«Жаhан нама» жеткізген жаңалықтар

0
166

Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылып, әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар алдырылып, жүйелі түрде зерттеле бастады. Көптеген құнды дүниелер қазақ тілінде жарық көріп жатыр. 2012 жылы Ғылым және білім министрлігінің тапсырысымен Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкранның әйгілі географиялық трактатын аудару қолға алынды. «Жаһан-нама» (XIII ғ. басы) Қазақстан мен Орталық Азия тарихының дерегі» атты фундаменталдық жобаның орындаушысы Нияз Тобыш атты азамат парсы тілінде жазылған «Жаhан наманы» қазақ және ағылшын тілдеріне аударып, күні бүгінге дейін әлі де құпия сырлары мол тарихтың жаңа қырларын ашып берді.
«Кешегіміз түгенделмей, бүгін­гіміз бүтінделмейді», – деп қа­лам­гер ағамыз Әбіш Кекілбаев айтпақшы, «Жаhан нама» кітабы ежелгі тарихтың негіздерін бүгінгі күнмен жалғастырып жатыр. Бұл шығармада қазақтың тегі, тарихы туралы тың деректер баршылық. Осынау мол қазынаны Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, «№1 кешкі жалпы білім беру орта мектебі» КММ-нің ағылшын тілі пәні мұғалімі, қазақша-ағылшынша, қазақша-парсыша тілашар, сөз­діктерінің авторы, ағылшын, парсы тілдерінің маманы Нияз Тобыш­тың әлемдік тарихнамада тұңғыш рет қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударып, ұсынып отыр.
«Жаhан нама» тарихи геог­ра­фия­лық кітабы бұдан 800 жыл бұрынғы Иран мен бүкіл әлем қоғамдастығына қатысты сирек кездесетін ақпараттарды алға тартады. Әлі де сиясы кеппе­г­ен аударма-туындының құнды­лы­ғы Елбасымыздың «Ұлы да­ла­­ның жеті қыры» атты күні кешегі мақаласында ай­тылған: «Кейінгі жылдары та­былған та­рихи жәдігерлер біздің ба­ба­лары­мыздың өз заманын­дағы ең озық, ең үздік техноло­гия­лық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды, бұл жә­дігерлер Ұлы даланың жаhан­дық тарихтағы орнына тың көзқа­рас­пен қарауға мүмкіндік береді», – деген пікірімен үндесіп жатыр.
Тарихқа көз жүгіртсек ата-бабамыздан қалған кең-байтақ жер­дің тарихын  айқындайтын жер-су, тау-тас атаулары, өсімдігі, жан-жануарлары, табиғи байлық көздерінің ежелден Қазақстан жерінде, соның ішінде Маңғыстау жерінде бай көзі болып, қай заманда да сыртқы дүниені қызық­тырғаны мәлім. Ұлт пен ұлыстардың қалыптасу заманында, яғни, ХІІ ғасырда Хорезм мемлекеті Сұлтан Әли шаһ басқарған кезеңде өркениеттік мәдениеттің лайықты шыңына көтерілді. Білім, ғылым, сәулет өнері жоғары дамып, экономикалық байланыс күшейді. Географиялық жағынан шығыс пен батыстың арасында, Ұлы жібек жолының бойында, оңтүстікте Парсы елімен байланыстыратын Кіші жібек жолы тармағының торабында орналасуы елдің саяси-әлеуетін одан әрі көтерді. Осыған байланысты Х ғасырдан бастап Хорезм сұлтаны Ибн Мамунның кезінде Хорезмнің астанасы Көнеүргеніш қаласына академиялық орталықтарға дү­ниенің төрт бұрышынан  ғалым­дар, медиктер, ақындар келіп шә­кірттерге медреседе дәріс берді.
Обсерваториялар ашылып, онда Әбу Әли әл-Хорезми, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни сияқты білімдар ғұла­ма­лар жұмыс жасады. Елдің өзге елдермен байланысы күшейіп Чын-мачынмен (Қытай), Парсы, Үнді, Шам (Сирия), Арабия, Рум, Мысырмен қатынаста болды. Осы тұрғыда сұлтанға елдің билік қорғанысын және әлеуметтік байланысын күшейту үшін нақты мәліметтері бар карта керек болды. Уәзірлерін жинап, ғалым-оқымыстыларға географиялық карта жасауды бұйырды. Осы тап­­сырма Хорасанның Тусс қала­сының тумасы, ғалым, ойшыл Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкран­ның еншісіне тиді. Ол картаны хиж­ра­ның 605 жылы (миләди 1208 ж) аяқтады.
Орта ғасырда белгілі болған Еуразия мен Африка құрлықтарының географиялық картасын 3×3 гяз (кез) өлшемінде матаға сызып бітірді және оған қоса өзінің парсы тілінде жазған осы «Жаhан нама» трактатын ұлы шаһ сұлтан Әлиге табыстады. Кітап 20 тараудан тұрады, ескілігімен бірге бұл кітап қазақ жері туралы өте құнды әрі тың мәліметтерге бай. Моңғол шапқыншылығына дейін (1221 жыл) орта ғасырларда бұл кітап  Хорезм астанасы Көнеүргеніш медреселерінде оқулық ретінде де қолданылған. Кі­таптың мәні әлі күнге жойылған емес.
Атап айтар бол­сақ, кітапта кел­тірілген дәлел­дерге қарағанда сол дә­уірдегі адамдар жерасты бай­лықтарын, әсі­ре­се тас көмір мен қарамайды (мұ­­най­ды) игерген. Маң­ғыш­лақта құ­дық­тан алынған қара­­май­ды түйемен Хорезм қа­ла­­ларына, Оты­­рарға, Жентке, Түркістанға, