Қаланың дамуы қарқынды

0
168

Жетісудың кіндік қаласы Талдықорғанның бүгінгі кескін-келбеті мен тыныс-тіршілігі оны көрген әр адамның бойына жан жадыратар жағымды әсер беріп, даму деген ұғымның танымдылық қасиетін тереңдете түсері хақ. Соңғы бес жылдағы уақыт деңгейінен көз жіберсек, терегі тербелген, сәнбі талы сән берген жасыл қаланың қарқынды даму үрдісінде екені анық байқалады. Қаланың оңтүстік-батыс аймағында заманауи үлгіде салынған көп қабатты тұрғын үйлер мен «Салтанат сарайы», «Көрме кешені», драма театры, «Рухани жаңғыру орталығы», «Жастарға қызмет көрсету орталығы», «Оқушылар сарайы» қасиетті Қаратал мен Көксу өзендерінің ортасынан ойып тұрып орын алған тәлейі мол қаланың мәртебесін асқақтата түсті.
Дегенмен, қаланың аты – қала. Оның қол жеткен табыстары мен шешімін күтіп тұрған мәселелері де жеткілікті. Бұл жөнінде 170 мыңнан астам тұрғыны бар қаланың дамуы мен алдағы атқарылар ауқымды жұмыстары туралы қала әкімі Дастан Шалтабаевтың тұрғындармен кездесуге арналған «Қаланың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы міндеттер туралы» есепті баяндамасында жан-жақты айтылды.
Кездесуге қала маңындағы ауылдық округтердің әкімдері, облыстық, қалалық бірқатар мемлекеттік мекемелердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Негізінен алғанда, қала басшылығы ең бірінші Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларында атап көрсетілген тап­сыр­­маларды дер кезінде және нәти­желі атқаруға күш салған. Сонымен бірге, «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы дала­ның жеті қыры» бағдарламалық мақа­ла­ларындағы бағыттарға ерекше назар аударылған. Оның аясында өткен жылы 20 маңызды әлеуметтік жоба іске асы­­рылып, үстіміздегі жылы үш жүзге тарта шараны қамтитын 19 жоба жос­пар­­ланып отыр.
Өткен жылғы кездесулерде тұрғындар тарапынан біраз мәселелер көтеріліп, жыл ішінде оларды шешу бойынша жос­пар­лы жұмыстар жасалған. Мысалы, «Қызыл тас» саяжайында дәрігерлік ам­булатория пайдалануға берілді. 12 ау­ла­­ның аумағы абаттандырылып, биыл 48 ауланы жөндеу жоспарланған. «Үй­тас» саяжайын ауыз сумен қамту жоба­сы­ның сметалық құжаттамасы әзір­ленді. Қалаға іргелес Өтенай ауылы­ның 16 кө­шесіне түнгі жарық шам баға­на­ларын орнату жұмыстары жүр­гі­­зі­луде.
Қаланың экономикалық өсу деңгейі барынша қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, салық пен түрлі төлемдердің көлемі 32 млрд теңгені құрап отыр. Сондай-ақ қала аумағына кіретін Еркін, Өтенай ауылдық округтеріндегі жағдай да қалыпты.
Өткен жылы өнеркәсіп кәсіпорын­да­рын­­дағы өнім өндіру деңгейі 1,9 па­йызға артып, жыл ішінде олар 73 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл жерде «Қайнар АКБ» и «Темірбетон» сияқты кәсіпорындардың табыстарын ерекше атауға болады. Оған қоса, төрт жаңа және екі кеңейтілген өндіріс орындары іске қосылған. Соның нәтижесінде 86 адам жұмысқа орналастырылды.

