Айналма жол салу сәуірде басталады

0
71

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен таяуда Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының құрылысына байланысты келелі кездесу өткізілді. Оған Талғар, Іле және Қарасай аудандарының әкімдері, Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігі ұйымдастырған конкурстың қорытындысы бойынша жеңімпаз ретінде танылған компания өкілдері мен жол құрылысына қатысты мекемелердің басшылары қатысты.
Айта кетейік, еліміз үшін аса маңызды және экономикалық жағынан тиімді жол құрылысының жалпы сметалық құны 512,3 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылғы сәуір айынан басталып, 2021 жылы бітеді деп күтілуде. Жол облыстағы Талғар, Іле және Қарасай аудандарының аумағы арқылы өтеді. Жалпы ұзындығы 66 шақырымды құрайтын жол толық пайдалануға берілген кезде тәулігіне 104 мың көліктің қатынауына мүмкіндік туғызылады.
Басқосуда «Алсим Аларко» акционерлік қоғамының вице-президенті Аббас Шахин жоба картасының тұсаукесерінде белгіленген шаралар бойынша толық таныстырып, 6 жолақты жол бойында 7 айырық және жер жағдайына байланысты 38 көпір салынатындығын айта кетті.
Иә, үлкен мегаполис Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға бағыт­талған бұл маңызды жол құрылысы облыс үшін де тиімді болмақ.
Кездесу соңына журналистермен кездескен облыс әкімі А. Баталов:
– Өздеріңізге белгілі, бүгін біз еліміз үшін аса маңызды шараны атқаруға келістік. Болашақта салынатын жол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің жалғасы болады. Жол құрылысы облысқа қарасты үш ауданның аймағынан өтетіндіктен 722 жер учаскелері алынды. Сонымен бірге, құрылысқа қажет­ті құм, топырақ және қосым­ша шағын зауыттар салу үшін барлық жағдайлар жасал­мақ. Сондықтан да, мердігер компаниялар өз міндеттерін уақытылы атқаруға мүдделі. Тарихи маңызы бар үлкен жоба Елбасының бақылауында тұрған шара, – деді.
Аталған жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мұнда жұмыс істейтін адамдардың 90 пайызы жергілікті тұрғындар болады.

Ғ.БИШАЛОВ.

Жауап қалдыру