Астана дипломатиясының жетістігі

0
38

Үстіміздегі жылғы 4-ақпанда Анкарада Халықаралық «Эко-Еуразия» экономикалық қатынастар қауымдастығының ұйым­дастыруымен «Астанадан Женеваға: Сирия бейбіт келіссөзі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынға Қазақстанның Түр­кия­дағы Елшілігінің Уақыт­ша сенімді өкілі Ә.Есен­гел­диев, «Эко-Еуразия» қауым­дас­тығының төрағасы Хикмет Ерен, Йылдырым Баязит уни­верситетінің профессоры Салих Йылмаз, Халықаралық қа­тынастар және стратегиялық сараптама орталығының сарапшысы Жан Үнвер, Түркияның белгілі саясаттанушы ғалым­дары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияда құттықтау сөз сөйлеген Қазақстанның Түр­киядағы Елшілігінің Уа­қытша сенімді өкілі Ә.Есен­гелдиев ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халыққа жолдаған арнайы Үн­деуі туралы мәлімет беріп, «Қа­зақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдаудың негізгі басым­дылықтарын атап өтті. Сон­дай-ақ, Сирия мәселелерін реттеу жөнінде Астанада өткен ке­ліссөздерге қатысты Қазақ­станның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнап, беки түсуіне мүдделілік танытатындығын жеткізіп, конференция қатысушыларына алғыс айтты.
«Эко-Еуразия» қауымдас­ты­ғының төрағасы Х.Ерен өз сөзінде Астананың әлемдік бей­бітшіліктің орталығы мен нышанына айналғанын, Сирия мәселесін реттеуге қатысты кепілдік берген Түркия, Ресей және Иран мемлекеттері қатарында Қазақстанның қос­қан үлесінің зор екенін атап өтті. «Осы тұста Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев аз үлес қосқан жоқ. Сондықтан да Сирия ахуалын шешуді көздейтін келіссөздердің Астанада өтуі тосыннан емес. 2015 жылы Астанада жекелеген сириялық оппозиялық топтар арасындағы келіссөздердің 2 раунды өткен болатын. Қазақстан тарапы сириялық босқындардың бейнетін жеңілдету үшін 700 мың доллардан астам қаржы бөлді, таяуда азық-түлік түріндегі 500 тонна гуманитарлық жүк жө­нелтті. Астанада өткен келіс­­сөздер барлық мүд­делі тарап­тардың БҰҰ қамқор­лығындағы женевалық процесс аясында сириялық дағдарысты оңтайлы шешуді қамтамасыз етті және Сириядағы бейбітшілік пен тұрақ­тылықты орнату ісіне ла­йықты үлесін қосты деп сенімді түрде айтуға болады,» – деді Х.Ерен.
Жиынның бас баяндамашысы Йылдырым Баязит уни­верситетінің профессоры С.Йыл­маз 2017 жылдың 23-24 қаңтар күндері аралығында Аста­нада өткен келіссөздердің оңды нәтижеге қол жеткізген­дігін айтты. «Астана келіссөзі аяқталғаннан кейін жасалған мәлімдеме бойынша тараптар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қабылдаған шешіміне назар аударды. Бұдан кейінгі келіс­сөздер осы шешімнің негізінде жалғасатын болады. Әрине, бұл жағдай саяси реттеуге жол аша­тындығы мәлім. Бұдан бұрын Сирияда оқ атпау туралы уағдаластыққа келіп, саяси тұрғыдан ретке келтіру үшін таласқа түскен тараптар шақырылған болатын. Бұл процесті БҰҰ бақылайтындығын жеткізді. Осы тұрғыдан келгенде, Астана процесі өз міндетін толық орындады. Ал не себептен Астана? Неліктен басқа батыстық мемлекет емес? Өйткені батыстың кез келген елі өз тұрғысынан таразылайтындығы мәлім, ал Астана Батыс пен Шығыс аймағының кіндігі болып табылады. Екіншіден, Қазақстан саяси-экономикалық саласын ұдайы жаңартып, көпвекторлы бағдар ұстанып келеді. Бұған Қазақ­станның Президенті Н.На­зарбаевтың биылғы жылы ха­лыққа арнаған Жолдауы куә. Үшін­шіден, Түркия мен Ресейді татуластырған бірден-бір мемлекет Қазақстан екені белгілі», – деп баяндады.
Халықаралық қатынастар жә­не стратегиялық сараптам­а орта­­лығының сарапшысы Ж.Үн­вер Қазақстанның ұстан­ған сыртқы саясатының бей­біт­­ші­­лікке негізделгендігін тілге тиік етіп, Астана про­це­сінің қа­зақ дипло­матия­сының жетіс­тігі екендігін айтты.

Мәлік ОТАРБАЕВ

Анкара,
Түркия

Жауап қалдыру