Қаһарман қыз – Гүлбира

0
129

Есімі елеусіз қалған желтоқсаншылар көп-ақ. Солардың бірі – қазақтың өжет те, қайсар қызы, марқұм Гүлбира Төлеубайқызы Панина болатын. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Нарын ауданы Новоберезовка ауылында туған. Желтоқсан көтерілісі кезінде Алматыдағы бас киімдер фабрикасында жұмыс істеп жүріпті. Көтеріліске қатысқаны үшін 3 жылға сотталып, оның 6 айын өтеген.
…Жабырқап уақыттың мұң дидары,
Желтоқсан жүрегімде мың қирады.
Кешегі түрме сынды арамыздан
Тағдыры тағы әкетті Гүлбираны….
Бұл – қазақтың қаһарман қызы Гүлбира Панинаны жастай ақтық сапарға шығарғанда оқыған менің өлеңімнің бір шумағы. Ұзақ науқастан көз жұмды. Амал жоқ, топырақ салып, жаратқанның ырқына тапсыр­дық. Қарапайым тірлік кешкен оның тағдырына Желтоқсанның да әсері болғаны сөзсіз. Өйткені, тағдырлас­тарымыздың ішінен құзырлы орын­дардың оң қабағына ілініп, жетіскен ешбіріміз де жоқ.
Бір күні троллейбуста кетіп бара жатсам жүзі таныс, арықтау өңді әйел амандасты. Тани алмағанымды сезген ол:
– Мен – желтоқсаншы Гүлбирамын ғой, бұрын танысқанбыз. Бір жиында сенің желтоқсан жайлы әніңе қосылып, орнымыздан тұрғанбыз, – деді. Менің бірден есіме түсіп, «өзіңнен сұқбат та алмақшы болып едім, уақытың тығыз, асығыс болғандықтан сұқбатты кейінге қал­дырған болатынбыз, – дедім. Иә, сол асығыстық, сол кездесуден соң ұзамай Гүлбираны да ажал шіркін алып кетті. Желтоқсан мәселесін Гүлбира ғана емес, уақыт та, тарих та кейінге қалдырып келеді. Гүлбира сонда ауырғандығын жасырып, шерін ішке бүгіп, емделе алмай жүрген екен. Осы боздақтардың көшімен іште бүгілген бүкіл Желтоқсан шері де жабулы қазанның астында кетер ме екен деген күдік жоқ емес. Гүлбирадағыдай тән ауруы да, жан ауруы да бізде жеткілікті. Оны емдеу үшін әуелі мұны жұқтырған қоғамды, тарихты емдеу керек. Оның емі – шындық пен әділет. Бұл біздің қолдан келер іс емес. Өйткені, Панинаны сыйдырмаған пәнидің өзі теңсіздіктер жүйесінен тұрады. Ал Гүлбираның оқиғасы былай болған екен.
Жұмыстан кейін Технология инс­ти­ту­тының кешкі бөлімінде оқып жүрген Гүлбираны орыс бөлімі студент­терінің әңгімесі елең еткізеді. Ай­тыл­ған алаңдағы жағдайларға онша сене қоймағанымен, ертесінде шындап мән беріп, қозғала бастаған қыздарға қосылады. Олар Гүлнар, Майра, Бекзат, Ғалимат деген бірге жұмыс істейтін әріптестері еді. Құлаққа жеткен әрқилы сыбыс арқылы оқиға барысын шамалап, өз шешімдеріне де тұрақтайды. 18-ші желтоқсанда олар күннің екін­ші жартысында жұмыс істейтін болған­дықтан «Қазақстанға қазақ басшы керек!» деген үнпарақтың бірнешеуін жазып, алаңға бет алады. Бұл идеаны шығарып, үнпарақ жазған Гүлнар Әбілқайырова еді. Оны жол бойы таратады. Алаңға келсе екі шеті көрінбейтін аумақта ығы-жығы халық. Шерушілер де, шеруге қарсылар да осында. Оның ішінде үлкені де, жасы да, орысы да, қазағы да бар екен. Бірақ мақсаттары әртүрлі.
Олар пленум шешімдеріне қарсы шыққан жастар мен қарулы, қалқан­ды жасақшылар арасындағы небір сойқандарға куә болады. Ол жерден жастарды райынан қайтар­мақ болған билік өкілдерін де, Роза Бағланова сияқты танымал тұлға­ларды да көреді. Көтерілісті басушылар өрт сөндіргіш көліктермен де толығып, қуаттана түседі. Әйтсе де «Менің Қазақстаным», «Елім-ай» әндерін шырқаған жастар, «қазақ жеріне қазақ басшы болсын!» деген райынан қайтпай, қарсылықты жалғастыра береді. Гүлбиралар, өз айтуынша, түнгі сойқанға дейін қалмай аман-есен жатақханаларына жетіп алған сияқты. Бір жағы ол ертеңінде әр ауысымда демалыссыз жұмыс істейді екен. Мен көрген Гүлбира сабырлы, кең мінезді қыз болатын. Ұлттық рухта тәрбиеленген ондай қыздардың аңғалдығы да көзге ұрып тұрады. Айтпағым – ертесінде қасындағы қыздар қайсар­ланып жұмысқа шықпай қойса, олардан бейхабар Гүлмира жұмысқа шығып кетіпті.
