында да үлкен талқыға түсті.
Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері қанды оқиғаның орын алу себебін жан-жақты талдай отырып, мынадай қорытындыға келді:
Бірінші, елімізде жануарлар дү­ниесін қорғау саласында қорда­лан­ған түйінді мәселелерді шешу жолында батыл қадам­дар жасау. Соның ішінде Қазақстан Рес­публикасының Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінен осы орай­дағы уәкілеттіктерін толық­қанды ат­қаруын талап ету.
Екінші, мемлекет аумағында сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар аң-құс түрлерін сақтау және олардың санын көбейту үшін қолданыстағы тиісті заңнамалық актілерге түбегейлі өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
Осы ең басты екі мәселе оң шешімін табу үшін мынадай жағдайларға назар аударуыңызды сұраймыз. Бүгінгі таңда «Охотзоопром» БП» РМҚМ, жануарлар дүниесін қорғайтын аумақтық органдар мен резерваттардың мате­риал­дық-техникалық жағдайы ешқандай сын көтермейді. Олардың жауапкершілігіне бекітілген техникалардың 60 пайызға жуығының әбден тозығы жеткен. Қолдағы бар санаулы тікұшақ орман шаруашылығына ғана пайдаланылады, ал жануарлар дүниесін қорғау олардың қызметіне жатқызылмаған.
Инспекторлар қазіргі заманауи байланыс, алыстан көру және басқа да специфкалық құралдармен жабдықталмаған. Оның үстіне елдің шетінде, желдің өтінде тәуекелге бел буып жүрген инспектордың орташа айлық еңбекақысы шамамен 60-70 мың теңге. Соған қарамастан инспекторларға ешқандай әлеу­меттік артықшылықтар қарас­ты­рылмаған.
Қазақстан Республикасы Үкіме­тінің Қаулысымен аулауға тыйым салынған киіктер еліміздің 100 миллион гектардан астам аумағын мекен етеді. Әрбір инспекторға шаққанда шамамен 6 миллион гектардан келеді. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын инспекторлардан құралған 36 топ екі ауысымға бөлінген. Әр топта небары 6 инспектор және 2 автокөлік. Сондықтан жүктеме мөлшері шамадан тыс, яғни, екі есе көп.
Осының салдарынан қару мен байланыс құралдарының жаңа үлгілерімен жарақтанған браконьер­лер алдында өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғайтын сақшы­ларымыз материалдық және тех­никалық жағынан дәрменсіз.
Браконьерлік қылмыс далалық жолда жүруге қолайлы әрі жүрдек көліктердің көмегімен жүзеге асырылады. Заң талаптары бойынша ол көліктер қылмыс құралы болып есептелетіндіктен мемлекет пайдасына тәркіленуі қажет. Алайда, қоршаған ортаға, табиғат игілігіне есепсіз шығын келтірген браконьердің басым көпшілігі жеңіл жаза алумен шектеліп, көлік құралдары кейін қайтарылып бе­ріледі. Егер оларды көліктерге иелік құқығынан айырып, қылмысқа қатысты көліктер мен басқа да құралдар ешқандай ымырасыз тәр­кіленсе браконьерлерлік қыл­мыс­қа бірден-бір тосқауыл қойылар еді.
Сонымен бірге, браконьерлердің заң құрығынан оңай құтылып кету деректері жиі кездесуде. Мәселен, соңғы үш-төрт жыл ішінде 3 мыңға жуық киік атылса, табиғи ортаға 3,5 миллиард теңге зиян келтірілді. 800-ден астам күдікті адам инспекторлардың қолына түскен болса, олардың 17-сі ғана сот шешімімен бас бостандығынан айырылып, 158-інің бас бостандығы шектелді. Браконьерлерге қатысты қозғалған қылмыстық істің жартысынан астамы дәйекті айғақтар жоқ деген желеумен сот отырыстарына жетпей, қысқартылып отырған. Мұндай жағдайды, әділетсіздікті кө­ріп отырған инспекторлардың жа­ңа, жас буыны бұл қызметке келе ме?
Осы аталғандарды түйіндей ке­ле, мемлекет аумағында «Қызыл кітапқа» енгізілген сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар аң-құс түрлерін сақтау және олардың санын көбейту үшін қолданыстағы бірқатар заңнамалық актілерге мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынамыз, атап айтқанда:
1) жануарлар дүниесіне зиян келтірушілердің үстінен қозғал­ған қылмыстық іс бойынша жүргі­зілетін тергеу амалдарының, сот сараптамаларының сапасын жақ­сарту және бақылау мен қада­ғалау шараларын күшейту;
2) браконьерлік әрекеттерге қол­данылған көлік түрлерін тәркілеу және сот шешімі бойынша оларды «Охотзоопром» БП» РМҚМ, жануарлар дүниесін қорғайтын аумақтық органдар мен резерваттардың құзырына өткізу;
3) инспекторлардың қызмет барысында қару қолдану ережелерін нақты айқындау, осы бағыттағы уәкілеттіктерін қайта қарау;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен киік аулауға қатаң тыйым салынғанын және ішкі рынокта сұранысқа ие емес екендігін ескере отырып, киік мүйізін жасырын сауда айналымына түсіруге жол бермеу. Осыған байланысты, орталық құқық қорғау органдары, кеден және шекара қызметі бірлесіп, кешенді шаралар белгілеу. Қажет болған жағдайда, «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар аң-құстарды аулауға бірқатар өңірлерде мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру және олардан алынған өнімдерді (соның ішінде киік мүйізін) алу, сату және шекарадан тыс жерлерге өткізу әрекеттерін браконьерлік қылмыс белгілері ретінде қаралуын заңдастыру;
5) жануарлар дүниесін қорғаушы инспекторлардың еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту, еңбе­кақыларын көбейту;
6) осы салаға физикалық және интеллектуалдық жағынан жетілген, кез келген төтенше жағдайға әзір, сынақтан өткен мамандар даярлау;
7) «Охотзоопром» БП» РМҚМ, жануарлар дүниесін қорғайтын аумақтық органдар мен резерват­тардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін олардың сапалы мате­риалдық-техникалық базасын қа­лыптастыру, инспекторларды қа­зір­гі заманауи байланыс, алыстан көру, басқа да специфкалық құ­рал­дармен жабдықтау және толық әлеуметтік пакетпен қамтуға рес­публикалық бюджеттен қаржы қа­растыру.
Жоғарыда атап көрсетілген мәселелерге байланысты шешім қабылдап, тиісті заңға сәйкес белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.

Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ,
Сенат депутаты

Жауап қалдыру