Адалдықтың символына айналған

0
20

Тарих тағылымын білмеген адам өмірді сүруді білмеген жанмен тең. Тасын түрте қалса, тарихтан сыр шертетін керемет киелі жерлер мен күмбез, кесенелер елімізде баршылық. Солардың бірі әрі бірегейі махаббат пен адалдық символы деп есептелетін Айша бибі кесенесі.
Бұл көне заманның куә­геріндей күмбезін күнге сүйгізіп, аты асқақтап тұр­ған ескерткіш. Айша бибі кесенесі байырғы Асан­қайғы бабамыз айтқандай «тас тастасаң тал болып көк­тейтін» жерде, көне шаһар болған Тараз қала­сының маңында орна­ласқан. Ға­сыр­лар соқпағынан бізге кесененің тек батыс бөл­шегі жетіп отыр екен. Белгілі археолог В.Панков «Ай­ша бибі кесенесінің төрт бұрышында жуан бағана­лары бар. Әр фасадының ортасында жоғары және сүйірлеу доғамен бітетін кішірек қуыстар бар. Бар­лық қабырғалары мен баға­наларының беті тұтас­тай ұққыш тақта­лар­мен қап­та­лып шыққан. Ке­сененің ішкі беті кірпіштен, сыртқы беті күйдірілген құйма балшықтан қаланған. Кірпіш пен құйма тастардың арасынан әк қосылған балшықпен жымдастырып, арша ағашымен ұстатылған. Мұндай әдістің жер сілкінгенде қабырғалардың құламай сақталып бүгінге дейін жетуінің айғағы осы» деп кесене құрылысының бірегейлігін айтқан болатын.
Кесене қараханидтік сәу­лет ескерткіштердің ішін­дегі ең кереметі болып есеп­­теледі. Оның сырт­қы келбетіне үңіліп қарар бол­сақ, қаланған кірпіш­терінің өзі таңға­ларлықтай дүние іспеттес.
Аңыз бойынша ғашығынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күм­без орнатқаны белгілі. Ай­ша бибінің кім екендігі жө­нінде ғасырлар сорабынан жет­кен аңыз болмаса, тарихи деректер жоқтың қасы.
Ал, бүгінде Айша бибі кесенесі – бір шаранаға зар болып жүргендердің тәу етіп келетін қасиетті жеріне айналған. Әулие жердің топырағын басып, кесенеге ізгі ниетпен келгендердің тілектері кейде қабыл болып жатады деседі. Тіпті кесене сұлулығын көзбен көру үшін шетелден де келіп жатады.
Мәңгілік махаббат пен адалдықтың символына ай­налған Айша бибі кесенесі сияқты осындай өне­гелі жердің болғанымен мақ­та­намыз.

Құралай ЖАНДАРБЕКОВА,
«Тұран» университетінің
2-курс студенті

Жауап қалдыру