Бар үмітім сот орындаушыларында

0
106

Бүгінде елімізде 32 мыңнан астам жетім бала бар. Әкенің жүрек жылуын, ананың аялы алақанын сезінбей өскен бала, бірде аш, бірде тоқ болып ба­лалар үйінде тәрбиеленеді. Ең қорқыныштысы бұл емес. Қор­қыныштысы – болашақта өздеріне пана болған осы жетімдер үйінен түлеп ұшар күннің күтіп тұрғанында. Кәме­леттік жасқа толғаннан кейін олардың ілуде біреуі ғана болмаса, дені өлместің күйін кешеді. Араларынан от баспай, толыққанды тұлға болып қа­лып­тасатындар тіптен сирек. Дей тұрғанмен, қиындықтың қамытына қайыспай, жарқын болашақтан бір сәтке де үмітін үзбей жүргендер де баршылық. Солардың бірі – Серік Кен­жебеков. Редакциямызға бас сұ­ғып, мәселесін айтқан Серік­тің әңгімесінің әлқиссасы тө­мен­дегідей.
«1991 жылдың 29-қыр­күйегінде туылып, 2007 жылға дейін Алматы қаласындағы №3 балалар үйінде тәрбиелендім. Кәмелеттік жасқа толғанша мемлекет қамқорлығында бо­латын көп жетімдердің бірі ретінде, ересектер қатарына қо­сы­лысымен далада қалдым. Үлкен өмірге қадам басқан сәтте, қолдаушы, ең құрығанда жол сілтеп, нұсқаушы ешкімімнің бол­мағандығынан, бойымды үрей биледі. Ендігі өмірім не болмақ деп ойлағанда, ой түбіне жете алмай кететінмін. Ішерге ас табудың қамымен істемеген жұмысым жоқ. Суы тамшылаған жертөлелер, қаңыраған көліктің қаңқалары, баспалдақтардың астыңғы бөліктері түнейтін тұрақты мекеніме айналды.
Күндердің-күнінде анаммен қауышармын деген тілек бір сәт те ойымнан шыққан емес. Сол арман алға жетелеп, тірлігіме мән бергендей. Алайда анамнан еш хабар болмағандықтан, оны өзім іздей бастадым. Сәті түсіп республикалық арналардың бірі мен жайлы хабар дайындап, эфирден анамды іздейтіндігімді айтып, бүкіл елге жайып салды. Кейін белгілі болғандай сол бағдарламаны анам көрген екен. Бірақ нәтиже мен күткендей болмады. Арада бірнеше күн өткенде, телефоныма әлде­кімдер хабарласып, өктем дауыс­пен анамды іздемеуімді, тұтас елдің алдында абыройын айрандай төкпеуімді ескертіп, қорқытты. Жақындарымнан жақсылық күтіп жүріп, таяқ жей жаздағандықтан, кезінде менен бас тартқан адамның жүрегінің әлі жібімегеніне қатты кейідім. Бойымды реніш пен ашу билеп, мәселені заңдық тұрғыда шеш­пекке кірістім.
Алдымен туу туралы куәлік­тегі деректер бойын­ша АХАЖ-ға бас сұқтым. Ондағылар Ал­маты қаласындағы №2 перзент­ханаға жіберді. Мен сонда дүниеге келген екенмін. Анам­ның аты Перизат Кенже­бекова, 1975 жылғы. Сол кезде 16 жастағы қыз өзінің алданып қалғандығын айтып, мені босанған соң, 5 күннен кейін тастап, өз жөніне кете барған. Ондағылар қолыма анам­ның менен «Бас тартқаны туралы» бір жапырақ қағазды ұстатты. Анамның аты-жөнін білген­діктен, оның қайда жүргендігін анықтау оңайырақ болды.
Әр жерде жұмыс істеп, ішіп-жемімнен үнемдеуге тура келді. Азғантай жиналған қа­ра­жатқа заңгер жалдап, тағды­рым­ды тәлкек еткен адам­ды сотқа бердім. Менің бұл әрекетімді құптамай, анаң­ды кешіре салғаныңнан артығы жоқ дейтіндер көп. Оның дұрыс еместігін өзім де біле­мін. Алайда кінәсіз сәбиін керек ет­пеген әр ана осылай істеп, оларға ешқандай шара қолда­нылмайтын болса, ертеңіміз не болмақ. Оларға қандайда бір тұсау болуы керек шығар. Мен алты жыл далада, кезбе болып, былайша айтқанда ұшарымды жел, қонарымды сай біліп, белгілі бір мекенсіз жүрдім. Тағы сонша жүрсем де ештеңе бол­майды деп ойлаймын. Айтпағым, анамды сотқа беруім пайда көру емес. Осы тәріздес жағ­дай­лардың алдын алуға, болдыр­мауға үлесімді қосу. Бүгін мен қоғамда резонанс тудырсам, ертең оны көрген жас қыздар шалыс басып біз де осындай масқара болып жүрмейік деп аз да болса ойланар еді.
Осы ойдың басшылығымен анам Перизат Кенжебекова Жамбыл облысында тұратын­дықтан, Тараз қалалық сотына шағым түсірдім. Көзінің тірі­сінде тірі жетім етіп, өмір бойы жылатып өткені үшін моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге талап еттім. Сотта жеңіп, 2014 жылдың 12-қыркүйегінде сот анамның жұмыс жасамай­тын­дығын ескеріп, оған 5 мил­лионның орнына 300 мың теңге моральдық шығын өтеуді міндеттеді. Одан бері екі жылға жуық уақыт өтті. Анамның шешімді орындайтын түрі жоқ. Ендігі кезекте бұл істегі бар үмітім сот орындаушыларында».
Серік КЕНЖЕБЕКОВ

Жауап қалдыру