Береке – бірлікте, табыс – тірлікте

0
21

Жер жәннаты – Жетісудың қай өңірін алсаңыз да өзінің көз тартарлық тамылжыған тамаша табиғатымен жұртшылықты тамсандырады. Солардың ішінде шет жайлап, қиыр қонған, елдің шетінде, желдің өтінде жатқанымен бүгінгі күннің талабына сай дамудың даңғыл жолында еңбек сүйгіш халқының бірлігін сақтап, еңбегін еселеп, табысын молайтып отырған өңірлердің бірі – Панфилов ауданы.
Ежелден ел аузында «Жаркент» деп аталатын құйқалы алқап Жетісу Алатауы мен ибалы арудай иіле ағатын Іленің ортасын алып жатыр. Күзде бір тал шыбық ексең, көктемде тербеліп терек болатын, шымын тартсаң шырыны, түгін тартсаң, түбіті бұрқырайтын бұл аймақты тіршілікке жайлылығы мен табиғатының ерекшелігіне қарай көнекөздер «Қоңыр қойын» деп те атайды.
Жазиралы Жаркенттің қой­науы – кенен, тарихы – терең. Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен, күн шуағы нұрын төккен жерде сан ғасырлар қат­парында сартап болып сақ­талып жатқан тарихи сырлар да мол. Сонау алысқа құлаш сіл­темей-ақ, ХVІІ –ХІХ ғасырда шекаралы аймақта ел басынан өткен қанқұйлы оқиғаларды айтсақ та жеткілікті. Шоқанның табаны тиген осы жерде «бір күн шекараның арғы беті, бір күн бергі беті» дегендей, халық аумалы-төкпелі заманның небір зұлмат зардабын да тартты. Бірақ, туған жерге кіндігі байланған қазақи қалыпты сақтай отырып, табан аудармай, өз елі мен өз жеріне деген перзенттік парыздарын өтей отырып, маңдай терлерін сыпырып, еңбек етті.
Жаркент жерінің өзінің табиғи ерекшеліктері тағы бар. Бұл орай­да, ұлттық кино өнерінің ін­жу-маржаны, баға жетпес жау­һар­лары болған өткен ғасыр­дың 70 жылдары «Қилы ке­зең», «Атаманның ақыры», «Қыз Жібек» фильмдерінің осы Жар­кент жерінде түсірілуі ел мен жер тарихынан сыр шертсе ке­рек.
Тоқырау жылдарындағы ауырт­палықтар жаркенттіктер­ді де айналып өтпеді. Ең өкі­ніш­тісі диқандардың ала жаздай маңдай терін төгіп, күтіп-баптап өсірген, күздің ызғарлы күндеріне жиып терген жүгерісін өткізу тығырыққа тірелді. Ал, ортадағы делдалдар саф алтындай дақылды тым арзан бағаға алуды әдетке айналдырды. Тіпті, олардың кейбірі алған өнімінің ақысын да төлемей жұртты біраз әбігерге салғаны бар.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың тамыз айында жұмыс сапарымен Алматы облысында болып, іргелі өлкенің экономикасын дамытуға негізгі өзек болатын табиғи және адами ресурстарды назарға ала отырып, Жетісудың кіріс бө­лігін молайту, өңірдегі табиғи ресурстардың негізінде туризмді жан-жақты дамыту, бір кездері аймақтың бренді болған қант қызылшасы мен жүгері өсіруді қолға алу қажеттігі жөнінде нақты тапсырмалар беруі орын ал­ған түйіткілді мәселелерді түп­кілікті шешуге үлкен қозғау салды.
Елбасының жүгері өсіруді өркендету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімі Амандық Баталовтың таңдауы Панфилов ауданына түсті. Себебі жазиралы Жаркент өңірінің диқандары ежелден-ақ маңдайы күнді, табаны суды сүйетін, күміс айдарлы, алтын дәнді «дала аруы» атанған жүгері өсіруге машықтанып, кешегі кеңес заманында қамбаға жүз мың тонналап «дала аруын» төгіп бергенін жақсы біледі. Сол жылы жаркенттіктер жүгеріден 441,3 мың тонна өнім жинады. Соның нәтижесінде 11 мыңнан астам ауыл тұрғыны аудандағы 3900 шаруақожалығында жұ­мыс істеді.
Қашанда тер төге еңбек етіп, оның зейнетін көріп отырған жазиралы өңірдің жұртшылығы жыл сайын егістік көлемін ұл­ғайта отырып, масақты дәнді да­қылдар, бау-бақша және жү­гері өсіруді сәтті жалғастырып келеді.
