0
291

Үстіміздегі аптада Алматы қаласындағы Медеу ауданына қарасты Мәншүк Мәметова атын­дағы №28 мектеп-лицейінде мектептің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы мұғалімдерінің ұйым­дас­ты­руымен «Тәуел­сіздіктің сара жолы» атты мере­ке­лік-та­ным­дық шара өтті. Кездесу қона­ғы – белгілі ақын, көрнекті публи­цист, бүкіл­түркі дүниесі ақын­дары фестивалінің лауреаты, жел­­тоқсан оқиғасының куә­гері Болат Шарахымбай болды.
Кеш шымылдығы 8-сынып оқу­шыларының «Жаса, Қазағым» әнімен ашылып, одан әрі 3-ші және 7-сынып оқушыларының ақын өлеңдерін жатқа оқуымен өрбіді. Ал мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айдана Болатхан Бо­лат Шарахымбайдың өмі­ріне қысқаша шолу жасап, оқушыларға ақынның шығар­машылығынан, өмі­рінен мағлұмат беріп, бейне­ролик тамашалатып, нәрлі баяндама жасады.
Ақынның өнегелі өмірінен ха­бар­дар болған кеш қонақ­тары ары қарай 3-сынып оқушылары­ның көңіл сергітерлік «Қазақ биін» тамашалады.
Мектеп ұстаздары білімділі­гімен қатар, өнерден де құра­ла­қан емес екенін көрсете білді. Бірі жүргізуші болып, бірі та­мыл­жытып ән салса, ал енді бірі жаңа технологияны жетік мең­герген жан-жақтылығын, жаңа­шыл­дық­қа құш­тар­лығын танытты. Одан әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жас маманы Мамырбек Маусымжан «Желтоқсан желі» әнімен кештің көркін қыздыра түсті.
Мектеп ұстаздары мен оқу­шылары өз өнер­лерімен кеш қонақтарын сусындатқан соң, сөз тізгінін Болат Шарахымбайға ұсынды. Ақын өзінің өнегелі өмірінен сыр шертіп, жастарға Жел­­тоқсан көтерілісі тура­лы, Тәуел­сіздіктің қа­лай келгені жай­лы таным­дық ақпараттар, та­ри­хи мағлұмат беріп өтті. Ел­ба­­­сы­ның «Руха­ни жаңғыру», «Ұлы да­ланың жеті қыры» ат­ты мақалаларындағы түйін­де­рін түсіндіріп, оның ішінде жас­тардың орны ерекше екенін ба­са ескертіп, оларды отан­сүй­гіш­тікке, пат­риотизмге баулитын, рухтандыратын салиқалы сұқбат жасады. Мектеп оқу­шылары ақын аға­мыздың өмірі мен шы­ғармашылығына қа­тысты өздері білгісі келетін, көкейде жүрген сұрақ­тарын қойып, жауабын алып, риза болысты. Содан соң ақын мектеп ұжымы мен оқушыларға өз алғысын айтып, қанша кездесулерге барып жүр­генімен орыс мектебінде, дәл мұндай аудиторияда алғаш рет болып отырғанын және өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, өзінің ыстық ықыласын білдірді.
Шара соңында мектеп-лицей директоры Айсұлу Темірғали­қызы сөз сөйлеп, ақын Болат Шарахымбай ға тағылымды да танымдық әңгімелері үшін үлкен алғысын білдіріп, бұндай кездесулер жыл сайын өткізілетінін және алдағы уақытта да байланыс жасап тұратынын жеткізді. Сосын қазақтың дәстүрі бойынша қонақтың иығына шапан жауып, мектеп мұражайымен таныстырып, ілтипатпен шығарып салды.

Қызғалдақ МҰЗАҚАНОВА,
М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Жауап қалдыру