Астанада бос жұмыс орындарының кезекті жәрмеңкесі өтті

0
189

17-мамыр күні «Жастар» сарайында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.
«Бүгін біз кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізіп отырмыз. Бұл биылғы жылы төртінші жәрмеңке, ал жыл соңына дейін тағы 5 жәрмеңке өтпек. Жыл басынан бері үш жәрмеңке өтті, оның екеуі мүм­кіндігі шектеулі жандарға ар­нал­ған. Өткізілген шара­лар­дың нәтижесінде 160 адам жұ­мысқа орналасты», – дейді Ас­тана қа­ласы  әкімдігінің жұ­мыс­пен қамту орталығының дирек­торы Олжас Омар.
Бос жұмыс орындарын 60 жұмыс беруші ұсынды. Атап айтқанда, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс саласы, қонақ үй, автопарктер, ішкі істер саласына байланысты 1500 бос қызметтер ұсынылды. Сонымен қоса, шара аясында барлық қатысушыларға әлеу­мет­тік дәрежесін анықтау мүм­к­індігі берілді.
«Жәрмеңкеге жаңа қызмет­керлер табуға келдік. Бізге: есепші, әрлеуші және кеңсе қыз­­метшісі сынды бірнеше ма­мандар қажет. Мұндай шара­­ларға үшінші жыл қатысудамыз, жәрмеңке барысында жұмысқа алынған қызметкерлер компа­ния­мызда қазір де қызмет атқарып жүр. Бұл жұмыс берушілер мен жұмыс іздеуші­лердің арасындағы тиімді, әрі нәтижесі мол құрал», – дейді «Комплект Сервис KZ» ЖШС басшысы Фания Капизова.
Астана қаласының статис­тика департаментінің ресми мәлі­метіне сәйкес, 2017 жыл­дың 1 тоқсанында Астанада жұ­мыссыздық деңгейі 4,6% құраған. Елорда жұмыссыздар санының аздығы бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл көр­сеткіш республикалықтан 0,3 %-ға төмен. Ститистика мәлі­меті бойынша, Астанада 6 мың жаңа жұмыс орны құрылған, оның ішінде шағын және орта бизнесте 5 мың орын ашылған.
«Мамандығым бойынша – есепшімін. Жұмыс іздеп жүр­геніме екі жыл болды. Менің қалауым бойынша, яғни тату ұжым, күдік тудыр­май, нағыз жұмыс істейтін сенімді компания және қызмет баспалдағымен көтерілуге мүмкіндік беретін жұмыс таба алмадым. Мен осы жерде бірнеше мекемеге түйіндемемді тастап кеттім, енді шақыртуларын күтем. Тиімділігі – жұмыс берушімен тікелей сөйлесе аласыз. Өзің туралы ақпарат қалдырып, әңгімелесіп, өзіңді қызықтырған сұрақтарға жауап алып, жалақысы туралы біле аласыз, – дейді жұмыс іздеушілердің бірі Альфия.
Астана қаласы тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жыл басынан бері өздеріне жұмыс тауып бе­руге 6000 адам өтінген. Оның 58%-ы жұмысқа орналас­ты­рылған. Дәлірек айтсақ, 2188 адам, оның ішінде жастар тәжі­рибесі бойынша – 331 маман еңбекпен қамтылған. 117 азамат әлеуметтік жұмысқа қабылданған. Ал 1028 адам уақытша жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда Астана қаласы тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының базасында 8 мың бос жұмыс орындарын ұсынған 971 жұмыс беруші тіркелген.

Дастан ҚАДЫР.

Жауап қалдыру