0
425

Туған жерге туыңды тік!
«Болашақтан»
бүр жарған бәйтерек
дихан әулетінің игі дәстүрін жалғастыруда
Бағытымыз «Мирас 2000» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігі. Аудан әкімі Қа­йыр Рыскелдінов «Мирас» жай­лы сөз қозғағанда елең ете қалғанбыз. Жаңа ғасыр басындағы мұндай атау те­­гін қойылмайды. Оның үс­ті­не бұл шаруашылықты Дә­лел Жүзбаев басқарады екен…
«Жүзбаев, Жүзбаев…» деп іш­тей қайталай бере­мін жол бойы. Қазір Қорғалжынның кең жазы­ғымен келе жа­тыр­мыз. Бірақ, кезінде тың көтеру ме­ре­кесіне арнап өзім мақала жаз­ған Ат­ба­­сар­дың «Щуйский» совхо­­зын­дағы Хамидолла Жүз­бай­ұлы Сыл­­қымбеков ойыма ора­ла береді. Жанымдағы ауыл ша­­руа­шы­лығы бөлімінің ма­ма­нынан сыр тартып көріп едім, біздің Дәлеліміз Ақмола өңіріне аты кеңінен мәлім сол ағамыздың немересі бо­лып шықты. Бұл кісі 1954 жы­лы Алматыдағы ауыл шар­уа­шы­лығы институтын үз­дік бітірген бойы, комсомолдық жол­да­мамен, әлі қазығы қағыл­­мағаған «совхозға» аг­ро­­ном бо­лып келеді. Біртіндеп бас агроном­дық­қа дейін көтерілген. Кейі­ні­рек өзінің туған жері «Қорғал­жын» совхозын «мил­лионер» атан­дырған дирек­тор, «Қа­зақ жа­йылым және шабын­дық ҒЗИ» директорының орын­ба­сары, Жезқазған облысы ашылғанда ҚР компартиясы орталық коми­тетінің жолда­масымен об­лыс­тық ауыл шаруа­шылығы тәжі­рибе стан­са­сының басшысы бол­ған көрнекті ғалым еді.
Хамекеңнің баласы Шәріп те туған жерін түлетуде ерен еңбек сіңірген, елге жайлы бас­­шы ретінде танылды. Ал­ма­­тыда қызмет іс­тейтін ол то­­қырау жылдарында Қас­­­ке­лең­нің Абай ауылында «Құ­ла­гер» шаруақожалығын аш­қан ал­ғашқы кәсіпкерлердің бірі тұғын. Астана Ақмолаға көш­кенде «Астана-Технопарк» ААҚ бас­қарма төрағасының орын­­ба­сары болды. Бірақ, Шә­ріп Жүз­баев несібесін туған жерінен те­руді мансұқ етті. Бұған «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақала түрткі болғанын айтқымыз ке­леді. Онда Қорғалжын өңірінің ауыл өміріндегі түйіт­кілдері  айты­лып, солардың қатарында жоға­рыда аталған «миллионер» сов­­хоз­дың мүшкіл хәлі өткір сы­нал­ған.
Мақаланы қинала оқып шық­­қан Хамидолла ақсақал те­рең ойға батады. Шəріппен ақылдасып, Қорғалжынға бару­ға бел буады. Əкелі-балалы екі азаматты ауыл ақсақалдарының бірі анадайдан жазбай танып: «Айналайын, Ха­мидолла, бір кездері өзің бастап негізін қа­лаған ауылың мынау. Берекені өзің алып келіп, өзіңмен бірге алып кетіпсің ғой», дегенде əкесі түгілі Шəріптің көңілі алабұртып кеткен. Сол жолы аудан әкімімен кездесіп, мә­мілелі әңгіме құрылған.
