Бензин тапшылығы болмайды

0
21
????????????????????????????????????

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның мұнайды тасымалдау, қайта өңдеу және маркетинг жөніндегі вице-президенті міндетін атқарушы Данияр Тиесов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстарындағы оң өзгерістер туралы баяндады.
– Бүгінде біз мұнай өңдеу зауыттарын мұнайды айдауды жоғарылату бағдарламасына көшірдік. Азияда, Солтүстік Аме­рикада және Еуропадағы зауыттарда жыл сайын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіл­мейді, олар 3-4 жылда бір рет жөндеуден өтеді. Қазір зауыттарымызды үшжылдық жөн­деу кезеңдерге ауыстырып жатырмыз. Бұған екі себебі бар. Біріншіден, зауыттардың техникалық жай-күйін тағы да тексеріп шығу қажет болды, қажетті шараларды жүргіздік. Одан бөлек, ең бастысы – нормативтік базамен жұмыс істедік, себебі қазіргі стандарттар Кеңес Одағынан бері жүргізіліп келді: жыл сайын зауытты тоқтатып, әрбір аппаратты тексеру керек, куәландыру жүргізіп, көптеген мөр соқтыру керек. Қазіргі уақытта бұл жұмыстарды аяқтадық. 2018 жылдан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде зауыттардың біреуі ғана тоқтайтындай циклге көшеміз, – деді Тиесов.
Ұлттық компания өкілдері хабарлағандай, 2018 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауыты ғана күрделі жөндеуге жабылып, жұмысын уақытша тоқтатады.
– Бұл жаңғырту жұмыстары­мен де байланысты, себебі келесі жылы жаңа технологиялық қондырғылар құрылысының үлкен көлемін аяқтаймыз және күрделі жөндеу кезінде екі қондырғыны іске қосамыз. Қалған екі зауыт тек профилактикалық жөндеу жұмыстары үшін тоқтатылады, бірақ бұл біздегі қалыпты процедура, қыс-жаз маусымдарына ауысу кезінде жүргізіледі. Сол себепті, зауыттардың техникалық әзірлігі тұрғысынан бензин тапшылығы болмайды, – деп атап өтті ҚМГ өкілі.

Жауап қалдыру