Қаржыны тиімді пайдаланбаған үкімет сынға алынды

0
142

Қаржының орнымен пайдаланбайтыны туралы сенаторлар аз айтып жүрген жоқ. Бұл жолы да аянып қалмады. Таяуда 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беруге келген Үкімет мен Есеп комитетінің есептері тағы сынға ілікті.
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров өңірлердің әлеу­меттік-экономикалық дамуы айрықша назарда екенін айта келіп: «Осы бағыттағы бағ­дарламаларды іске асыруға республикалық бюджеттен жыл сайын айтарлықтай қара­жат бөлінеді. Сол қаржыны тиімді пайдалануда үнемі кемшіліктерге жол берілуде. Соның салдарынан азаматтарды әлеуметтік қолдау және ел экономикасының дамуына қатысты индикаторлар бойынша әлі де қажетті жоғары межелерге қол жеткізілмей келеді», – деді.
Сондай-ақ сенатор тағы бір өзекті мәселелердің бірі жергілікті бюджеттердің рес­публикалық бюджеттен берілетін трансферттер мен субвенцияларға тәуелділігі жылдан-жылға артып келе жатқанын айта келіп, салыстырмалы түрде айтқанда, 2018 жылғы республикалық бюджеттен өңірлерге берілген субвенцияның көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге өскенін және 1 триллион 573 миллиард теңгені құрағанын атап өтті.
Сенатор Н.Бекназаров бюд­жет қаражатын нәтижелі игеруге бағытталған жүйелі және кешенді жоспарлау жұ­мыс­тарының қажетті дең­гейде жүргізілмейтінін, әзір­ленген және сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжат­тамалардың 32%-ы ғана жүзеге асырылғаны, қалғандарының үш жылғы кезеңде іске аспай, ескіріп немесе қосымша қаражат бөле отырып, жаңа сараптама жүргізуді қажет етіп отырғанын сынға алды.
Депутат «Цифрлық Қазақ­стан» мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында Құқық қорғау органдарын цифрлан­дыруға қатысты 2 жобаны жүзеге асыру барысында қаржының толық бөлінбеуінің себебінен инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздерінің мерзімі өтіп кеткенін мысалға келтірді. «Бағдарламаның уақтылы қаржыландырылуы, түзету және алдын ала бағалаудың жоқтығынан «Қазақстан Рес­публикасының шағын қалаларының жедел басқару орталықтарын құру және жүзеге асыру» жобасы бойынша сатып алынатын жабдық­тардың көпшілігі қазіргі талаптарға сай емес немесе өндірістен алып таста­лынған» деген сенатор осының салдарынан бюджет қаражаты тиімді пайдаланыл­май, мемлекеттік бағдар­лама өз мерзімінде орындалмай отырғанына өкініш білдірді.
Сенатор өз сөзінде мәлім еткендей, Бас прокуратураның «Электрондық қылмыстық істер» модулінің іске қосы­луына байланысты Ішкі істер министрлігінің «Тергеуші» автоматтандырылған ақ­парт­тық жүйесі» атқаратын функциясын қайталау орын алған, сондықтан тех­ни­ка­лық-экономикалық негіз­де­мені қайта түзету қажет­тілігі туындаған.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті мә­селе екенін алға тартқан сенатор Үкіметтен алдағы уа­қытта республикалық бюд­жетті қарау барысында құқық қорғау органдарын және сот жүйесін цифрландыру бағдарламасын толық қар­жыландыру мәселін назарға алуды ұсынды.

Әділбек ҚАБА

Жауап қалдыру