Қала келбеті көріктене түсті

0
168

Сәнбі талы сән беріп, терегі тербелген Талдықорған қаласы күн өткен сайын көркейіп, көріктене түсуде. Облыс орталығында бой көтерген әсем ғимараттар мен көп қабатты тұрғын үйлер сәулет өнерінің заманауи үлгілерімен салынуда. Қарасаң, көз тоярлық. Мұндағы тұрғындар да, келген қонақтар да жасарып, жайнай түскен қаланың келбетіне сүйсіне қарайды. Бұл ретте қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде соңғы үш жылдың аясында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлер мен «Жастар» спорт сарайы, «Жастарға қызмет көрсету орталығы», «Оқушылар сарайы», «Көктем Гранд» қонақүйі сияқты сән-салтанаты жарасқан ғимараттарды ерекше атап өтуге болады. Оған енді түрлі мәдени-көпшілік, мерекелік шаралар өткізілетін «Жастар» мәдени-демалыс паркін қосыңыз.
Ал, «күндіз күміс, түнде алтын» қасиетті Қаратал өзенінің жағалауындағы серуендеу аймағы кешкілік жастар мен қала қонақтарының жиі бас қосатын орны болып саналады. Қаланың келбетіне сүйсінген халық Талдықорғанды «Жастар қаласы» деп атайды. Жетісудың кіндік қаласының заман талабына сай өсіп-өркендеуіне облыс әкімі Амандық Баталов зор қолдау көрсетуде.
Өткен жұма күні талды­қорғандықтар қос қуаныш­тың иесі атанды. Иә, Талды­қорғанның қоңыр күзде тамыл­жып тұратын ауа райы күрт бұзылып, шытқылдана қалса да, мұнда келушілердің қарасынан көз сүрінеді. Олардың арасынан қала қонақтарын, ардақты ақсақалдар мен немере ерткен әжелерді, «аққу – арманды» серік еткен жастарды да, тіпті тамашаны қызықтауға келген ба­лаларды да кездестіруге бола­ды. Көздерінде қуаныш, бір-бірін жылы шыраймен құт­тық­тауда.
Қала халқы мен жастарының көптен бері үкілі үміті болған Салтанат сарайының ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы қатысып, құттықтау тілегін білдірді.
– Бүгін біз қала тұрғын­дарының игілігі үшін көптен бері ойымызда жүрген мәселені шешіп отырмыз. Осынау Салтанат сарайында, тек қана жас жұбайлардың некесін тіркеу ғана емес, сонымен бірге мұнда көптеген мәдени-қоғамдық көп­шілік шаралар өткізілетін болады. Бұл көпсалалы кешен жастар болашағындағы ең маңызды және бақытты кезең болып саналатын отбасын құру сияқты естен кетпес сәттерді өткізуге арналып отыр. Алдағы уақытта некелесуге ниет білдіріп, жұптасып өмір сүруге бел байлаған қыз-жігіттердің санының көбе­йетіндігіне сенімдімін. Бұл Мемлекет басшысының елімізде демографиялық жағдайды жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Сонымен бірге, бұл әсем ғимаратта халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі ірі кездесулер, арнайы кеңестер, дөң­гелек үстел отырыстары мен форум­дар өткізу жоспарлануда, – деді өңір басшысы.
Шара барысында А. Баталов жас жұбайларға, алтын және гауһар тойлары иелеріне арнайы сый-сияпаттар көрсетті.
Салтанат сарайының ресми ашылуынан кейін жиналғандар табалдырық аттап, ғимараттың көркем безендірілген ішкі әсем келбетіне дән риза болды. Жалпы аумағы 3531,5 шар­шы метр болатын заманауи үлгіде бой көтерген ғима­ратта жас жұбайларға арналған жеке бөлме, салтанатты жағ­дайда неке қию орны, қонақ­тарды күту және мәжіліс залдары, 350 орынды мейманхана, кең көлемді қосымша холл орналасқан. Жалпы құны 1 млрд 360 мың теңге бола­тын әлеуметтік маңызы зор ғи­маратты «Өнеркәсіп құры­лыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі небәрі бір жарым жыл ішінде салып, пайдалануға беріп отыр.
Рас, жалпы 160 мыңнан астам халқы бар Талдықорған қала­сында жас жұбайлардың некесін қию рәсімдері бұрын шағын мекеменің кеңсесі болған екі қабатты үйде өткізіліп кел­ген еді. Оның жағдайы мен қызметіне сын айтушылар да жеткілікті болатын. Ал, енді көптің көңілінен шығып, жаңа­дан пайдалануға берілген Салтанат сарайы көптен күпті көңілдің түйіткілін толық ше­шіп отыр. Халық оған дән риза.
Одан кейін қала жұртшылығы Салтанат сарайының қатарында орналасқан Көрме кешенінің ашылу шарасына қатысты. Бұл да өзінің сәулеттік кейпіне қарай, қала көркіне көрік қосатын ғимараттың бірі бол­мақ.
– Біз өткізілетін шараларға байланысты ұйымдастырылған көрмелерді өткізуде бірқатар қиындықтарды өткердік. Оған көп шығын да жұмсалатын. Енді ондай жағдай болмайды. Мынау әсем безендірілген залдарда түрлі өндіріс орындары, құрылыс мекемелері, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, кәсіпкерлер, мұғалімдер мен ұстаздар өз көрмелерін өткізе алады. Сонымен бірге, осында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы тұрақты жұмыс істейді, – деді, «Көр­ме кешенінің» ашылу рәсі­мінде құттықтау сөз сөйлеген облыс басшысы Амандық Баталов жиналғандар алдында.
Соңғы жылдары өңірде өнеркәсіп өнімін өндіру, оның түрлерін молайту және көлемін ұлғайту бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Шараға жиналған қауым көрме залдарын аралап, облыс көлемінде шығарылған сапалы өнімдермен танысты. Келушілер «Кайнар-АКБ» аккумулятор зауытының, «Алматы бояулары», «Хамле Компани ЛТД», «Метакон» жауапкершлігі шектеулі серіктестіктерінің, сүт және сүт өнімдерін шығаратын «Аркабай», «JLC cүт», зауыттарының сапалы өнімдерімен танысты. Ал, «Көрме кешенінің екінші қабатында аймақтық кәсіпкерлер палатасының кеңсесі, бизнес-мектеп пен арнаулы шеберханалар орналастырылған.
Осыған дейін осындай жетіс­тіктерді халыққа таныстыру, ол жөнінде толық мағлұматтар беру жағы қиындық туғызып жататын. Алдағы уақытта облыс көлемінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, орта және шағын бизнес сала­ларының өнімдері, медицина, ғылым, білім бағыт­тарын­дағы ғылыми-техно­логия­­лық жетістіктер жөнінде мағлұ­маттар беретін бұйымдар көрме зал­дарына орналастырылып, онымен кез келген адам кең көлемде таныса алады және көрме тұрақты жұмыс істейтін болады.
Түр-тұрпаты жағынан көптің көзайымына айналған «Көрме кешенінің» жалпы құны 1227,686 мың тенге, ал аумағы 4437,8 шаршы метр. Оның бі­рінші қабаты толық ұлттық реңкте безендірілген.
Бір күнде қос қуанышқа ие болған талдықорғандықтардың көңілі шат, мерейі үстем болып тарқасты. Жасай бер, Талдықорған!

Ғ. ЖАЗЫЛБЕКОВ.
«Президент және Халық».

Талдықорған қаласы

Жауап қалдыру