Арандатушыларға алданып қалмайық, ағайын!

0
90

Соңғы күндері әлеуметтік желіде жер дауына қатысты жаңа сыбыс желдей есті. Аты-жөні белгісіз автордың «14 ақпаннан бастап жер шетелдіктерге сатылады. Парламент жаңа заңды жасырын қабылдап жіберді» деген сарындағы жазбасы қызу талқыға түсіп, тарап жатыр. Бұл не сонда? Елбасымыз жариялаған мораторий қайда? Бұл жазбаның артында кім тұр? Жер туралы жаңа заңның мазмұны қандай? Осы сауалдардың жауабын Жер реформасы жөніндегі комиссияның құқықтық жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжанға қойып көрген едік.
– Мұхтар аға, әлеуметтік желіде жер дауы қайта өріс алып жатыр. Аттаншыл қа­уымның айтуынша, Жер реформасы туралы жа­ңа заң Елбасымыз жария­лаған мораторийдің күшін жояды-мыс. Бұл қан­ша­лықты шындық?
– Бұл хаттың авторы жоқ. 100% өтірікке құралған және халықты адастырып, аран­датуға бағытталған. Өйт­кені біз ұсынып отырған заң жобасы Елбасымыз жа­рия­­лаған мораторийге ке­ре­­ғар келмейді. Бұл заң ауыл­дағы ағайынды жайы­лым­дық жермен, үй салуға ар­нал­ған 10 сотық жер телі­мімен қамтамасыз етуді және латифундистердің жо­лын кесуді көздейді. Әрі шетел­діктерге жер беру мүмкіндіктерінің барлық жолын жауып тастайды.
Заң жобасы жер ко­мис­сиясының 11 шешіміне сай да­йындалды. Оның құра­мын­да қандай азаматтар бол­ды? Олар халыққа зиян­­ды шешім қабылдай ала ма? Мен Астана қала­сына арнайы келіп, осы жұмыстардың бар­лы­ғын қадағалап жүр­дім. Сон­дықтан бұл хат­тың астарында аран­да­тушы­­лықтың тұр­ғаны анық. Бәлкім, оны жерінен айы­рылып қалудан қорыққан латифундистер, билікті көк­сеген кландардың мүшелері ұйымдастырып отыр­ған шығар? Хаттың нақты авто­ры­ның бол­мауы оның әу бас­­­та арандатушылық мақ­­­сатты көздегенін көр­се­­теді. Егер халыққа шын жа­ны ашитын адам жазған болса, неге өзінің аты-жөнін жасырады? Неге xалықтың алдына шықпай тығылып отыр? Нақты факт, дәлелдері болса, өз атын көрсетіп, ашық диалогке шық­пай ма?
– Жаңа заң жобасының халыққа әкелетін пайдасы қандай?
– Қазір ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланатын жер жетіспейді. Жеріміз кең, бірақ олар жеке адамдардың қолына өтіп кеткен. Сон­дықтан ауыл тұрғындары қолындағы азғантай қараны қайда жаярын білмейді. Біз аталған заң жобасында әр ауылдың аумағында белгілі бір радиус ішіндегі жайылым жерді жалға бермеу керектігін қарастырдық. Сонымен қатар ұлан-ғайыр аумақты жалғыз өзі иеленіп алған әрі сол жерді пайдаланбай бос ұстап отырған латифундистерге қарсы шаралар қабылдайтын боламыз. Олардың артық жерін халыққа алып береміз. Тұрғындарға үй салуға арналған 10 сотық жер телі­мін беру мәселесін оңтай­ландыру жағы да заңда қа­рас­тырылған. Сонымен бір­ге ауылшаруашылығы жерлерін қазақстандық аза­­­маттарға жалға беру мүм­кіндігін қайта қалпына кел­­тіреміз.
– Латифундизмге қарсы күрес қалай жүреді? Шетелдіктерге және олардың үлесі бар компанияларға жер телімдері беріле ме?
– Бұл Қазақстан тарихында латифундистерге қарсы алғашқы әрі ірі шара болмақ. Мыңдаған гектар жер телімін қоластына шоғырландырып, оны жергілікті тұрғындарға жалға берумен, мемлекеттік субсидияларды иеленумен байып отырған латифундистер бар. Олардың күні батуға таяу. Заң қабылданған соң, жерге беріліп келген субсидиялар тоқтатылады, ал бос тұрған жер телімдері үшін төленетін салық мөлшері 10 есеге дейін ұлғаяды. Бұл жеке адамдардың қо­лын­­да шоғырланған ауыл шаруа­шылығы жерлерін қарапа­­йым халыққа қайтарып беру­ге ықпал етуі керек. Менің ойымша, әлеуметтік желіде аттан салып, қар­сы­лық ұйымдастырып жатқан­дар­дың тасасында осындай май­шелпектен айырылып қалудан қорыққан латифундистер тұрған болуы мүмкін.
Ал жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесіне ке­лер болсақ, шетелдік ин­весторлардың үлесі 50% болатын компанияларға бұ­­рын жерді жалға алуға мүм­­кіндік берілетін еді. Енді біз ұсынған заңда 50% деген шарт болмайды. Қазақ­стан­дық заңды тұлғада шетел­діктердің кез келген үлесі (тіпті, 1% болса да) болса, мұндай заңды тұлғаға ауыл­ша­руа­шылығына арнал­ған жер жалға берілмейді. Үзіл­ді-кесілді. Сонда біздің за­ңы­мызға кім қарсы және не үшін?
– Бізде кейбір заң жобасы Парламент мінберінде қа­былданғанымен, олар­дың іс жүзінде жүзеге асуы көңіл көншітерлік деңгейде емес. Бұл – ащы да болса шындық. Сіздер ұсынып отырған заң қабылданған соң, оны жүзеге асыру жа­ғы қалай болады?
– Мен осы мәселе жөнінде ҚР Премьер-министріне хат жазған болатынмын. Яғни заң жобасы Парламент оқы­­лымында қабылданған соң, оның орындалуын қа­даға­лайтын арнайы штаб немесе комиссия құрылуы керек. Бұл ұсыныс Премьер-министр та­рапынан қолдау табады деп үміттенемін.
– Парламент тыңда­лы­мына ұсынылған заң жо­басымен қайдан танысуға болады?
– Осыған дейін мен жекелеген адамдардың электронды поштасына жіберіп келген болатынмын. Әлеуметтік желідегі парақшама да шығарып қойдым. Барлық адаммен ашық диалог орнатып, кез келген сұраққа жауап беруге дайынмын. Сонымен бірге аталған заң жобасымен кез келген адамның adilet.zan.kz порталында танысуына бо­лады.
– Арнайы уақыт бөл­геніңіз үшін рахмет
.
Нұрлыхан Қалқаманұлы
(«Қасым» порталы)

Жауап қалдыру