«Алтын Жүрек» иелерін тапты

0
167

«Бауыржан» қайырым­дылық қорының қызметі жұртқа көптен таныс. 2007 жы­­­лы өмірге келген Қор қа­йы­рым­ды­лықты насихаттау шараларымен айналысып келеді. Таяуда қордың бұдан 11 жыл бұрын тағайындаған  «Алтын Жүрек» сый­лы­ғы­ның кезекті салтанатты мара­паттау рәсімі Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрын­да өтті.  
Ұйымдас­тыру­шылардың ай­туынша, биыл марапаттауға еліміздің түк­пір-түкпірінен 455 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылғы өтініштер санынан үш есе көп. Жоба жылдан-жылға танымал бола түсуде. Еліміздегі қайырымдылықты серік еткен ұйымдар мен  жандардың  көбейе түскені өте қуанышты. Жыл сайын бұл сыйлық қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға 11 аталым бойынша беріледі. Олар тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қиындықтарға қамалған мұқтаж жандарға, қарттарға, баспанасыз отбасыларға қалтқысыз пейілмен қайырымдылық көр­сетіп, қол ұшын беріп отырды. «Бауыржан» қайырым­дылық қоры тағайындаған «Алтын Жүрек» сыйлығы игі істер жасауға асығатын Атымтайдай  жомарт жандарға беріледі.
Салтанатты рәсімде «Алтын жүрек» иелері 11 аталым бойынша марапатталды. Олардың аты-жөндерін келтіре кетейік:
Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны, кәсіпкер Темірлан Шайнүсіпов «Жыл­дың қайырымды ада­мы» аталы­мы бойынша жеңімпаз деп та­нылды. Алтын мүсіншені иелен­ген Темірлан өзінің туған жері  Ақтерек ауылының көшелерін өз есебінен жөндеп берген. Ауылында  жұмысшылар мен ауыл тұрғындарына арнап 80 үй тұрғызған. Ол негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Бала кезінен арманы – туған жерінің өркендеуіне барынша үлес қосу, мұқтаж жандарға көмек қолын созу.
Бұдан кейін «Жетім балаларға көр­сет­­­кен қамқорлығы үшін» аталымында Екатерина Яценко (Екібастұз қаласы), «Білімді дамытуға қос­қан үлесі үшін» аталымында Мұ­­рат Әділханов (Алматы), «Мүгедек жандарға көр­­сет­кен қамқорлығы үшін» ­аталымында – Біржан Қожақов (Орал қ), «Ардагерлерге көр­сет­кен құрметі үшін» аталымында Ра­сима Темербаева (Алматы қ), «Жыл меценаты» аталымында – Сергей Спи­цын (Алматы қ), «Ақпараттық қолдаушы» аталымында Майра Абдрах­манова (Алматы қ), «Денсаулық сақтау сала­сы­на қолдау көрсеткені үшін» аталымында «28 петель» клу­бы (Астана қ), «Қазақстанның өр­кен­де­уіне қосқан үлесі үшін» аталымында – Виктория Шарбону мен Элизабет Турнок (АҚШ) және тағы басқалар ие болды.
Жақсылықтың үлкен-кішісі жоқ, әрқайсысының  жасаған жақ­­сылығы өз алдына бір төбе. Бұл – қоғам дамуына қосылған өл­шеу­сіз үлес. Мейірімді жан­дардың игі істеріне жұрт тәнті. Осындай жомарт жандар көбейе түссе халықтың  өмір сүру деңгейі де жоғарылай түспек.

Гүлнұр СӘЛІМБАЙ

Жауап қалдыру