Шəріп көп ұзамай жергілікті əкімшіліктен жалға жер алып, оны игеруге кірісті. Соның негізінде алдымен «Ақжол-Шалқар» ша­руа­қо­жалығы, кейін «Ақжол-Агро» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігі құрылды. Серіктестік айна­ла­сы оншақты жылда өңірдегі ал­­дыңғы қа­тарлы үлкен шаруа­шы­лық дең­гейіне көтерілді. Мұнда ай­мақтық семинар-кеңестің өт­кізілгенінің куәсі де болдық. Әттең не керек, сырқат дендеген абзал аза­маттың арманшыл жүрегі  2015 жыл­ғы 4 шілдеде соғуын тоқ­тат­ты…
«Ағаш тамырымен мықты  бол­­са, адам ұрпағымен мықты» деген­­дей,  ұл-қыздарына тəлім­ді тəрбие мен тағылымды өнеге беруді Шə­­ріп асыл парызы санайтын. Өмірлік жары Қал­дыкүлмен бірге үш ұл, екі қыз­ды тəрбиелеп өсірді. Олар алып бəйтерек діңінің мық­тылығын дәлелдей білуде. Мәселен, бір шаңырақтан үш бірдей баланың «Болашақ» бағдарламасымен білім алуы сирек кездесетін жайт. Жәлел Анг­лияда заңгер мамандығын иге­ріп, бүгінде Әділет ми­нист­р­лігінде қызмет істесе, Дәлел АҚШ-тың Кентукки универ­ситетін аяқтаған, ал Мұхам­мад Америкадағы Пен­сил­ва­ния штатының Пенс­тейт уни­­­вер­ситетінде тәлім алған өн­ді­ріс инженері. Шәріп Ха­ми­­доллаұлының тұңғышы Жұл­дыз банк қызметкері болса, кен­жесі Ма­риям Назарбаев уни­верситетін тәмамдап отыр. Бір қызығы, Дәлел Кетукки университетінде (2006-2010 жыл­­дар) ком­пьютерлік ғылым ба­калавры мен желілік тех­но­логия мамандықтарын мең­геріп, президенттік және уни­вер­ситеттік стипендиат атан­ған. Жоғары сұраныстағы ма­ман­дық иесінің «ІТ Ресурс», «Қа­зақстан темір жолы», «Ұлт­тық информациялық тех­­но­ло­гиялар» ком­пания­ла­рында же­місті қыз­мет атқаруын осы­мен де байланыстыруға болады.
Тәтті ойлардың жетегімен «Ми­рас 2000» ЖШС орта­лық қонысы Садырбайға жет­ке­ні­мізде көктемгі егістің қауырт қимылы жүріп жатты. Қалың істің ортасындағы бойшаң жі­гіт Дәлел екендігі айқын. Біресе алқапқа асыққан меха­ни­заторлардың, ­ тұқым тиелген алып трак­тор­дың, енді бірде тың дерек­­термен то­лықтырылған дис­петчер ор­та­­лығында ұршықша үйіріліп жүр. Жұртшылықтан естіп біл­­геніміздей, «Кіші Америка ара­лында» әр минут санаулы, әр сағат­тың өз міндеті бар көрінеді. Бас есепші Мәдина Төребаеваны (өзгелердің уақы­тын бөлуге дәтіміз бармады) сөзге тартқанымызда, әкесі Шәріп Хамидоллаұлының игі ісін мирас қылып мойнына артқан Дәлел биыл төртінші науқанын өткізіп жатқанын білдік. Тәрбиелік тұрғыдағы тәр­тіп қатаң, бірақ ешкімге қия­­нат жасалмайды, түсіністік пен өзара жауапкершіліктегі ор­­тақ жұмыс жүйелілік тап­қа­ны көрініп тұр. Үш ұрпақ­қа жал­ғасқан дихан­шы­лық кә­сіптің өрге басқа­нына қуа­насың. Дә­лел­дің мақса­тына беріктігіне, қол­ға алған­ды қолдан қойғандай дөң­­гелентетіндігіне тәнті бо­ла­сың.
Кісі аяғы саябырсыған сәтте Дәлел бауырымыз мынаны айт­ты: «Әкеміз отбасындағы жал­ғыз ұл. Соған қарамастан жұмыс­­тан қолы босамайтын. Біз­дің бесеумізді де еңбекке ерте ара­лас­­­тырды. Шетелде оқи­тын­дары­мыз әуежайдан түсі­сімен Қор­ғал­жындағы егіс басы­на бара­тынбыз. Әкеміз қайтыс болғанда оның ісін жалғастыру жөнін­дегі ұсынысым қолдау тапты. Тәуел­сіздік символы – Астана­мыздағы жайлы тірлік ауыл шаруашылығын, оның азық-түлік белдеуін дамытуға ті­ке­лей байланысты екендігі бел­гілі. Осыған үлес қосып, ке­шен­­ді істерге қозғау салсақ дей­міз».
Мұның астарында көп мәсе­ле жатқанын аңғардық. «Бола­шақтан» бүр жарған бәйтерек жауап­кер­шілікті жақ­­сы тү­сінеді. Оны нақты дәлелдеп те отырғандай. Жыл сайын егістік алқабы ұлғая түсуде. Бұ­лардың қарауында 2012 жылы 9000 гектар жер болса, қазір 11500 гектарға береке дәні себілуде. Былтыр барлық агротехникалық та­лаптар сақ­талған алқаптарға өздері аудан­дастырған «Егін­­дікөл 95», «Астана» тұқым­дарын себу арқылы гектар тү­сім­ділігін 15 центнерге жет­кізді. Ал, тәжірибелік учас­ке­лерде бұл көрсеткіш 20-25 центнерден айналған. Өңірде сирек тір­келетін табыс сы­йым­дылығы 5000 тонналық екі қой­ма салуға, кез-келген көлікті қа­был­дай алатын 60 тонналық цифрлы таразы орнатуға түрткі болыпты. Егіс науқанына негізінен шетел­дік кең алымды тұқым себу ке­шендері қатыстырылған. Нау­қан­­дық жұмысты үйіріп тұр­ған­дар қатарында ағайынды Берік, Серік, Ерік Ыбыраевтар, Олег Рябов пен Марат Айтмағамбетовтың, дала қо­­­сы­ның аспазы Мәдина апайдың есімдері аталды. Бұл ауызға ілін­гендегісі. Жалпы, бар­лық жиыр­ма механизатор да сай­дың са­­қасындай екендігі шүбә ту­ғыз­­байды.
