Алматының даму бағыттары айқындалды

0
26

Мемлекет басшысы 9-та­мызда Алматы қаласында жұ­мыс сапарымен болды. Қа­зақстан Президенті сапар ая­сында қа­лалық мәслихаттың сессия­сы­на қатысты. Сессия бары­сында Алматы қаласының жаңа әкімі Бауыржан Байбектің кан­ди­датурасы депутаттар тара­пынан бірауыздан қолдау тапты.
Мемлекет басшысы сондай-ақ қала активімен кездесіп, жаңа басшыны таныстырды және мегаполистің бұдан әрі даму бағыттарын айқындады, деп хабарлайды Ақорданың бас­па­сөз қызметі.
Қазақстан Президенті «Ас­тана ЭКСПО-2017» ұлттық ком­паниясының басшылығына тағайындалған Ахметжан Есі­мов Алматы қаласының әкімі лауа­зымында үлкен жұмыс атқар­ғанын атап өтті.
Осы уақыт аралығында қала елеулі нәтижелерге қол жеткізді, келбеті өзгерді, барынша икемді әрі жайлы бола түсті. Баспана құрылысы қарқынды жүргізіліп, жаңадан екі аудан пайда болды. Азиада табысты өткізілді, қазіргі кезде Дүниежүзілік сту­денттер ойынына дайындық жүріп жатыр. Алматыда шағын және орта бизнес екпінді дамуда. Оның үлесі қала эконо­ми­касында 30 пайыздан асып, бюджет түсімдерінің үштен екісін қамтамасыз етіп отыр. Бұл –маңызды көрсеткіш, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті атап өт­кендей, А.Есімовтің тәжі­рибесі қазіргі уақытта Астанада ЭКСПО көрмесін ұйымдастыру және өткізу үшін қажет.
ЭКСПО-2017 – біздің бо­ла­ша­ғымыз. Көрме нысан­да­ры­ның құрылысы – бұл мін­­деттің тек бір қыры ғана. Оның басқа, әлдеқайда маңыз­ды қыры – мазмұндық толығуы. ЭКСПО-2017 Қазақ­стан­ның барлық салада балама энер­гетиканы дамыту арқы­лы жаңа технологиялық құры­лысқа өтуі үшін серпін беруі тиіс. Ұлттық компанияның басшылығына үкіметпен, барлық өңірлердің әкімдіктерімен іс-қимыл жа­сайтын, инвестиция және тех­нология тарту үшін әлемнің ондаған елдерімен жұмыс іс­тейтін тәжірибелі адам керек, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Алматы елдің ірі қаласы ғана емес, экономиканың локомотиві әрі ғылыми-ағартушылық орталық болғандықтан, оны басқару тәжі­рибелі және креативті кадр­ды қажет ететініне назар аудар­ды.
Бауыржан Байбек – осындай лауазымға тағайындалып отыр­ған «Болашақ» бағдар­лама­сының бірінші түлегі. Ол сыртқы істер министрлігі жүйесінде, Президент Әкімшілігінде жұ­мыс істеді, «Нұр Отан» пар­тия­сы төрағасының бірінші орынбасары болды. Қасым­да жұмыс істей жүріп, менің қызметімді көрді, бүкіл респуб­ликамызды аралады, маңызды сайлау науқандарына қатысты, ал бізді алда парламенттік сайлау күтіп тұр, бұл оңай сынақ емес. Оның қала ал­дын­да тұрған міндеттерді елде жүзеге асырылып жатқан бағ­дарламалар аясында сізде­р­мен бірлесіп шеше ала­тынына сенімдімін, – деді Қазақ­стан Президенті.
Мемлекет басшысы Алматы қаласының бұдан әрі дамуының негізгі бағыттарын атады. Бірін­ші кезекте, қаланың ғылыми және кадрлық әлеуетін, оның инвестициялық тартым­дылы­ғын пайдалана отырып, инвес­тиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстарын жандандыру керек.
Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстарын мүлде жаңа деңгейге шығару қажет болады.
Алматы ежелден кәсіпкер­ліктің орталығы болып са­на­лады, сондықтан экономика үшін күрделі кезеңде бизнестің белсенділігін төмендетпей, кері­сінше ұлғайту үшін мем­лекеттік қолдаудың барлық шараларын қабылдау керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті 2017 жылғы Универ­сиаданы жоғары деңгейде өткізуді және салын­ған барлық нысандардың ол өткеннен кейін тиімді пайда­ланылуын қам­тамасыз етуді тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, көлік инфрақұры­лымы жетілдіруді қажет етеді, ал онымен экологиялық ахуал да байланысты.
Қалада кептелістер мен көлік тұрақтары мәселесі әлі күнге түбегейлі шешілген жоқ. Жол тораптары салынды, метро іске қосылды, қоғамдық көлікті газға көшіру жүріп жатыр. Мұның бәрі ахуалды айтарлықтай жақсартуға көмектеседі, бұл жұмыстарды жалғастыру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті тағы бір маңызды бағыт ретінде қаладағы қылмыстық ахуалдың алдын алу мәселесін айтты.
Біз Алматыда туризмді дамы­туға ниеттіміз, сондықтан қала қауіпсіз әрі өмір сүру үшін жай­лы болуы тиіс, – деді Ел­ба­сы.
Сондай-ақ Мемлекет бас­шысы студенттік орталық бо­лып саналатын мегаполисте ғылым мен білімді одан әрі дамытудың, жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешудің маңыздылығын айтты.
Соңында Нұрсұлтан Назар­баев ел экономикасындағы күр­делі ахуалды еңсеру және оның әрі қарай жүйелі дамуы көп жағдайда Алматының табысты дамуымен байланысты екеніне назар аударды.

Жауап қалдыру