Болашақ бүгіннен басталады

0
201

ҚР Бала құқықтары жөніндегі институт – құрылған бір жыл ішінде балалардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауда бірқатар бастамалар көтеріп, біршама жұмыстар атқарды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, ЮНИСЕФ-тің 70 жылдығы мерейтойларына орай «Балаға мейірімді Қазақстан» атты халықаралық конференцияға белсене қатысып, балаларға арналған тауарлардың қауіпсіздігі, осы саладағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, жеткіншектердің құқы мен еңбегін қорғау мәселелерін кеңінен талқылады. Сондай-ақ институт соңғы жылдары белең алған педофилизм қылмысына қатысты жазаны қатаңдату, сондай-ақ жетім балаларды азайту мәселелерін көтеруде.

Зағипа БАЛИЕВА,      

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл

Біздің ел тұрғындарының әрқайсысы әр бала үшін жауапты. Әрі бұл жауапкершілік өте жоғары деңгейде болуы керек. Мұның ішіне кәсіпкерлер де кіреді. Өйткені, бүгінгі нарықтағы балаларға арналған тауарлардың дені стандартқа сай келмейді. Ал мұның себебі, оларды ешкім тексермейді. Тағы назар аударарлығы, тауар­лардың көбісі, киім-кешек болсын, ойыншық болсын, өзімізде шығарылмайды, шетелден ке­леді. Шекара асып келетін дү­ниелер сер­тифика­циядан өт­пей, тек­серілмей, тұты­ну­шы­­лар­дың қолына тиюде. Бұлар біздің бала­лары­мыздың ден­сау­лы­­ғына, өміріне зиян кел­­тіруде. Біз осы бағыттағы шаруа­лар­дың алғашқысын қол­ға алып үлгердік. «Атамекен» ұлт­­­тық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс жасауды бастадық.
Енді балалардың ден­сау­лығына залал келтірмейтін стандарттарды қайта белгілеуіміз қажет. Кішкентайларымыздың таза, табиғи тамақ жеуіне, зиянсыз ойыншықтармен ойнауына, өмірлеріне қауіп төндірмейтін киімдер киюіне мүмкіндік жасағымыз келеді.
Қазіргі таңда балалар тауар­ларының отандық үлесі бар болғаны екі пайыз. Оның 87 пайызы іргедегі Қытайдан әке­лінеді. Қазіргі кезде сол тауарларды тексеру мәселесін қарастырудамыз. Салық, кеден саласының өкілдерін де осы іске атсалысуға шақыратын боламыз. Бұл – проблема, бәріміз де бас қатырып, қолымыздан келгенін істеп, арнайы заңға нормативтік актілерді енгізіп, орындатуға міндеттіміз.
Балалар мен олардың ата-ана­лары жиі ұшырасатын проб­ле­ма­лардың бірі – мекте­п формасының талапқа, стан­дарт­­тарға сай болмауы. Кә­сіп­­керлер «бізде мата шы­ға­рылмайды» деген уәж айтады. Онысы рас, «Ата­мекен» кәсіп­керлер палатасы қазіргі таңда бизнес өкіл­дерімен жиын өткізіп, ақыл­дасып, қан­дай мүм­кін­діктер керектігін, өнді­рісті бастау үшін не істеу қажет­тігін анықтауда. Шын­дығында, біздің елімізде жеңіл және тоқыма өнеркә­сібімен айналысу үшін барлық жағдай жасалған.
Балалардың денсаулығын қорғау мен тамақ қауіпсіздігі саласында қыруар жұмыстар атқарылуы қажет. Десе де, біз өз құқымызды толық білуіміз керек. Сол кезде кәсіпкерлер де тиісті талаптарды орындайтын болады. Мәселен, печенье сатып алғанда, оның қора­бындағы «Е» әрпіне мән берейік. Жоқ па, печеньенің тамаша жарнамасына қарамастан, оны сатып алмайық. Өзімізді де, кішкентайларды да соған үйре­тейік. Біз алмасақ, кәсіп­керлер әкелмейді. «Кока-коланы» да «ішпеңдер» деп байбалам салудың қажеті жоқ. Оны мүлдем ішпеуді үйренейік. Сол кезде кәсіпкерлер өндірісті өзгертіп, табиғи таза шырын шығарады. Сол сияқты, сүттің пайдасын түсіндірейік балаларымызға. Сонда еліміздегі сүт шаруашылығын көтеруге атсалысқан боламыз.
Соңғы жылдары педафилдік сипаттағы қылмыстардың көбеюі қоғамды алаңдатуда. Былтырғы жылы 200-ден астам қылмыс тіркелген. Оның ішінде дүйім жұртты дүрліктіріп, бала өліміне соқтырғаны да болды. 2016 жылғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, аталған қылмыс түрінің Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Алматы мен Шы­ғыс Қазақстан облыстары мен Ал­маты қаласында өскен­дігі байқалды. Бұл мәселеге қа­тысты қатаң жаза қолданылуы керектігін үнемі көтеріп келемін. Жас баланың жаны мен тәтіне жазылмас жара салған бұндай қылмыскерлерді өлім жазасына кессе де болады. Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланғандықтан, бұл жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімімен алмастыруды ұсынамын. Өйт­кені жақын болашақта 1300 педа­фил бостандыққа шығады. Олар­дың қылмысты қайта­ламайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Жетім балалардың жайына келсек, статистикалық мәлі­меттер бойынша елімізде 5,5 млн астам бала бар. Олардың 29 мыңы жетім. Соңғы жылдары елімізде 21 мың бүлдіршін өзіне отбасын тапты. Елімізде жетімдер саны азайып келе жатқанымен, оларды асырап алғысы келетіндер көбеймей тұр. Бала деген – өмірдің гүлі. Көз қуанышымыз, көңіл жұба­нышымыз да солар. Қазіргі таңда бүкіл әлемде жетім балалар жағдайы көкейкесті мәсе­лелердің бірі болып отыр. Жұбайымыз екеуіміз балалар үйінен 3 бала асырап алдық. Кейбіреулер өз кіндігінен сәби сүйе алмағандықтан асырап алса, біздің өзіміз дүниеге әкелген 3 баламыз бар, қазір 6 баланы бауырымызға басып отырмыз. Ешкімді бөле-жарып қарамаймыз. Алдағы уақытта тағы 5 бала асырап алсақ деген ойымыз бар. Қазақ жетім-жесірін жылатпаған халық. Ендеше біздің ісіміз барлық отбасыға үлгі болса екен.
Балаларға қамқорлық мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болған, болып қалады да. Өйткені болашақ бүгіннен басталады. Ал бүгінгі балалар – ел ертеңі.

Жауап қалдыру