Өндірістің жас ұйымдас­ты­ру­шысы ауыл шаруа­шылығын мем­лекеттік қол­даудың жаңа сипа­тына оң бағасын берді. Аталған қол­­дау қазірдің өзінде жемісін бе­ру­де. «Мирастықтар» «Қаз­агроқаржы» ұйымы арқылы отандық 10 ас­тық комбайнын жеңілдік ба­ға­мен сатып алыпты. «Азық-түлік кор­порациясынан» несиені ақ­ша­мен алып, астық­пен өтеудің тиім­ділігі жо­ғары. Сондай-ақ, хи­миялық тыңайт­қыштарға өте­мақы тө­леу бұ­рын­ғы 30 пайыздан 50 пайыз­ға өскені үлкен демеу болып тұр.
Атасы Хамидолла мен əкесі Шəріп үйреткен өмір са­бақ­­тарына шетелде  алған білі­­мін қосқан Дəлел ауыл шаруа­шы­лығындағы соңғы техноло­гия­­ларды игеруден бір сəтке тар­тынған емес. Кері­сінше қазақ топырағына сіңімді дəн­ді сеуіп, жерді игеру мен елді көркейтуге жанын сала қи­мылдауда. Мұнда «Болашақ» бағ­дар­ламасымен Ир­­ландияда оқы­ған Қуат Тал­ғатұлы жыл сайын ғылыми сынақтар жүргізіп келіпті. Биыл Австралиялық ғалым Ян Кин республикалық «Атамекен» кә­­­сіп­керлік палатасы арқы­лы «Ми­рас 2000» ЖШС қарауын­дағы 50 гектар тыңайған жерде тәжірибелік жұмыстарын бас­тамақ. Ғалым өзінің егіс кешен­дері­мен 5 жыл бойы жұмыс іс­тейтін болады. Мақсат табиғи тәуе­­кел­шілдігі басым Қор­ғалжын ай­ма­ғында егістік мәде­ниетін кө­теру­дегі «нөлдік» тех­нологияны қалып­тастыру.
Серіктестік Садырбай ауылын­дағы 45 отбасын тұрақты жұ­мыспен қамтып отыр. Мұн­да еңселі кеңсе, тұрмысқа қо­лай­лы жатақхана пайдалануға бе­ріл­се, демалыс орталығының құ­ры­­лысы аяқталуға жақын. Тұр­­ғынүйлер салудың мүмкін­діктері қарас­ты­­рылып жат­қа­нына бәре­кел­ді деуіміз ке­рек. Ел­ді­ме­кен­нің әлеу­мет­тік мәсе­лелерін ше­шу де «ми-рас­­тық­тар­дың» абы­ро­йын асырып отыр.
Ұжым мүшелерінің орта жасы 25-30 аралығында екен. Шағын ауылда той-томалақ кө­бейе бас­таған. Көшіп келуге тілек білдіру­шілер қатары арт­қаны ауыл тұр­мы­сының жақ­­сарғанын білдіреді. Дәлел кел­гелі интернет қосы­лыпты, «Отау ТВ» әр ша­ңырақтың шыра­йын ашып тұр.
Мұнда жұмыссыздықты бы­лай қойып, жұмыс қолына сұраныс артқан. Бұл мал шаруашылығын дамытуға жол ашыпты. Қазірше 50 бас жылқы табынға шығарылса, қазақы 100 қой бордақылануда. Жаңашыл басшы техникалар мен мал басының күтімін «GPS» жүйесі арқылы бақылауды қолға алатынын да айтып қалды. «Жас келсе – іске» дейтініміз осы.
Алқапта тізілген агрегаттар алыстап барады. Сайын дала  дүр сілкініп, әп-сәтте ажар­ла­нып қал­ды. Дүниенің тынысы кеңі­ген­дей ғаламат сезім баурайды бәрімізді. Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бо­лашаққа бағдар: Рухани жаң­ғыру» мақаласындағы: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің тү­бінде әлдилеп өтпейтін жан ба­ласы болмайды», деген сөздерді осын­дай сезімнің алауына бөленіп жаз­ған-ау дейсің. Бұл Дәлел сияқ­ты азаматтарға да қаратып ай­тыл­ған терең мағынадағы ақ тілек екендігі анық.

Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Президент және Халық».

Ақмола облысы
Қорғалжын ауданы

Жауап қалдыру