700 отбасы теріскейге қоныс аудармақ

0
101

Еңбек нарығын жандандыру мақсатында республиканың Оңтүстік Қазақстан облысынан еңбек күші жетіспейтін солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл өңірден 665 отбасы теріскейге қоныс аудармақ.
Аталған жұмыстарды атқаруға жергілікті атқарушы билікпен бірге өңірдегі іскер азаматтар, мәлихат депутаттары белсене атсалысуда. Оның дәлелі ретінде облыс мәслихатының депутаты Ж.Ағабековтың демеушілігімен 9 аудан, қаладан 75 отбасы алдағы уақытта қоныс аудару үшін солтүстік өңірімен танысып қайтатын болады. Олардың 35-і Павлодар, 9-ы Қостанай, 26-сы Солтүстік Қазақстан облыстарына барады.
Шығарып салу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр оңтүстікқазақстандық отбасыларға сәтті сапар тіледі.
– Мемлекет басшы­сының бастамасымен қолға алынған бұл жоба 2015 жылы басталған болатын. 2015-2017 жылдары облыстан 1392 мүшесі бар 347 отбасы республикамыздың солтүстік өңірлеріне қоныс аударды. Олар жұмыспен қамтылып, әртүрлі салада жемісті еңбек етуде. Бүгін де 75 отбасы қоныс аударғалы тұр. Қоныс аударушыларға оның әрбір отбасы мүшелеріне 84 175 теңге мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Қоныс аударған азаматтардың тұр­ғын үй, жер, әлеуметтік пакетпен қам­та­масыз етілуі әкімдіктің тұрақ­ты бақы­лауында болады, – деді Е.Әбіл­хайырұлы.
Бұдан бөлек, қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан 12 ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін 48100–72150 теңге мөлшерінде қаржы төленеді. Сондай-ақ, жұмыс орнын ашып, кемінде бес қоныс аударушыны үш жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына қабылдаған азаматқа әрбір жұмысшы үшін 1 082 250 теңге көлемінде субсидия беріледі.

ОҚО әкімінің
баспасөз қызметі

Жауап қалдыру