АГРОӨНДІРІСТІК КЕШЕНІ: ТЕХНИКАСЫЗ ЖАҒДАЙ МҮШКІЛ

0
195

Еліміздің агроөндіріс кешенін (АӨК) дамыту бойынша 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Десе де аталмыш саладағы түйіткілдердің күрде­лілігінен әлі де көптеген мәселелер шешуді қажет етеді. Айталық, АӨК-тің салаларының өнімділігі мен табыстылығы өсуі үшін сапалы техникамен жарақ­­тандырылуы тиіс. Ғылымға негізделген агротех­но­логияларды қолдану, нақты секторлардың қа­жет­тіліктеріне сәйкес ғылыми-инновациялық зерт­те­ме­лерді енгізу жөніндегі іс-шаралар кешені қабыл­дануы қажет. Ауылшаруашылық техникасы бәсекеге қабілетті болғанда, технологиялық әлеуеті елеулі жаңғырғанда ғана техникалық саясатты іске асыру мүмкін.
Қазақстанда машинатрак­­тор паркінің (МТП) 87 пайы­зының тозығы жеткен. Қолда бар техниканың 90 пайыздан астамы ескірген. Техниканың физикалық және моральдық тозуының салдарынан өсіріл­ген өнімді белгіленген агротех­никалық мерзімде жинап үл­гере алмаудамыз. Ауыл­шаруашылығын механика­ландыру деңгейі дамыған ел­дермен салыстырғанда өте төмен. АӨК негізінде им­порт­тық техникамен жабдық­талуда. Ал отандық машина жасау саласының үлесі бар болғаны 3-5 пайыз.
Ауылшаруашылық өндірі­сін техникамен жарақтан­дыр­­май, өндірістік жұмыс барысын кешенді механикаландырмай жоғары еңбек өнім­ділігін қамтама­сыз ету мүмкін емес. Соңғы жылдары АӨК-ке ауылшаруа­шылық техникасы мен жабдықтарын жеткізу айтарлықтай бәсеңдеп, ауылшаруашылығы өн­ді­рі­сінің энергиялық жарақ­та­нуы төмендеді. Энер­гети­­калық құралдар – агроқұры­лымдардың материал­дық-техникалық базасын нығай­тудың басты факторы болып есептелікді.
1990-2018 жылдарда Қазақ­станда АӨК-тің техникалық әлеуеті айтарлық­тай кеміді. Көрсетілген кезеңде тракторлар құрамы 243,3 мыңнан 148,3 мыңға дейін (1,64 есе), астық комбайндары – 88,9 мыңнан 38,5 мыңға дейін (2,31 есе), сепкіштер – 176,9 мыңнан 79,8 мыңға дейін (2,22 есе), астық орғыштар – 42 мыңнан 14,9 мыңға дейін (2,82 есе) азайды.
ҚР АШМ мәліметіне сәй­кес үстіміздегі жылдың 1 қаңтарын­дағы жағдай бойынша республика МТП-нің құра­мында тракторлар саны 243,3 мың дана. Соның ішінде доңғалақтысы 125,2 мың дана (84,2%). Басым бөлігі, яғни 75,7 мың дана трактор Беларусь елінде өндірілген 1,4 және 2 кластағы (Беларус-80, Беларус-82, Беларус-1221) тракторлар. Ресейлік 5-кластағы қуатты К-700, К-701 және К-744Р1 тракторлары – 16,8 мың дана (11,3%). Шынжыр табанды тракторлар – 23 мың дана (15,6%). Соның ішінде ДТ-75М – 13,1 мың дана (10,45%). Бұл тракторлардың орташа жасы 20 жылдан асады. Республикада алыс шетел компанияларының тракторлары 3481 дана (2,35%). Импортталған тракторлар Қытай, АҚШ, Италия, Германия, Канада сияқты елдердің «Deere&Co.», «CNH», «AG­CO», «SDF», «Claas», «Fo­ton», «Challenger», «Verse­tail», «Lambordgini» фир­­ма­лары­­нан алынған.
