Басты бағыт – еңбек адамын қорғау

0
100

Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­да­йындағы дамудың жаңа мүмкін­дік­тері» атты Қазақстан халқына Жол­дауын­да «Еңбек нарығының тиімділігін қам­тамасыз етіп, әрбір адамның өз әле­уетін іске асыра алуы үшін жағдай жа­саудың маңызы зор» деп атап көр­сетілген болатын.
Осыған байланысты Алматы облыстық еңбек инспекциясы басқармасы Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуы, мемлекеттік бақы­лауды қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбек жағдайларын қадағалау, жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарын сақтау жөнінде бірқатар ауқымды шараларды атқаруда.
Сонымен бірге, еңбек заңнама­ларына сәйкес жұмыскер­лер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыз-шағымдарын қарау да ерекше назарға алынған. Оған қоса, еңбекке төленетін жалақы бойынша берешегі бар түрлі мекемелер мен кәсіпорындар жұмысына тұрақты түрде монито­ринг жүр­гізіп, оны түпкілікті жою жөнін­­де ықпалды шаралар жасалуда.
Атап айтқанда, өткен мерзім ішінде басқармаға қарасты мемлекеттік еңбек инспекторлары 2017 жылдың басынан әртүрлі меншіктегі 370 кәсіпорын мен ұйымда тексеру жұмыстарын жүр­гізді. Оған қосымша жоспардан тыс 308 кәсіпорын және іші­на­ра 62 кәсіпорын тексеруден өткі­зілді.
Соның нәтижесінде өткен мерзім ішінде 398 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде, еңбек қатынастары бойынша – 238, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша – 82, тұрғындарды жұ­мыспен қамту бойынша – 78 заң бұзушылық фактілері орын алған. Анықталған кемшілік­терге байланысты 276 ұйғарым берілді. Солардың ішінде еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және қорғау, тұрғындарды жұ­мыспен қамту деректері бойынша берілген ұйғарымдарды ай­туға болады. Жалпы алғанда жауап­тыларға 14,9 млн теңге мөл­шерінде 186 әкімшілік айып­пұл салынды.
Дегенмен, кейбір мекемелер мен бірқатар кәсіпорындар атқа­рылған жұмысқа сәйкес еңбек адамдарына тиесілі жалақы тө­леуде, еңбек қатынастарын заңдастыру және қауіпсіздік ере­же­лерін сақтау бойынша көп қате­ліктер жіберуде. Осындай сал­ғырттықтың салдарынан 2017 жылы басқармаға 866 арыз-шағым келіп түсті.
Мемлекеттік еңбек инспектор­ларының тарапынан жүргізілген арыз-шағымдарды тексеру барысында 57 мекеме мен әртүрлі кәсіпорынның 1021 адамға тиесілі жалақы қарыз мөлшері 90,4 млн теңгеге жеткен. Жоғарыдағы өрескел кемшіліктерге жол берген басшыларға еңбек заңы талаптарын бұзғаны және оны болдырмау шараларына байланысты 57 ұйғарым беріліп, 9,2 млн теңгенің айыппұлы салынды. Қабылданған шаралардың нә­тижесінде жалақы жөніндегі бе­решек толық жабылып, қыз­мет­керлердің құқықтары қор­ғалды.
Жасыратыны жоқ, кейбір жағ­дайдарда жұмысбастылыққа са­лынып, басшылардың еңбек қауіпсіздігін бұзу, құрылыс алаң­дары мен кәсіпорындарда жазатайым оқиғалардың алдын алуға байланысты шаралар жасау назардан тыс қалып қояды. Осындай салғырттық арты орны толмас өкінішке ұласып жатады. Мәселен өткен жылы облыс бойынша тікелей өндіріс орындарында 38 жазатайым оқиға орын алып, 44 адам зардап шекті. Солардың ішінде 8 адам көз жұмып, 34 адам ауыр жарақат алды. Орта және жеңіл жарақат алғандардың саны – 2. Орын алған барлық жағдайлар бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, мән-жай анықталды.
Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы қызметкерлері биылғы жылы да өздеріне жүк­телген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен қарқынды бас­тады. Алайда, жұмысшыларға уақтылы еңбекақы төлеу, еңбек қа­тынастарына байланысты арыз-шағымдар толқыны толас­тар емес. Мәселен, үстіміз­дегі жыл­дың өткен айлары аралы­ғында басқармаға 116 арыз-шағым түсіп, оның 88-іне тексеру жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша шағымданушыларға нақты жауаптар берілді.
Сондай-ақ, мемлекеттік инспекторлар тарапынан жұмыс­шы­лардың арыз-шағым­дары, прокуратураның талап хаттары бойынша жоспардан тыс 21 тек­серу жасалды. Онда еңбек қатынастары бойынша 18 заң бұзушылық анықталды.
Қазіргі кезде еліміздегі белең алып отырған нарықтық қаты­нас­тарға байланысты облыс көлемінде банкроттық жағ­дай­ға тап болған мекемелерде­гі жұмысшыларға берешек жа­лақы қарыздарының өтел­меуі жөнінде дағдарысқа қар­сы 4 рет штаб отырысы өткізілді. Мә­селен, банкротқа ұшы­ра­ған Еңбекшіқазақ ауда­нын­дағы «Маис Агро» кәсіпор­нының 5 қыз­меткердің алдын­дағы қарызы 2,4 млн теңге болса, Іле ауда­нын­дағы «ЮрИнвест­Строй­дың» 8 адамның алдындағы берешегі 2,6 млн теңге болған. Бұл кемшіліктерді жою үшін құзырлы мекемелер мен облыстық кірістер департаментіне нақты тапсырмалар берілді.
Бір атап өтерлігі, жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесі көрсеткеніндей, жалпы еңбек заңнамасы талаптарының сақта­луын тексеру барысында сы­байлас жемқорлыққа жол беріл­мегені айқындалып отыр.
Сондықтан да еңбек адам­дарының мүддесін қорғау – біздің басты бағыттардың бірі болып саналады. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса беретін болады.

Айбек ҚОНАҚБАЕВ,
Алматы облыстық еңбек инспекциясы
басқармасының басшысы.

Жауап қалдыру