Бейжіңдегі жүздесу

0
234

Атам қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – деп керемет айтқан ғой. Мемлекет бас­шы­лығына Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Тоқаев келгелі осы мақал ойыма жиі түсе берді.
1990 жылғы маусым айы болатын. Алматыдан белгілі қоғам қайраткері Жекен Қалиев, академик Рымғали Нұрғалиев, жазушы Оразбек Сарсенбаев және мен ұзақ сапарға шықтық. Бағытымыз Мәс­кеу, одан кейін Бейжің. Бе­жіңге ың-шыңсыз жетіп алдық. Сондағы «Ұлттар бас­пасынан» Қалдарбек Найман­баевтың, Оразбек Сар­сен­баевтың, Бақыт Сар­ба­лаевтың және менің кітап­тарым бірге шығып жатқан.
1989 жылы Мәскеу қала­сында өткен дүниежүзілік кітап көрмесінде қазақ­стан­дық «Жазушы» баспасы Кеңестер Одағы бойынша 2-ші орынды иемденген еді. Барып-қайтудың күллі қаражатын баспа төлеп қойғандықтан еш қамсыз жүріппіз. Тіпті іссапарға деп берген 49 доллары да ұсталып кеткен. Қайтар билетке белгі қойғызуға Бей­жің әуежайында әр төл­құжатқа 33 доллар керегін бізге ешкімде ескертпепті. Қазіргідей заман емес. Доллар қат.
«Жан қысылғанда жақы­нын табады» деген бар емес пе? КСРО-ның Бейжіңдегі елшілігіне қоңырау соқ­тым. Елші ертеңінде бізді қабылдайтын болды. Қа­сым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та сол елшілікте істейді екен. Көрген бойда жағдайымызды өз тілімде айта бастадым. Бірден, нақ қай күні қайтатынымызды сұрады. Сұрады да:
– Әуежайға 15 минут ерте келіңіздер. Мен сонда боламын, – деп бір-ақ кесті.
Ұшатын күні әуежайға сәл ертерек жеттік.
– Уәделескендей Қа­сым-Жомарт Кемелұлы ай­тылған уақытта келді. Қасекең ол кезде небәрі үш мүшелдегі жігіт. Ол біздің мәселемізді қолма-қол шеш­­ті де сәт-сапар тілеп қала берді. Одан бері де 30 жыл өтті. «Ашар­шы­лықта жеген құйқаның тоқшы­лықта ауыздан дәмі кетпейді» демекші, қиналғанда жасаған жақсылығынан болар, сол адамгершілік мінезі әлі күнге жадымнан кетпейді. Қарапайымдылық қалпы көз алдымда. Әр қазақ бір-біріне осындай бауыр болса, кәнеки.
Бұл күндері қазақ азаматтары дүниежүзін еркін шарлап жүр. Қарапайым қазақ азаматтарын елші шығарып салғанын осы күнге дейін естімеппін. Әсі­ре­се, әуежәйда:
– Жақсы кітап жазы­ңыздар, Алматыда аман­шы­лықпен жолығайық, – деп қалған еді.
Сапарлас болған төр­теуміз Алматыға жеткен соң да елшілікте істейтін қазақ жігітін көп әңгіме еттік. Абыройы асқақтай берсін деп тілеуін тіледік.

Қазыхан ӘШЕ,
сатирик-жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Жауап қалдыру