Республикада астық комбайндар саны 386,5 мың дана. Оның басым бөлігін ресейлік 3-кластағы «СК-5А «Нива» (11,5 мың дана, 29,8%), Енисей-1200» және Енисей-950 «Руслан» ком­байн­­дары (14,5 мың дана, 37,6%), 4-кластағы «Вектор-410kz», КЗС-740 «Essil» (5,6 мың дана, 14,4%), 5-клас­тағы Дон-1500 және Аcros-530 (1,8 мың дана, 4,8 %), 6 және 7-кластардағы жоғары өнімді шетел комбайндары құрайды. Олар АҚШ, Германия, Италия, Канада, Финляндия және тағы басқа елдердің «Deere&Co.», «New Holland», «Case», «Massey Ferguson», «Claas», «Sampo», «Laverda», «Ghal­len­ger», «Western», «Fend», «Deutz-Fahr» фирма­ларын­да өндірілген.
Соңғы жылдары астық дақылдары өндірісінде нөлдік және минималдық технологияларды кеңінен қолданумен байланысты егіс комплекстерін сатып алу шұғыл өсті. «Егіс комплекстерінің саны 3,9 мың дананы құрай­­ды. Бұлар «Morris Max­sim», «Deere&Co», «CNH», «Bor­go», «Flexi-Coil», «Buller», «Con­cord», «Кузбас» мар­ка­дағы техникалар.
Мал азығын жинайтын ком­байндар саны – 1,5 мың дана. Олар Беларусь, Украина, Германия, АҚШ елдерінің КСК-100, КПИ-2,4, Jaguar 830, Jaguar 850, John Deere 7200 маркаларының техникалары.
Қолдағы басқа техникалар­лардың ішінде күріш жинайтын комбайндар – 895 дана, қант кызылшасын жинайтын комбайндар – 115 дана, жүгері жинайтын комбайндар – 262 дана, мақта жинайтын комбайндар – 339 дана, картоп жинайтын комбайндар – 238 дана, астық орғыштар – 14,9 мың дана, сепкіштер – 79,5 мың дана, трактор тіркемелері – 78,2 мың дана, соқалар – 24,8 мың дана, жалпақтілгіштер – 6,6 мың дана, культиваторлар – 17,4 мың дана, бүріккіштер мен тозаңдатқыштар – 5,3 мың дана, тұқым дәрілегіштер – 1,7 мың дана, шөп орғыштар – 22,4 мың дана, тырмалар – 195,7 мың дана, сығымдағыш-жинағыштар – 7 мың дана, маякөтергіш – 8,7 мың дананы құрайды.
Талдаулар тракторлардың, астық жинайтын комбайн­дар­дың, егіс комплекстері және басқа да машина түрлері­нің көп маркалығын көрсетіп, бұл олардың сервисін ұйымдастыруда, қосал­қы бөлшектермен, жанар-жа­ғармаймен қамтамасыз етуде, механизаторларды даяр­лауда және т.б. қиын­дық­­тарға тап болуда. Бұдан бөлек техникалар импортын мемлекет тарапынан тиісті техникалық және техно­ло­гиялық бақылаусыз, топы­рақ-климаттық және жергілікті өндіріс жағдайларына бейімделмей жүзеге асырылуда.
Республикада МТП-нің саны, құрылымы және тех­никалық деңгейі бойынша АӨК қажеттіліктеріне сәй­кес келмейді. Осындай техни­калық арсеналмен ауыл­ша­руа­­шылығындағы еңбек өнім­­­ділігін арттыру мүмкін емес екені анық.
АӨК ауылшаруашылық тех­­никасымен жеткіліксіз түрде қамтамасыз етілуі, машиналар паркінің едәуір тозуы өнімнің ысырап болуына, ауылшаруашылық дақылдарын өсіру, егінді жинау, сақтау және т.б. технологиялық операция­лардың уақтылы орындалмауына байланысты немесе мүлдем бұзылуынан оның сапасының нашарлауына әкеліп соғуда. Сонымен бірге, шаруашылықтағы негізгі фондтардың едәуір бөлі­гінің өз ресурстарын өтеп бол­ғандығынан, оларды шұғыл алмастыруды қажет етеді.
Осыған орай агроқұрылым­дардағы егіс алқаптарының көлеміне байланысты нақты егіншілік жүйесін және техни­калық құралдарды пайда­ланудың тиімділік мәселесін зерттеу қажет.
