Адам саудасы ауыздықтала ма?

0
136

Бүгінгі жаһандану дәуірінде күллі әлемде есірткі мен қару-жарақ сатудан кейінгі қатты дамыған, бой бермей өршеленіп келе жатқан сауда ол – адам саудасы. Адам саудасы – адам құқығын ең қатал әрі арсыз жолдармен бұзатын құлдықтың қазіргі заманғы ең бір жиіркенішті түрі.
Б ұл сауданың тұңғиығына тап болған азаматтар көп жағ­дайда зорлықпен, әсіресе алдап-арбаумен мемлекеттік шекарадан тыс әкетілгендер. Олар қара жұ­мыс­қа мәжбүрлеп тартылады, тіпті қарыздар етіп қойып, еркін қозғалу мүмкіндігінен айырады. Ол аздай, физикалық, психи­калық, сексуалдық зорлық-зом­­былыққа ұшыратылады. Кө­­бінесе жас қыздар мәжбүрлі түр­де жезөкшелікпен айналысып, адам саудасының қасіретті құр­бан­дарына айналады.
Бұл күнде жұртшылықтың «адам саудасы» деген тіркеске еті әбден үйреніп алды. Адам саудаланыпты десе, мал сатылыпты дегендей жәйбарақат селсоқ қарайтын деңгейге жетті. «Оу, ағайын, саудаланған мал емес, адам ғой!» десеңіз де, селт етері сирек. Сұмдық! Бұл тіпті осылай болуы керек сияқты. Бүгінде бүкіл әлем болып осындай сұм­дық құбылыспен күрес жүргізуде. Бірік­кен Ұлттар Ұйымы 30 шілдені – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні деп те жариялады.
Егер тарлан тарихқа жүгінсек дүниежүзін жайлап кеткен, құл­дық пен адам саудасына қарсы күресті әлем елдері өткен ға­сырда бастаған екен. 1926 жылы Женевада «Құлдық туралы кон­венцияға» қол қойылса, 1953 жылы Нью-Йорк қаласында бұл құжаттың бірқатар бөлімдері қа­таңдатылып, аздаған өзгеріс­тер енгізілді. Ал үш жылдан кейін Женевада «Құлдықты, құл саудасын және құлдыққа ұқсас институттар мен әдет-ғұрыптарды жою туралы» қосымша конвенцияға қол қойылды. Біздің еліміз де бұл конвенцияларды ратификациялаған. Адам еңбегін қанау мен бала еңбегін пайдалануға қатаң тыйым салынып, адам саудасы өте ауыр қылмыстың қатарына жат­қызылды. Осылайша заң жүзінде алғанда Орталық Азия елдерінде ауыр қылмыстың бұл түріне барлық шектеулер жасалды.
Бұл қылмыс бізге қалай келді? Адам саудасы кеңестік ке­зең­­нен кейінгі елдерде қатар өрбіді. Қазақстандықтар да адам саудасы өршіген өзбек­стан­­­дық, қырғызстандық, тә­жік­­­стан­дық жә­не украиндық құр­-­бандардың ке­бін киді. Түр­лі айла-шарғы­лар­мен елден шы­ғарыл­ған адамдар, Біріккен Араб Әмір­­­лік­теріне, Түркияға, Израильға, Ресейге және Алма­нияға жө­нел­­тіледі. Сол жақта қара жұ­­мысқа жегіліп, секс құл­дыққа ұшыратылады.
Қазақстан географиялық орналасуы мен экономикалық жа­ғынан Орта Азиядан ағылатын ең­бек мигранттары үшін тран­зит­тік ел саналады. Оған қоса ел ішінде миграциялық процес­тер белсенді жүріп жатыр. Мың­даған адамдар жұмыс табу мақсатында ауылдық аймақ­тардан үлкен қалаларға қоныс аударуда. Адам сауда­сының дамуына бұл да бір себеп. Адам саудасы ел ішінде де жоқ емес.
Мамандардың пікірінше, бүкіл дүниежүзінде жыл сайын шамамен 800 мыңнан 4 миллионға дейінгі адам құлдыққа сатылса, олардың дені қыз-келіншектер екен. Ал бұл қылмысты ұйым­дастырушы азаматтар одан жылына 7 миллиард доллар көле­мінде табыс табатын көрінеді.
Қазақстан Республикасының Қыл­мыстық кодексінде адам саудасы (ҚР ҚК 128-бабы) және кәмелетке толмағандар саудасы (ҚР ҚК 135-бабы) үшін қыл­мыстық жауапкершілік көздел­ген. Бұл баптар бойын­­­ша 15 жылға дейін бас бостан­ды­ғынан айыру жазасы қарас­тырыл­ған.
Тағы да Қазақтан Республи­ка­сының жаңа Қылмыстық ко­дексінде сексуалдық қанау мақ­сатында жасалатын адам саудасына қатысты бірнеше бап­тар бар. Осы қылмыстарға қол­­­­да­нылатын нормалар 121-бап­та «Сексуалдық сипат­­­­та­ғы зор­лық-зомбылық әре­кет­­­тері», 134-бапта «Кәме­лет­ке тол­маған адамды жезөк­ше­лік­пен айна­лысуға тарту» сияқты айыптарды қамтиды, олар бо­йынша адам саудасымен байланы­сы болуы мүмкін сексуал­дық қылмыстар үшін жаза қол­да­ны­лады.
Ғасырға күйлеген қылмыс­­кер­лердің бүгінгі бет алысы ауыр­дың үстімен, жеңілдің асты­мен жүруге бейімделіп бара жатқаны айдан анық. Адам саудасына қарсы ел болып, ұлт болып қарсы тұрмасақ бұл дерт ауа жайылып бақылаудан шығып кетуі ықтимал. Қазақ малын сатса да, арын сатпаған арлы халық. Арлы халықты сорлы халыққа айналдыруға әрекет етіп жатқандардың алдына тосқауыл болып қарсы тұ­ру баршамыздың борышымыз.

Нарқұлан РАЙХАНҰЛЫ.

Жауап қалдыру