2018 жылы зейнет жасы артады

0
212

Келесі жылы еліміздің әлеуметтік саласында бірқатар өзгеріс болады. Олардың бірі – әйелдердің зейнеткерлік жасының ұлғаюы. Дәлірек айтсақ, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2018 жылдан бастап 2027 жылға дейін жыл сайын 6 айдан артып отырады. Яғни, жаңа жылдан бастап әйелдер 58,6 жасқа толған кезде ғана зейнетке шыға алады.
«Қазақстан Республикасының заңнамасында ер адамдар үшін зейнетке шығатын жас – 63 жас, ал әйелдер үшін – 58 жас. Сонымен қатар, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең-кезеңімен 58 жастан 63 жасқа арттыруды көздейтін норма күшіне енеді. Осыған орай, әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру 2018 жылдан бастап 2027 жыл аралығында, 10 жыл ішінде 6 ай сайын жүзеге асырылатын болады. Бұл шара, 1960 жылы және одан кейін туған әйелдерге қатысты болады. Мысалы, 1964 жылғы 1 қаңтардан 30 маусымға дейін туған әйелдер 62 жас 6 ай толған кезде зейнетке шықса, 1964 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін туған әйелдер 63 жасқа толған кезде зейнетке шығады», – деп жауап берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тілшінің ресми сауалына.
Зейнеткерлік жасы ұлғайға­нымен, әйелдерге зейнетке ерте шы­ғу мүмкіндіктері сақталған, олар:
– 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда;
– төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығында полигонда кемінде 5 жыл тұрған әйелдер 45 жасқа толғанда;
– зейнетақы жинақтары жет­кілікті болған кезде (2017 жылы – 12,4 млн теңге), зейнета­қы аннуитеті шартын жасасқан жағдайда – 50 жасқа толғанда.
Яғни, осы жасында жинақ­таушы зейнетақы жүйесінен зей­нетақы төлемдерін тағайын­­дау құқығы бар болады.
Бұған қоса, әйелдерге жа­сына байланысты зейнетақы таға­йындау үшін еңбек өтілін жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегiнен аспайтын уақытты есеп­ке алу жеңілдігі сақталған.
Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлі­гінің мә­ліметінше, жасына байла­ныс­ты зейнетақы төлемдерін таға­йындау кезінде тек 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі есепке алынады. Ал, 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі үшін жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы төлемдері беріледі.
Зейнет жасына келген аза­мат­тар зейнетке шығу үшін қол­даныстағы заңнамаға сәйкес келесі құжаттарды ұсынады:
1) жеке куәлік;
2) тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат;
3) еңбек кiтапшасы;
4) бiлiмi туралы құжат;
5) әскери билет немесе қор­ғаныс істері жөніндегі басқар­маның (бөлімнің) анықтамасы;
4) жұмыстағы үзілістерге қарамастан, 1995 жылғы 1 қаңтардан бергі кезеңдегі қатары­нан кез келген 3 жылғы орташа айлық табысы туралы ұйымның (кәсіпорынның) анықтамасы.
Зейнетақы тағайындау туралы толық мәлімет алу үшін азаматтар қажет құжаттарымен тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына баруы қажет. Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік кор­порациясы ақпараттық ке­ңес орталығының (call-центр) 1414 номерлі телефонына тегін ха­барласып, толық мәлімет алуға болады.
Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің мәліме­тінше, зейнетақы жасы ұлғай­ғанымен, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайынғы жасына байланысты зейнетақы төлемдері 8%-ға өседі. Сонымен қатар, ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасының өзгеруіне байланысты мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері де артады.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ,
baq.kz

Жауап қалдыру