Қазақстанды шикізаттық отынға тәуелділіктен қалай арылтуға болады?

0
132

Күзде орын алған көмір тапшылығы біраз елді бүрсең қақтырғанын, мәселе үкіметтік дең­гей­ге дейін көтеріліп, қытымыр қыс түсе бірақ ше­шіл­­генін ұмытқамыз жоқ. Әсем Алматы үшін «қалып­ты жағдай» боп кеткен көк түтін биыл арқаға жетіп, Астана аспанын торуылдағанына да көп өте қоймады. «Болашақтың энергиясы» тақы­ры­бында ЭКСПО көрмесін өткізген билік енді Аста­наға газ тарту мәселесімен басын қатыруда. Бұның барлығы халықты отынмен қамтамасыз ету саласындағы қордаланған проблемалардан хабар беріп тұр. Қоршаған орта барлығымызға ортақ болғандықтан мәселе әлемдік сарапшыларды да бейжай қалдырмауда. Таяуда HUFFINGTONPOST.COM сайтында қоршаған ортаға қауіп-қатер мәселелері бойынша Сингапурда тұратын америкалық кеңесші Рэйчел Уиллистің Қазақстанның жасыл экономикаға өту мүмкіндіктері мен оның жолында кездесетін кедергілер туралы сараптамалық материалы жарық көрді. Мақаланы ықшамдап, оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
Мұнай бағасының барреліне 100 доллардық деңгейден төмен­дегеніне 3 жылдан асып барады. Алайда Қазақстан үкіметі Орталық Азиядағы бай мұнай қорына иек артып, жаңа шынайы жағдаймен ескіше күресуін жалғастыруда. Бүкіләлемдік банк­тің аға экономисті Ганс Тиммер жуырдағы сұқбаттарының бірінде Қазақстан мен оның көрші елдеріне шикізаттық отынға тәуелділіктен арылып, жаңғыртылатын энер­гетикалық секторларға көптеп инвестиция тартудың қажеттілігіне тоқталды. Бұдан бас тарту – экономиканы тоқыратып, экологияға нұқсан келтіруі ықтимал.
Мұнайдың ірі экспорттаушысы әрі өз аймағында алып экономи­калық әлеуеті бар Қазақстан жаңғыр­тылатын энергия көздері секторын кеңейтіп, үлкен мақсаттарды жүзе­ге асырарлықтай импульске ие. Жуырда ғана өткізген халық­ара­лық көрме тақырыбын – «Бо­лашақтың энергиясы» деп алуы соның дәлелі. Қазақстан өз амбициясына қол жеткізу үшін бірінші кезекте жеке инвесторларды тартуға жұмыстанып, кеңестік сар­қын­шақтардан арыла алмаған беріштік (склерозный) іскерлік климатын реформалауы тиіс.
Елдегі 4,8 миллиард тоннаға тең көмірсутектің анықталған қоры әлемдегі ірілердің қатарына жатады. Қазақстан осы ресурстардың арқасында өзін Кеңес Одағының қирандысынан аман алып шығып, экономикасын он есе ұлғайтты. Қылмыс, кедейлік, экстремизм өр­шіп тұрған көрші елдерімен са­лыс­тырғанда Қазақстанда бір­ша­ма тыныштық пен береке орнаған.
Әлбетте, бұндай өсім үшін белгілі бір деңгейде құн төледі. Бүгінде Қазақстан жер шарындағы ең ластанған елдердің бірі. Көптеген көмірқышқыл құрылғылары (углекислотные установки) мен қауіпті қалдықтар су мен топыраққа сіңіп қалған. Кеңестік ауыр өндірістің мұрагері де осы ел. Үкімет соңғы жылдарға дейін экономикалық даму жолында бұндай теріс әсерге көз жұмып қарады.