Аймақта осы саланы дамыту мақса­тында 4,6 млрд тенге инвестиция тартылған. Бұл жаңадан «МЧА «Сана», «Брик И.А.», «Ким В.», «Дрибузова» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің іске қосылуына ықпал етті. Арнайы ұйымдастырылған «Талдықорған» өн­діріс аймағында 5 инвеститициялық жоба іс жүзіне асырылуда.
Ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім өндіру көлемі 6 пайызға көбейіп, 56 шаруақожалығына 935 млн тенге субсидия қарастырылған. Оның ішінде егін, мал және құс өсіру бағыттары айқындалған. Қаладағы шағын және орта бизнес саласы экономиканың үш­тен бір бөлігін құрап отыр. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар­ламасы тұрақты орындалуда.
Қала басшысы облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарының барысына ерекше тоқталды.
– Құрылыс жұмыстарының көлемі 36 млрд теңгеден асты, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі миллиард теңгеге артық. Заманауи үлгідегі мә­дениет ошағы – Драма театры, әр­қайсысы 1 200 орынды екі жаңа мектеп, 300 орынды музыкалық мектеп пай­далануға берілді. Жыл ішінде 90 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы құны 1,2 млрд теңгеге 5 жоба жүзеге асты. 124 пәтерлі екі үй пайдалануға берілді, Жастар-2 тұрғын ауданында 16 шақырымнан астам электрмен қамту желілері салынды. Қазіргі уақытта барлық қаржыландыру көздерінен жалпы ауданы 50 мың шаршы метр болатын 543 пәтерлі тоғыз көп қабатты үйдің құрылысы жалғасуда. Қаланың кіре берісіне 203 пәтерлі 167 коттедж салынатын болады, – деді, қала әкімі жиналғандар алдында. Сонымен бірге, қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге арналған «7-20-25» бағдарламасын орындаудың ұтымды нәтижелерін ортаға салды.
– Қаланың Бас жоспары бойынша «Жастар» саябағы жанынан 570 орынды жабық жүзу бассейнінің құрылысы басталмақ. Сонымен бірге, 8-ші шағын ауданда жеңіл атлетикалық манеж салу үшін 2,9 га жер учаскесі бөлініп, қазір тиісті құжаттары дайындалуда. Коммуналдық салада «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 8 шақырым сумен қамту желілері қалпына келтірілді, – деді Дастан Шалтабаев.
Бес әлеуметтік бастама аясында қа­ла­ны табиғи газбен қамту жүргізілуде. Қа­­­зір Еңбек, Ынтымақ ауылдарына жә­не үшінші бөлімшеге құны 702 млн тең­­­геге газ құбырының құрылысы қа­рас­­ты­рылуда. Қала ішілік көшелерді күр­делі жөндеуден өткізу, аялдамаларды жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. 2018-2019 оқу жылына 78 студент жасқа 35,5 млн теңгеге грант бөлінді. «Қаратал» шағын ауданындағы құрылысы бітпеген ғимарат 288 студент-жасқа арналған жатақхана етіп салынады. Жетісу мемлекеттік университеті мен колледж студенттері үшін жатақханалар салу көзделуде. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 15 маманға 2 млн 525 мың теңге көтерме жәрдемақы, 10 маманға тұрғын үй алу үшін 36 млн 75 мың теңге несие берілді.
2018 жылы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру есебінен 3 686 жаңа жұмыс орны құрылды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен барлығы 5490 адам қамтылды. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша 98 азаматқа 977 млн теңге несие берілді. Биылғы жылы білім беру, медицина саласындағы бірқатар нысандар күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілмек. Қалада «Жастар жылына» байланысты ауқымды шаралар атқарылатын болады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша NUR.KZ порталының ұйымдастыруымен өткен «Халық дауысы» рейтингінде Тал­дықорған қаласы 6 номинация бойынша жеңімпаз болып танылғаны баршаға аян. Бұл – Талдықорғанның болашағына деген үлкен сенім.
Қаланың өсіп-өркендеуі облыс әкімінің толық бақылдауына алынған.
Кездесуде Жетісу университеті жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Арнай Байжұрынов, қала ақсақалдар кеңесінің мүшесі Мұрат Қалық сөз сөйлеп, қала әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Қала тұрғындары қала басшысына тұрғын үйлердегі балалар алаңының жағ­дайы, жауған қарды арнайы қоқыс алаң­дарына тасудағы және ауаны лас­тау­­шыларды анықтауға қатысты ұсы­ныс­­тар айтты.
Кездесуге қатысқан облыс әкімі Аман­дық Баталов қорытынды сөз сөй­леп, қаланы дамытудың бағыттары, әр салаға жеке инвесторларды тарту, ком­муналдық қызметтердің сапасын жақ­сарту, дайын өнімдерді экспортқа шы­ғару және басқа да өзекті мәселе­лерге қала басшылығының назарын аударды.
Сонымен, жыл ішіне қалада атқарыл­ған жұмыстарға көңілдері толған тал­ды­қорғандықтар қала әкімінің жұмысына «Қанағат­танарлық» деген баға беріп, келер жылға деген үлкен үмітпен желпіне тарасты.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ.
«P&H».
Талдықорған қаласы

Жауап қалдыру