Ертесінде кәсіпорын жастарын талқыға салып, кінәлілерін қаралау басталды. Жұмыстан, комсомолдан шығарылып жатқандар баршылық. Кезегі жеткенде комсомол талқысына қасындағы Ғалимат Шамаева жә­не Гүлнәр Әбілхайыровамен бірге Гүлбира да шақырылады. МҚК (КГБ) тергеушілері олар таратқан үнпарақты қолға түсіріпті. Одан әрі тергеу басталып, Гүлбираға «үнпарақты сен жаздың ба?» десе, сақшының шүйілуін алғаш көрген ол сасқанынан «жаздым» дей салыпты. Бірақ ол жазбаған. Оған «біз орысша білмейміз», «жаза алмаймыз» деп ақталған бір-екі әріптесі жала жапқан екен. Соңынан олардың қасына «Қанды жексенбі!» деп үнпарақ таратып ұсталған Гүлнәр Лепесбаева және Гүлмира Рахымжанова дегендер де қосылады.
Гүлбиралар әуелде сотқа арыз түсіріп, жағымды жауап ала алмайды. Сосын алдыңғы үшеуін абақтыға қамап, соттап жібереді. Жазалау жал­ғасып жатқанда ата-анасы, жұмыстағы адамдар оған моралдық демеу көрсетіп, рухтандыра түседі. «Бұл жасағандарың қылмыс емес – ерлік!» деп түсіндіреді. Дегенмен де орыс басшы келгеніне намыстанып жазатайым жалаға ілінсе де әйел затының түрмеде болғандығын қаламайтын Гүлбира өмірінің соңына дейін бұл сырын көпке жая бермеуге тырысыпты. Бұл – қазақ әйеліне тән ұяңдық пен нәзіктіктің белгісі болар. Ал, басқа кейбір ер мінезді қыздар болмағанды да болды дегізіп, айдай әлемге айқайлап жүретін еді.
Сөйтіп жарты жыл ішінде қыз­дардан аса қауіпті қылмыс табылмай, соттың ісі сабасына түсе бастайды. Тіпті прокурордың өзі де ұлтжандылар сияқты олардың талабын әділ талап ретінде мойындайды. Жұмыс орнынан Людмила Крайнова деген фабрика директоры ақтау ісіне тікелей араласып, олардың түр­меден босауына көмектеседі. Қал­ған жазаны шартты түрде фабрикада жалғастырады.
Бұл жағдай менің желтоқсандағы тағдырымды тағы да еске салды. Маған МҚК тергеушілері оқып жатқан факультетімнен мінездеме талап еткен еді. Сонда бұл істі атқарып жүрген декан орынбасары өзі жазбай декан В.Козьменконың өзіне жіберді. Ал, декан болса, «трибунаның қасында айқайлап тұрғаныңды өз көзіммен көргенмін. Мен компартия өкілімін. Мінездемені қалай өтірік бере аламын?» деп ол да бермей қойды. Сон­дағы декан орынбасарының айт­қаны:
– Қазір бәрі орыстың қолында, ол мінездеме бермесе біздің қолы­мыздан түк те келмейді, – деген еді. Сөзінің жаны бар шығар. Сол сияқты Гүлбира да бас қолдаушы орыс болғандықтан құтқарылған шығар.
Біз отыз жылдан аса уақыт ұлттық мүдде үшін жанталасып таяқ жеп жүрсек, кейбір істі болғандар үй алып, шаруасын түгендегесін үні шықпай үйде жатады. Ал, біз сияқты жатпайтынның бірі де сол Гүлбира еді. Кейін де ол ұйым жұмыстарына араласты. Желтоқсанда сотталған Ерлан Декелбаев:
– Гүлбира туралы мағлұматтарым өте аз. Ұйым құрған кезде ол жина­лыстарға келіп тұратын. Өзі сондай тыныш, қарапайым адам болатын. Орынсыз сөз айтпайтын. Жиналысқа келген кезде ол «не істесем болады, қандай пайдам бар?» деген ниетпен келетін. Берген жұмысты үндемей отырып орындайтын. Хаттама, протокол, ол жағынан өте жақсы болатын. Қағаздық жұмыстармен біраз айналысты. Ал, оның артық бір мінезін көрген жоқпыз. Өмірінде біреуге жаман сөз айтқан емес. Гүлбираны мен тек осы желтоқсанның жиналыстарында ғана көретінмін, – деп еске алады. Осының өзі-ақ, оның өз денсаулығының сыр бергеніне қарамастан Желтоқсан ісінде белсенділік танытқанын байқатады.

Аманғазы КӘРІПЖАНӘУЛЕТІ,
ақын

Жауап қалдыру