Алайда 2014 жылы мұнай баға­сының арзандауы, басты сауда серіктестер Ресей мен Қытай дамуының баяулауы Қазақстанға қатты әсер етті. Мұнай өндіру көлемі кемігендіктен, жыл басында 4,2 пайыз өсу қарқынына ие болған ЖІӨ жыл соңында 1 пайыздық көрсеткішке дейін құлап, жиырма жылдағы ең төменгі өсімді көрсетті. Осы тағылеттес соққылар Қазақстанның көмірсутекке шектен тыс тәуелділігін, экономиканың басқа салаларының кенжелеп тұрғандығын әшкереледі.
Нәтижесінде президент Назарбаев бірқатар реформаларды жүзеге асырып, Қазақстан өңірдегі жаңғыртылатын энергия көздерінің ірі қолдаушысы болып шыға келді. Ел үкіметі «Жасыл энергия концепциясы» саясатын енгізу жолында БҰҰ-ның даму бағдарламасымен және бірнеше серіктеспен әріптестік орнатты. Ол Қазақстанның алдына бірнеше міндеттеме қойды. Солардың ішінде 2050 жылға дейін өндірілетін энергияның 50 пайызын жаңартылатын энергия көздері құрауы тиіс деген міндеттеме бар. Қазақстан бұл мақсатты жүзеге асыруда Еуропа қайта құру және даму банкі, тұрақты энергетика саласындағы ірі инвесторлар сынды негізгі қаржы институттарымен әріп­тестік байланыс орнатты.
Қазақстан шынымен де жел мен күн энергиясын өндіру бо­йын­­ша ауқымды жобалар жасауда ірі әлеуетке ие. БҰҰ-ның даму бағдарламасының есебінше, елдегі жел энергиясының мүм­кіндігі қолданыстағы энергия өндірісінен он есеге асып кетеді. Алайда инвесторлар үшін оны жасау құны қымбат әрі машақаты көп. Қазақстан әліге дейін электроэнергияны жеңіл алу тәсіліне назар аудармауда. Соның салдарынан елдің солтүстігіндегі жел энергиясы жобалары тоқтап тұр.
Алайда елдегі коррупция, шетелдік инвесторларға қырын көз­қа­рас, құқықтық жүйедегі кем­шілік­тер ықтималды инвестор­ларды үркітуде. Шетелдік фир­­малар бизнестегі басты ке­дер­гілердің бірі ретінде осы жем­қор­­лықты атайды. Қазақстан Transparency International ком­пания­сының ғаламдық рейтингінде «Жемқорлықты түйсіну индексі» бойынша 131-орында тұр. Сот төрелігі жүйесін терең жемқорлық жайлаған. Соттар саяси элита бақылауында. Сот процесінің әр кезеңінде жағымды нәтижеге қол жеткізу үшін пара беру жиі ұшы­расады. Салықтық әкімшілік пен өзге де мемлекеттік қызметте жем­қорлық «қыз-қыз қайнауда». Ком­паниялардың 25 пайызы салық қызметкерлерімен кездескенде олардың қолдарына сыйлық ұста­та­тындығын айтқан.
Шетелдік инвестицияны рет­тейтін заңдар жетілмеген жә­не дұрыс орындала бермейді. Мәселен энергетикалық аукцион­­дарға, электроэнергиялық концес­сияларға және осыған жақын салаларға қатысты үкіметте танысы бар ойыншыларды көтермелеу тенденциясы белең алған.
Егер аталмыш проблемалар шешімін таппаса, Қазақстанның жасыл экономикаға өту ұмтылысы «Бола­шақтың энергиясы» тақы­ры­­бындағы көрмесі сынды сәтсіз болмақ. Сыншылар көр­мені мұ­найға тәуелді елдің таңға­­лар­лық­тай экономикалық түрленуге қол жеткізгендігіне шетелдік инвесторларды сендіруге талпыныс жасауы ретінде бағалады. Астана бұндай құйтырқылықтың ұдайы жалғаса бермейтіндігін түсінуі керек.

Аударған
Меліс СЕЙДАХМЕТ

Жауап қалдыру