Бабалардың асыл арманы

0
116

Ел мен жер деген – мәңгілік қастерлі ұғым ғой. Осы екі сөз Тәуелсіздіктің мәнін терең ұғынуға үндейді. Бүгінде қазақ халқы атасында көрмегенді ботасында көріп отыр. Ол – ұлттың ең басты құндылығы тәуелсіздік! «Үстіде көк Тәңірі, астымызда қара Жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған екен, Адам баласы үстінде ата-бабам Бумын қаған, Естеми қаған отырған екен» деп көне түркі мәтіндерінде жазылғандай, біз қазақ халқы ерлікті ту еткен, бостандық сүйгіш халық едік. Сол үшін «Қазақ» болып атандық.
Амал нешік, ақ бостандықтың жолында қысқа жіп күрмеуге келмеген кездер де болды. Сол себептен, «Елді халық едік, елім қайда? Қағанды халық едік, қағаным қайда? Енді кімге ел жасап беремін?» – дегендей кіріптар, бодан күндерді де бастан кештік. Бірақ жоғарыда Көк Тәңірісі ата-бабамыздың киелі жері мен суы, қазақ халқы жойылмасын деп, Ел болсын деп өз сүйген құлын төбесіне көтерген екен.
Осылайша, Қазақ халқы ғасырлар бойы төккен қан мен аққан тердің бодауына тәуелсіздік алды. Тәуелсіздік алған қазақ халқы күллі түркінің қара шаңырағында, шығыс-батыс екі дүниенің түйісінде мүлде жаңғырған, жаңа мемлекет құрды. Демек, ұлтымыз рухани жаңғырудың жаңа белесінде тұрып, жүрек тебіренісімен өткен мен кемел келешекке көз жүгіртіп Жаратқанға шүкіршілік етеді.
Бүгінгі «Мәңгілік Ел» идеясы тарих бедерінде «мың өліп, мың тірілген халықтың» ендігі жарқын болашағына деген сенімі мен серті. Бүгінгі баянды әрекет «Мәңгілік ел» құру жолындағы жасампаз бастамалардың нақты көрінісі. Көне түркі бабаларымыз ел үшін, жер үшін «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай» «аз халықты көп қылу, шығай халықты бай қылу» үшін, «Мәңгілік Ел» тұту үшін Өтікен қойнауында орда тіксе, Елбасымыз киелі Қазақ жерінің кіндігі Астананы таңдады. Мо­йындамағысы келгенді мо­йындатты. «Басы барды идірді, тізеліні бүктірді». Ел ішіндегі халқын «от-су» қылмады. Сол арқылы Қазақ елін қауіп-қатерге ұрындырмай дамудың даңғыл жолына салды. Уақыт көрсеткендей, елдегі ұлтаралық татулық, тіл саясатындағы салмақты қадамдар біздің қоғамның дамуындағы бірден-бір алғышарт екенін дәлелдеді.
Күлтегін бабасы айтқандай, «жоғарыда Тәңір баспаса, төменде Жер айырылмаса, қазақ халқы еліңді, төріңді кім алады? Ынтымақ керек!» – деді. Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдары әлемде жаңа геосаяси жағдай мен әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс орын алып жатқан тұста жариялануы, өзінің тарихи салмағы мен маңызын анық аңғартып тұрғандай.
Елімізде Тәуелсіздік нәти­же­сінде жүзеге асырылып жатқан игі шаралар баба­ларымыздың асыл арманы болатын. Қазақ даласының шығысы мен батысын көлденеңінен тура жалғау соның бір дәлелі. Оның игілігін халық бірден көре де бастады. Тұйықтағы Жезқазған транзиттік қалаға айналды. Келешекте, Балқаш пен Бұқтырмаға көпір түсіп, еліміздің шалғай аудандарына түгелдей ұшақ қатынап жатса, оған да таң қалмаймыз. Тек, мәңгілік тәу етер тұғырымыз – Тәуелсіздігіміз жасай берсін!

Әзірлеген Бақытжол КӘКЕШ

Жауап қалдыру