ҚАЛМАҚ ЕЛІНЕ САПАР

0
295

Кешегі бір заманда қандастарымыз тағдыр талайымен қайда бармады? Бұл күнде әлемнің 46 елінде қазақтар ұйымы жұмыс істесе, соның бірі – Ресейде. Бірақ, бірі дегенде орыс жерінде тек жалғыз ғана емес, орталық қалаларын былай қойғанда Қазақстанға іргелес қанша облыс, шаһар болса, сонша ұйым бар. Мәселен, осы күні 300 мың халқы бар Қалмақ Республикасында алты мыңға жуық қазақ тұрады. Әуелден шекіссе де, тебіспей, араздасып, сөгіспей ауылы аралас, қойы қоралас тұрып жатқан, қалмақ жеріне қазақтардың түйе шөгеріп, қоныс тепкені өткен ғасырдың отызыншы жылдары болса, қырықтың ортасындағы депортацияда біраз жұрт ошарыла көшті. Солардың кейбірі әлі де тұрып жатыр. Біз қалмақ даласына бет бұрғанда «ондағы ағайындар қалай тұрып жатыр, ежелгі салт-дәстүрді ұстауы қалай, жүректерінде ұлттық намыстың шоғы бар ма?» деген сұрақтар кө­кей­­де тұрды.

Біз елімізден 1 желтоқсан күні өк­ше көтеріп, 2 желтоқсан – қалмақ­тардың жаңа жылы мейрамында Элистаға бардық. Тойлар тоғысында босаға аттағанда осындағы қазақ­тардың «Жерлестер» мәдениет орталығының төрағасы Қатимолла Ыдырысов қарсы алып, өз жайларынан сөз қозғады. Қандастарымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Қол еңбегімен күн көретіндер қатары көп. Кейінгі 15-20 жылда қала тірлігіне бет бұрғандар саны артып келеді екен.

Бұдан әрі қала орталығындағы батырлар аллеясына бардық. Ондағы отызға тарта орда бұзған қаһар­мандар тақтасында үшінші боп тұрған Кеңес Одағының Батыры, түркістандық отандасымыз Қарсыбай Сыпатаевтың (1918-1942) барельефі бізді еріксіз елең еткізді. Ол Ставрополь, одан қалмақ даласын көктей өріп, Астраханға бет бұрғандар құрамында 41 танкісі бар жау жасағын тоқтатқан нағыз ноян екен. Нәсілдесіміз он үшінші атты-артиллерия корпусы құрамында «Красный герой» колхозы аумағындағы ұрыста дұшпандардың бір взводқа жуық жаяу әскерін және 36 танкісімен жеке-дара айқасқа түседі. Ол ақырғы минасын қолына ұстап, танктың астына құлайды. Танк өте алмайды.
Міне, қандастарының осындай ерлігін ескерген қалмақ даласының қазақтары жергілікті билік орындарына талай барып, батырлар аллеясында оның баральефінің орын алуына негіз болыпты.

Құрамында біз және Қазақстан халқы ассамблеясына қатысты Атырау облысы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен «Елсана» руханият клубы мүшелері бар топ Элиста қаласындағы қариялар үйінде болып, асыраушысы жоқ кембағал жандармен кездестік. Мұнда кездесуге еліміздің түрлі республикаларында еңбек етіп, қоғамның дамуына үлес қосқан, қазірде қартайып, қорғансыз қалған 145 жалғыз басты қария тұрады екен. Олар өз өмірлерінен сыр шертті. Біз болсақ, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан, Мәңгілік ел мұраттарын әңгімеледік. Рухани жаңғыру бойынша атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталдық. «Елсана» клубы мүшелері Бақытбек Сәрсенов, Айбек Қабыланбеков, Берік Амантаев бірінен соң бірі хал­қымыздың дәстүрлі әндерін сорға­­латып, түйдектеп шырқағанда әлгі әлсіз жандардың ішінде Қазақ­стан­да туған, болмаса сонда еңбек етіп, тағдыр айдап, Элистада қа­лып қойған қариялар да бар екен. Олар еріксіз көздеріне жас алды, «Біз Қа­зақстанды сүйеміз, мәңгі ұмыт­пай­мыз» деп тебіренді.
Шағын ғана концертіміз аяқталған­да біздің жанымызға бетінде мұң, көзінде шаршағандықтың белгісі бар қария келді. Қазақша сәлемдесті. Біз де аман-сау алыстық.
– Қазақсың ба?
– Қазақпын.
Аты Захар екен. Руым Төре төлеңгіт деп қояды.
– Интернатта сенен басқа қазақ бар ма?
– Жоқ! Мен жалғызбын.
– Тәуба! Тәуба! Оған да шүкір.
– Сен мында неғып жүрсің?
– Тағдыр ғой…
Шындығында тағдыр ғой. Ешкім де ертеңгі күнінің не боларын білмейді. Әйтпесе қарттар үйіне кім сұранып барады дейсің. Құдай басқа бермесін.

