Арыстанбек Мұхамедиұлы: Қазақстандықтардың 83 пайызы қазақ тілін меңгерген

0
63

27 наурызда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Са­ғынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет оты­рысында мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы Қазақстанда тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы мен 2017 жылдың негізгі қорытындылары туралы баяндады.
Жыл сайынғы жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сәйкес 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі – 83,1 пайызды құраған. Үш тілді меңгерген ересек тұрғындар үлесі – 22,3 пайыз­ды құрады.
Мәдениет және спорт ми­нистрінің айтуынша, «Үш тілді меңгеру аясында мемлекеттік қызметшілерді оқытуды ұйымдастыру» жобасын іс­ке асыру мақсатында 2017 жылы орталық ат­қарушы органдардан мемлекеттік тілді оқыту курсына 610 адам қатысқан.
Сонымен қатар, Қа­зақ­стан­да 89 өңірлік мем­лекеттік тілді оқыту орталықтары жұмыс істейді. 2017 жылы тіл оқыту орталықтарында 58 348 адам мемлекеттік тіл оқыту курстарынан өтті.
Бұдан өзге, өткен жылы 17 балалар әдебиеті, 14 сөз­дік, 14 ғылыми-танымдық әде­биет, 16 оқу-әдістемелік құрал шы­ғарылып, республика бо­йынша таратылды.
Интернет көздеріндегі балалар контентін ұлғайту мен мемлекеттік тілдің жастар арасында қолданылуын арттыру мақсатында «Қазақ­стан» телеарнасында «Енші» зият­керлік бағдарламасы шыға­рылды.
Министр Арыстанбек Мұ­ха­­медиұлы 2017 жылдың қо­ры­тындысы бойынша жал­пы мемлекеттік тілдегі құ­жат айналымның үлесі 92 пайызды құрағанын айтты. Оның ішінде орталық атқарушы органдарда – 89%, жергілікті атқарушы органдарда – 93,3%. Ақпарат және ком­муника­циялар министр­лігінің ұсын­ған мәліметіне сәйкес, бұқа­ралық ақпарат құрал­дарын­дағы қазақ тіліндегі контент­тің үлесі 72% пайызды құрап отыр.
«Мемлекеттік тілдің қол­да­нылу аясын кеңейту мақ­са­­тында құрылған «Tilalemi.kz» порталы, оно­мас­ти­ка­лық атаулардың тарихы, эти­мологиясы, жасалу ерекшеліктері туралы таным­дық сипаттағы «Atau.kz» оно­мас­тикалық элек­трон­дық базасы, графика мен орфографияға қатысты мәліметтер мен сөз­діктерден тұратын «Emle.kz» орфографиялық электронды базасы, сондай-ақ сала­лық терминологиялық сөз­діктер, терминология бойынша мақалалар мен еңбектер орналасқан «Тermincom.kz» электронды база­сы­ның жұ­мыс­тары одан әрі жетіл­ді­рілді, – деді А. Мұхаме­ди­ұлы.
2017 жылы «Тіл медиа» үш тілді сайты құрылды. Сайт қазақ, орыс, ағылшын тілдерін насихаттап, оның әдістемесін, қолданылу аясын кеңейтуге жан-жақты ық­пал етеді. Сондай-ақ ба­ла­ларға арналған «Бала тілі» сайты әзірленіп, іске қо­сылды. Алғаш рет, барлық салада қолданылатын құжат­тардың қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген «Құжат» сайты іске қосылды.
Мәселені қарауды қоры­тындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тілдерді дамыту және оларды қолдану жө­ніндегі бағдарламаны жү­зеге асырудың жақсы көр­сеткіштерін атап өтті.
– Есепті кезеңде Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мониторингі оң үрдіс­терді көрсетеді. Нақты нәти­желерге қарамастан, кейбір мәселелердің шешімін табу қажет, – деді Бақытжан Са­ғын­таев.
Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік бюджеттен тілдерді қолдау және оқыту үшін арнайы әдебиеттерді құруға елеулі қаржы ресурстары бө­лінетінін еске салды. Осы­ғ­ан байланысты халық арасында сұранысқа ие болатын заманауи оқу құралдарын және балалар кітаптарын шығару қажеттілігіне назар аударылады.
Сонымен қатар қазақ тілін латын графигіне көшіруді жүзеге асыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүр­гізуді жандандыру қажет. Әліпбиді біртіндеп аударуды қамтамасыз ету үшін тиісті іс-қимыл жоспары бекітілді. Соған орай барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарға Жоспардың іс-шараларын уақытында орындауды қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді.
Үйлестіру жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевқа жүктелді.

primeminister.kz

Жауап қалдыру