Егін шаруашылығында жалпы егістік жер көлемі 234 гектарға ұлғайтылып, 43,6 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәндік жүгері егетін алқап 100 гектарға кеңейтіліп, 25,9 мың гектарға жеткізілді. Сондай-ақ 2373 гектар жерге жеміс ағаштары және 176 гектар жүзім өсірілуде. Бұл саланы дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр.
Биылғы жылы тамшылап су­ару әдісімен «Жаркент Фрукт», «Көктал Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің 1280 гектар болатын егіс алқабы баптап, күтілді. Сонымен бірге ауданда жүгері тұқымын өсіретін 7 шаруашылық тұрақты жұмыс істейді. Соның нәтижесінде биылғы жылы 604 тонна жүгері тұқымды басқа облыстар мен өңірлерге жіберілді.
Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған Жаркент крахмал-сірне зауытында жүгері дәнін қалдықсыз өңдеу циклы құрылып, өңдеу қуаттылығы 20 мың тоннадан 90 мың тоннаға дейін көбейтілді.
Аймақта мал шаруашылығы өнімдерін өндіру молая түсуде. Өткен мерзім ішінде саладағы жалпы өнім көлемі 24,1 млрд теңгеге жетіп, 10 мың тоннадан астам ет, 34 мың тонна сүт, 8 млн данадан астам жұмыртқа өндірілді. Ірі қара малы, қой және жылқы саны да өсті. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 102 пайызды құрайды. Есепті кезеңде Көктал ауылында «Зиятдинов» шаруақожалығы 100 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салды. Ал, Сарыбел ауылында «Айсұлтан» шаруақожалығы етті бағыттағы 50 бас Ангус асыл тұқымды ірі қара малын өсіруде. Жаркент қаласындағы «Ернар» шаруақожалығы 600 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салды. Демек, салада даму бар, нәтижесі де – көңіл қуантарлық.
Сондай-ақ, ауыл шаруа­шылы­ғын өндірістік негізде қа­лып­тастыру, салалық маман­дан­дырылған қуатты ауыл ша­руашылығы кооперативтерін құру жұмысы да жандана түсуде. Реформа негізінде 77 ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 5 мың шаруақожалығы құ­рылды. Ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 371,8 мың га, егістік суғармалы жерлер 43,9 мың гектарға жеткізілді. Аудан жүгері дақылын және қант қызылшасының тұқымын өндіру бойынша республикада жетекші орында келеді. Жүзімдік пен жеміс-жидектерді өсіруге қолайлы жағдайлар бар. Егістік жерлердің 61,8 пайызына дәнді дақылдар, 6,5 пайызына картоп пен және көкеніс-бақша егілсе, 2300 гектарға жеміс-жидек, 176 гектар жерге жүзімдік орналастырылған.
Өнеркәсіп саласы да даму үстінде. Өндірілген өнім көлемі 11,7 млрд теңгеге жетіп, оның нақты көлем индексі 103 па­йызды құрады. 2018 жылға «Қор­ғас» аграрлық эконо­микалық аймағында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны бар 3 кәсіпорын іске қосылмақ. Соның бірі – жүгері дәнін қабылдап, тазалайтын, кептіретін және сақтайтын «Заря ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Зауыттың құны – 975 миллион теңге. Ол жылына 100 мың тонна жүгері қабылдай алады. Кәсіпорында 26 адам жұмыс істейтін болады. Екіншісі – күрделі қоспа жем шығаратын жалпы қуаттылығы 60 мың тонна өнім беретін «Феникс Фид Миллс» зауыт-элеваторы. Жоба құны – 4,7 млрд теңге. Бүгінгі күні зауыттың өндірістік кешенінің, әкімшілік ғимаратының, кірме жолдың құрылысын салу басталды. Бұл жұмыстарға 55 адам тартылған. Кәсіпорын 2019 жылы іске қосылатын болады. Ал, үшінші кәсіпорын түрлі үлгідегі темір бетон өндіретін «Хубей Келишон» зауыты. Жобаның жалпы құны – 4,8 млрд теңге. Ол желтоқсан айында іске қо­сылмақ.
Өткен тоғыз айда автомобиль жолдарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 640 млн теңге бөлініп, 614 млн теңге игерілді. Оған Жаркент қаласында ұзындығы 6,1 шақырымды құрайтын 7 көшенің жолдарына күрделі жөндеу, 8 елдімекенде 8 көшеге орташа жөндеу, 3 елдімекенде 3 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Жаркент жері – шағын және орта бизнесті дамытуға икемді өңір. Өзгені айтпағанның өзінде, мұндағы халықтың өзі сауда-саттыққа бейім және оның көзін де таба біледі. Сондықтан да, жеке кәсіпкерліктің өсу деңгейі арта түсуде. Кәсіпкерлер тарапынан өндірілген өнім, атқа­рылған жұмыс және көр­сетілген қызмет көлемі 2,8 пайызға артып, 21,7 млрд теңгеге жетті. Салада 23,5 мың адам тұрақты еңбек етеді. Бұл түрлі төлемдер есебінен бюджеттің кіріс бөлігін көбейтуге жағдай жасауда.