Ертесіне Элистадағы республи­калық музейде Атырау облысының тарихи-өлкетану музейінің «Ұлттық қолданбалы өнер – ұлт қазынасы» деген тақырыптағы көшпелі этног­рафиялық көрмесі өтті. Онда Қал­мақ Республикасының Мәдениет және туризм министрі Х.Б. Эльбинов, Қалмақ университетінің про­рек­торы, ауыл шаруашылығы ғы­лымдарының докторы А.К. Натыров, Элистадағы қазақтардың «Жер­лестер» мәдени орталығының төра­ғасы Қ.Ыдырысов, Атырау тарихи-өлкетану музейінің директоры Р.Харипова, Атыраудағы «Елсана» руханият клубының басшысы Н.Ермұқанов сөйлеп, Атырау облысы мен Қалмақ Республикасы арасындағы мәдени-рухани байланыс, бауырластық пен достықты нығайтудағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгіме болды.
Тағы да ой тоғыс, әуелеген әуенге кезек берілді.
Өнерде жоқ шекара, оған қызы­ғушылар қатары көп-ақ. Олардың дені осы өңірдің көнекөз тұрғындары болса, біразы осындағы университетте оқып жатқан қазақстандық студенттер (барлығы 76) мен магистранттар (27) екен. Тіпті кешегі қарттар үйіндегі жалғыз қазақ та осында жүр. Үстіндегі киімі де кешегідей емес, шыттай, ақ көйлек, қара костюм, мына түріне көрер көз керек. Бетінде күлкі ойнайды, жүзінде шуақ бар.
Тағы да көзімізге тоқсанды толтырып қалған кейуана түсті. Арбаға таңулы екен, жанарында жас тұр.
– Апа, қайдан келдіңіз? – дейміз.
– Яшкөлден, ол осыдан біраз жер. Көрме болады. Көненің бұйымдары ілінеді. Өнерпаздар ән салады дегенді естіп, «Өлсем, соларды көріп өлейін» деп әдейі келдім. Рахмет, балаларым. Бұндайларды ұмыт­қалы қай заман. Өткен күндерім еске түсіп, жасарып қалдым. Қалмақ жерінде қазақ мектебі, мешіт деген жоқ. Газет те шықпайды. Қайран ел, айналайын атажұрт. Дәл қазір соншалықты аңсап, сағынып отырмын, – деді.
Сөйтсе, Ақлима апай тумысы жағынан атыраулық екен. Тағдыр айдап, соғыс жылдарында Астрахан облысының колхоз құрылысында қолдап еңбек етіпті. «Ол кезде облыс халқының 5 пайызы қазақтар еді. Бірақ, соғысқа 35 мың қандасымыз алынды. Соның бірі менің ағам-ды. Ол майдан даласынан оралмады» дейді кейуана.
Соңынан көрмеге келген жұрт атыраулық музей қызметкерлері апарған этнографиялық экспозиция­ның 100-ге жуық жәдігерін тамашалады. Бәрі де қызыға қарайды. Кейуаналар көзіне жас алады. Байқасақ, әр жағында мұң, жазылмайтын шер бар сияқты.

Біз тысқа беттегенде ұзын саны 30-35-тер шамасындағы 8-9 жастағы мектеп оқушылары келді. Эккурсовод оларды арнаулы орындыққа отырғызып қойып, қалмақ ныспы­сындағы әр отбасының ұйқыдан оянуынан бастап, жуынып-шайынуы, дастархан басына келуі. Дәм татар алдындағы дұға, тамақ ішіп болғаннан кейінгі бата, ұлттық дәстүр жайлы қысқа да нұсқа әңгімеледі. Сондай-ақ дастарқан басындағы әке мен ана, әже, атаның орны жайлы, оларды тыңдау, құрмет белгісі төңірегінде сөз етті.
Міне, осы жерге келгенде біз де ойландық. Музей – қашан да тәрбие орны. Біз бұдан бұрын қала орталығындағы діни ғибадатханада болғанбыз. Аса ірі және будда дінінің ұлттық нақышында тұрғызылған бұл құдай үйінде де пұтқа табыну құндылықтарын дәріптеген көптеген игі іс бар екен. Енді, міне, музейдегі әңгіме бізді рухани жаңа бір биіктерге жетелегендей болды. Өсем деген елге өркениет қырлары көп. Оларды көре білу де, үйрену де керек-ақ.
Біз Атырауға қайтарда қала шетіндегі дәмханалардың біріне бас сұғып, жүрек жалғадық. Іште адам қарасы барырақ. Жанымызда отырған ерлі-зайыпты жас жігіт пен келіншек бізді көріп, «Қайдан келесіздер, кімдерсіздер?» деп сұрады. Біздер «Қазақтармыз, Элистадағы қандастарымызға барып келеміз» дедік. Сапар жайын баяндадық.
Жас жігіт «Бұларыңыз өте өнегелі іс екен. Үйренерлік үрдіс» деп бір қойды. Содан соң өздерінің шешендер екендігі, көнекөз қарияларының қазақтар туралы ылғи да жақсы сөздер айтатындығын еске салды. Қоштасарда «Ағалар, бұл ішкен дәмдеріңізді менің құрметім деп түсінерсіздер. Қаражатын төлеп кеттім. Сау болыңыздар!» деді.
– Ау, жігітім, тоқтай тұр. Бұл ненің құрметі? – дейміз біз.
– Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің аталарымыз «Қазақстанға депортация жасалынып, жанымыз қалды. Олар бізге алдарындағы дәмі, жүрек жылуларын ұсынды. Сол үшін де қазақтарға қарыздармыз» деп отырушы еді. Мынау соның өтеуі, – деді жас жігіт. Біз мәз болдық.
Тағы да жол. Астраханның Алтынжарында Құрманғазы мәдени орталығында болып, әуелі күй ата­сына зиярат еттік. Одан әрі күй­ші мұражайын тамашаладық. Орта­лық Атырау облысы әкімдігінің демеу­шілігімен биыл да күрделі жөндеуден өтіпті. Біз алғашқы қонағы екенбіз. Ағайыншылығына селкеу түспей, бірлігі мен тірлігі қатар дамыған екі өңірдің өркені өсе бергей деген тілекпен елге бет түзедік.

Өтепберген  ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы
Атырау облыстық филиалының басшысы

Жауап қалдыру