«Алаш жолы» еңбегі жарық көрді

0
117

Жуырда ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Болатбек Төлепбергеннің «Алаш жолы» атты кітабы жарық көрді. Аталған кітапта автор Алаш қозғалысы мен Алаш идеясы туралы пайымдарын, яғни қазақ елінің ұлттық мұрат-мүддесін қорғау жолында өмірге келген қоғамдық құбылыстарға байланысты өз тұжырымдарын оқырман назарына ұсынған.
Ғылыми әрі публицистикалық еңбекте өткен ғасыр­дың басын­дағы бұрқ етіп көтеріл­ген Алаш қозғалысының эволюция­лық да­му үрдісі мен оның бүгін­гі күнге берер тағылымы таразы­ланған. Және де «Алаш қайраткерлері кімдер?» деген сұраққа жауап табарыңыз да анық. Атап айтқанда, Алаш қозғалысының көшін бастаған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовтардан бастап, сол кез­де енді ғана ақыл тоқтатқан жас толқын ізбасарлары да қамтылған.
Төрт тараудан тұратын еңбектің «Алаш қозғалысы hәм Алаш идеясы» деп аталатын бірінші тарауында тақырып ғы­лы­ми-публицистикалық тұр­ғы­дан талданады. Ал «Алаш орда» Үкіметінің мүшелері, Алаш арыстары, Алашшыл жастар атты екінші тарауда Алаш қайраткерлерінің өмірбаянына жеке-жеке тоқталады. «Алашқа қызмет» атты үшінші тарауда автор тақырыпқа сай Алаш мәселесінде атқарған нақты істерінен хабар беретін жоба­ларды, құжаттарды, хат­тарды т.б. топтастырған. Жә­не де «Ұлтым деп соққан жүректер» деп аталатын соңғы тарауда автор кешегі Алаш қайраткерлерінің ізбасарлары іспетті бүгінгі ұлт ісіне бей-жай қарай алмайтын ағалары туралы мақалаларын ұсынған.

Гүлнұр СӘЛІМБАЙ

Жауап қалдыру