Астана бюджеті 13,9%-ға артық орындалды

0
137

Қала бюджеті жеке кіріс бойынша 2017 жылдың қаңтар-сәуір аралығында жоспарын 113,9% орындады. Бұл туралы Астана мәслихатының кезектен тыс сессиясында мәлім болды.
Сессия жұмысына Астана қаласы әкімінің орынбасарла­ры Андрей Лукин, Қосман Айт­мухаметов, қала, аудан ап­параттарының әкімдері, департамент, басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
2016 жылы жалпы қала бюджетіне 431 млрд 668,5 млн теңге түскен. Бюджет жоспары 7 млрд 489,4 млн теңгеге артығымен орындалды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин нақтыланған бюджет жобасын ұсынды.
– Қала бюджеті жеке кіріс бойынша осы жылдың қаңтар-сәуір айларындағы жоспарын 113,9%-ға орындалды. Осы­ған орай елорда бюджетінің кіріс бөлігін 9 млрд 187 млн теңгеге ұлғайту және 15 млрд теңге сомасында мемлекеттік құнды қағаздарды пайдалану ұсы­нылды, – деді Андрей Лукин.
А.Лукиннің айтуынша, «Алматы», «Есіл», «Сарыарқа» аудандары әкімі аппараттарына елдімекендерді санитарлық тұрғыда қамтамасыз ету, көгалдандыру және абаттандыру үшін қосымша қаражат бөлінеді. Сонымен қатар, ІІД қызметкерлеріне ЭКСПО-қала­шық аумағын тәулік бойы кү­зетуде тамақпен қамтамасыз ету үшін қосымша қаражат бөлінеді.
Бұдан бөлек, қосымша қаражат Талдыкөлдегі ағынды суды жою үшін және шағын Та­лдыкөл аумағында жерасты суларын ретке келтіру қарастырылмақ. Көлік жолдары басқармасына автожолдарды қамтамасыз ету үшін жолақтар салу және жөндеу жүргізу бағытында ақша бөлінеді.
– Комсомоль ауданындағы тұрғынүй аумақтарындағы бар­лық әлеуметтік нысандарға дәліз жолдар салынады. Мұндай жұмыстарды теміржол вокзалы, жасыл орам және «Жағалау» тұрғынүй кешенінде жүргізу жоспарланып отыр, – деді қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов.
Бұдан бөлек, мәслихат сессиясында «Астана қаласының 3-нау­рыздағы шешіміне өзгеріс­тер енгізу туралы», «2016-2018 жылдары жүзеге асыруға жоспарланған мемлекеттік-жеке меншік жоба тізімдері туралы», «Астананың жеке көшелерінің атауларын меншіктеу туралы», «Астана қаласындағы бала­бақшалардың құрылысы мен пайдалануға беру» және тағы басқа мәселелері де қаралды.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ

Жауап қалдыру