Кәсіпкерліктің сауда, қоғам­дық тамақтандыру, тұрмыс­тық және сервистік қызмет көрсету салаларындағы жұмыстар табысты дамуда. Ауданда тоғыз айда 18 сауда және қызмет көрсету нысаны іске қосылып, 11 жұмыс орны ашылды, 603 млн теңге инвестиция салынды. Олардың ішінде жеке кәсіпкер Г. Ақсубаева ашқан «Алтын» сауда орталығын, Е.Үмбетовтың «Көктем» сауда орталығын атап өтуге болады. Жаркентті «тоқ қалалар» тобына жатқызуға болады. Өйткені, қаланың кез келген бұрышында салынған кафе, мейманхана жүйесі тұрақ­ты жұмыс істеп, халықтың сұра­нысы мен талабына сай қызмет етуде.
Аудан орталығындағы тұрғын­дардың өмір сүру деңгейін арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту және үлкенді-кішілі сауда­ орын­дарының жұмысын реттеу мақса­тында қаланың сыртқы аймағынан заманауи үлгідегі 121 сауда орны мен 129 шағын дүкен-бутик салынуда. Бұл жаңа базар болмақ.
Аудан Қазақстан мен Қы­тай Халық Республикасы ара­сындағы өзара ынтымақ­тастық, әріптестік байланыстар нығая түсуіне сенімді жағдай жасауда. Аймақта екі ел арасындағы уағдаластыққа байланысты ең алдымен «Қорғас шекара ма­ңы халықаралық ынты­мақ­тас­тық орталығы» ашылып, сау­да-саттық жұмыс­тары ерек­ше қарқын алды. Одан кейін пайдалануға беріл­ген «Ал­тынкөл» темір жол бе­кеті көршілес екі ел арасын­да­ғы қарым-қатынас аясын ке­ңейте түсті. Жуырда жаңа­дан салынған төрт жолақ­ты ав­тобанның Қытайға өтетін ай­ма­ғында «Нұр жолы» шека­ра­лық транспорттық өткелі пай­да­лануға берілді. Бұл «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» жобасының дүние­жүзілік сауданың дамуына және мем­ле­кетаралық интегра­ция­ның өр­кен жаюына ықпал ететін болады.
Жаңа кедендегі өткізу пунктіндегі 8 бақылау-өткізу жола­ғының күн сайын жалпы 2500 автокөлікті ары-бері өткізу мүм­кіндігі бар. Олардың 2200-і жүк көлігі, 300-і жолаушылар мінген автобустар және жеңіл автомашиналар болмақ. Аса жо­ғары сапалы технология­лармен жабдықталған кедендік өткізу пунктінде ауыр салмақты жүк автокөліктерді өткізу мерзімі небәрі 40 минутта жасалады. Сонымен бірге, тексеру кешені, жолаушылар терминалы және өткізу пункттері үздіксіз жұмыс істейтін болады. Шекаралық аймақтарда салынған халықаралық маңызы зор нысандарда жұмыс істейтін адамдарға арналған болашақта 100 мың тұрғынға арналған «Нұркент» қаласы бой көтеріп келеді.
Қазіргі кезде жазиралы Жар­кент өңірінде мемлекет бас­шысы Н. Назарбаевтың «Қазақ­стан­дықтардың әл – ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауы мен Елбасының бес әлеуметтік бастамасындағы атап көрсетілген басым бағыт­тарды орындау жөнінде бірқа­тар шаралар атқарылуда.
Атап айтқанда, әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру жөнінде ауданда мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге кезекке тіркелген азаматтардың саны 1927 адамға жетіп отыр. 2015-2018 жылдар аралығында ауданда 10 жалгерлік тұрғын үй және 120 коммуналдық пәтер пайдалануға берілді. Есепті жылы 16118 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 2,1 есеге артты. Жалпы құрылыс салу және жобалау жұмыстарына 2018 жылға бюджеттен 3,5 млрд теңге қаржы бөлінді.
Сондай-ақ, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбека­қы­сын көбейту үшін олардың са­лық жүктемесін азайту мақ­са­тында аудандық бюджет­тен 4000 адамға жалақы қарас­тырыл­ған. Ал, жоғары білім алу­дың қолжетімділігі мен са­па­сын арттырып, студент жас­тардың жатақханадағы жағ­да­йын жақсарту бойынша аудан­дағы 4 колледжде оқитын 2300 студенттің барлығы жатақ­ха­намен қамтамасыз етілген. «Шағын несие беруді көбейту» барысында өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұр­ғындарға биылғы жылдың 9 айында 39 адам 176,5 млн теңге шағын несие алды.
Тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағыты сәтті жүргізілуде. Ауданда Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ инвестициялық серіктесі «АРL Construction» ЖШС бірлесіп Жаркент қаласында газ құбыры мен автоматтандырылғын газ тарату станциясын (АГТС) салып, іске қосты. Қазір аудан орталығындағы абоненттерді газға қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жаркент қаласы бойынша 75 шақырым газ құбыры тартылған. Бүгінгі күні Жаркент қаласы бойынша мыңнан астам жеке тұрғынүй иелерімен газ құбырын тарту бойынша келісім-шарт жасалды. 250 тұрғынүй газға қосылды, 450 жеке тұр­ғынүйде монтаж жұмыстары атқарылды.
Осы бағыттағы іс жүзіне асырылып жатқан жұмыстарға об­лыс әкімі Амандық Баталов тұ­рақты назар аударып, зор қолдау көрсетуде.
Елдімекендерді электр жары­ғы­мен қамтамасыз етуде аудан­дық электр тарату мекемесі ар­қылы 604 млн теңге бөлініп, жұмыстар атқарылды. «Орле Пауэр» ЖШС компаниясы Өсек өзенінің бойына 6 шағын электр станциясын, «Aqua Energу» ЖШС Чехияның инвесторларымен бірігіп, Каскад ГЭС 1 мВт су бөлетін каналдарының контейнерлік түрін салуды жоспарлап отыр.
Ауданда білім беру, ден­саулық сақтау саласындағы ат­қарылған жұмыстар назар аударарлық. Өткен уақыт ішін­де жалпы білім беретін 50 мектеп болса, 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Аудан­дық аурухананың күрделі жөндеуден өткізілуі тұрғындарға көрсетілетін медициналық қыз­мет­тің сапасын жақсартуға мүмкін­дік туғызды. Оған қоса өңірде бүлдіршіндерді балабақ­шамен қамтамасыз ету нақты жолға қойылған.
«Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы аясында бизнес-қауым­дастық құрамындағы іскер азаматтар белсенділік танытуда. Атап айтқанда, жеке құры­лыс компаниясының иесі М.Сейт­беков әлеуметтік әлсіз топ­тағы тұрғындар үшін 5 тұрғын­үй салуға, «Ернар» шаруақо­жа­­лығы­ның иесі Тасқын Жа­пар­құлов 5 жыл ішінде жұмыс­шы­ларына арнап 100 тұрғынүй құрылысын салуға, З.Исма­зов және С.Дифу Жаркент қала­сы­ның көшелеріне 2 LED экран орнатуға, Ж.Аркенов балаларға арналған ойын алаңын салуға ниет білдіріп отыр.
Панфилов ауданының табиғи ресурстары мен қолайлы климаты халықтың демографиялық өсіміне, тұрмыстық деңгейінің уақыт талабына сай өркендеуіне жағдай жасауда. Бүгінгі күні 41 этнос өкілі тұратын Панфилов ауданының халқының саны 130 мыңға жуықтап отыр. Бірлігі бекем, ауызбірлігі мығым, ынтымағы жарасқан Жаркент жұртының әр этностың мә­дениеті мен өнерін, дәстүр-салтын нығайтып, оны насихат­тауға ерекше жол берілген. Бұл – тұрғындарды достыққа, бірлікке, сыйластыққа жол ашатын бірден-бір тәрбие көзі болмақ.
Біз бүгін көбіне арғы дүние­лерді қозғамай-ақ, үстіміздегі жылғы тоғыз ай ішіндегі қол жеткен жетістіктер мен еңбек та­быстарын тілге тиек етіп отырмыз. Бұл ең бірінші «Ел басшысыз болмас» деп, дана халқымыз айтқандай, аудан басшысының жұртшылыққа сенімді жол сілтеп, алда тұрған міндеттерді орындау мақсатын­дағы іскерлігі екендігін айқын­дай­тын негізгі фактор. Өткен жылдың желтоқсан айында Пан­филов ауданы әкіміне таға­йындалған Темірлан Бектасов өрелі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын сараптай отырып, әр саланың өркендеуіне ықпал етуде. Өндірісте де, мемлекеттік қызметте де ұзақ жылдар қызмет істеп, мол тәжірибе жинақтаған әкімнің алдағы уақытта Кеңес одағының 8 батыры, 9 Еңбек ері шыққан Жаркенттің өсіп-өркендеу бағы­тындағы жауапкершілігі жоғары қызметте талапкерлік пен іскерлік танытатындығына сенім зор.
Ғалым Жазылбеков.
«P&H»
Алматы облысы
Панфилов ауданы

Жауап қалдыру