АӨК-тің техникалық жарақ­тан­дырылуын 1000 га егіс алқабына есептегенде тракторлар – 7 данадан (1990 жылда – 13 дана), астық комбайндары – 2,4 (6) данадан тура келеді. Бір комбайн маусымда орташа есеппен 425 га алқаптағы астықты жинай алады. Бұл дамыған елдермен салыстырғанда біршама көп (оларда 80….120 га). Жалпы АӨК ауылшаруашылық техникасының негізгі түр­лерімен қамтамасыз етілуі қажеттіліктің 40-60 пайы­­­зын құрайды. Осыған орай ауылшаруашылығын меха­ника­ландыру деңгейі өте төмен. Ауылшаруашылық тех­­­ни­­ка­сын жаңарту мәсе­лесі елімізде ең өткір және өзек­ті мәселелердің бірі болып қалуда.
МТП-нің жас құрамын талдау сепкіштердің 8 пайызы, тракторлардың 16 пайызы, астық орғыштардың 25 пайызы, астық комбайндардың 34пайызы және егіс комп­лекстерінің 78 пайызы ғана аммортизациялық пайдалану мерзіміне дайын екендігін көрсетті. Тракторлар паркінің 84 пайызы, тиісінше астық комбайндар паркінің – 66 пайызы, астық орғыштардың – 75 пайызы, сепкіштердің 92 пайызына жуығының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып түседі. Жалпы АӨК бойынша барлық негізгі өндірістік қорлардың (нақты пайдалану мерзімі бар машиналар саны) 82-93 пайызы тозу дәрежесі бойынша сұраным конъюнктурасына жауап бермейді және ауыстыруды қажет етеді.
Өндірістің тиімділігін арттыру үшін АӨК-де жыл сайын 4,5-5 мың дана астық комбайн, 1,5 мың дана астық орғыш және 14-15 мың дана трактор, 9 мың дана сепкіш және тағы басқа техниканы ауыстыру қажет.
Көріп отырғанымыздай, жо­ғарыда көрсетілген техни­каларға қажеттілік өте жоғары. Бұл мәселедегі динамика қуантарлық жағдайда емес. Өйткені тозу қарқыны жаңарту қарқынынан асып түседі. Ал машиналардың 8-10 пайызы жыл сайын есептен шығарылып, қысқарып барады. Ал жылына орташа есеппен 1-3 пайыз ғана техника жаңартылады (норматив бойынша 8-12%). Бұл АӨК агроқұрылымдарында МТП жаңартудың төмен қарқынын көрсетеді. Бүгінгі экономикалық жағдайға сай барлық агроқұрылымдарға техника сатып алу мүмкіндігі жоқ. Республикада 10 жыл ішінде МТП жаңартудың орташа үлесі: тракторлар – 24,3 мың дана (16,4%), астық комбайндары – 19,5 мың дана (50,6 %), астық орғыштар – 4,1 мың дана (27,5%), сепкіштер – 10,6 мың дана (13,3%) және т.б. құрады. Машина паркінің баяу жаңаруының басты себебі – техникалар бағасының қымбаттығы және ақша қаражатының жетіспеушілігі.
Қазақстанда нарықтық бә­секелестік жоқтығынан, тех­никаны лизингке сатып ал­ған тұтынушылар сапасыз сервис қызметіне тап бо­луда. Бүгінгі күнде белгілі сауда маркаларының ауыл­шаруа­шылық техникасын сату, лизинг және қызмет көрсету жарым-жартылай мо­но­­по­лия­ландырылған. Проб­ле­маның мұндай жағ­дайы техникаға жөндеу, қызмет көрсету, қосалқы бөл­шек­терді жеткізіп беру мерзім­дерінің созылуына, істен шығудың салдарын жою өз уақытында жүргізілмеуіне, сапасыз материалдарды пай­далануға әкеп соғуда.
ҚР Үкіметі жоғарыда ай­тыл­­ған проблемаларды ше­шу шараларын дереу қол­ға алуы тиіс.

Әбдікәрім УСМАНОВ,
«Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығының»
жетекші ғылыми қызметкері

Алматы қаласы

Жауап қалдыру