Арыстағы тазалау жұмыстары

0
63

ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы оқ-дәрі қалдықтары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір Арыста мобильді топтар мен саперлер тобы тұрақты жұмыс істеуде. Өз­дері тексеру жүргізіп, қауіпті зат­тарды алады. Табылған қалдықтардың 90 пайызы қауіпсіз, олар – жай ғана металл сынықтары. Бірақ, кейбір заттарды кескенде немесе отқа салғанда қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан, бағалы металл деп құнықпай, мамандарды шақырған жөн», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, негізгі жұмыстар әскери бөлім айналасында және арсенал ішінде жүріп жатыр және тазалау жұмыстары тағы 1-2 айға созылуы мүмкін.
«Қалған оқ-дәрілер арсе­налдан шығарылады және қауіпсіз қоймаларға тара­ты­лады. Немесе тиісті орган­дарға утилизацияға бері­леді немесе қаладан 60 шақырым жерде жару жолы­мен жойылады», – деді Н. Ермекбаев.
Тексеру жұмыстары аяқ­талған соң, қанша тонна оқ-дәрінің жарылып кеткені және қан­ша шығын келгені анық­талады.
«Оқ-дәрілердің жартысынан астамы жарылып кетті. Өрт сөндірушілер екінші және үшінші базадағы өртті сөндіру арқылы, инженер­лік оқ-дәрілерді сақтап қалды. Арсеналда авиация­лық снарядтар мен теңіз оқ-дәрілері ешқашан сақтал­ма­ған», – деп түсіндірді ми­нистр.

Айжан Серікжанқызы

Жауап қалдыру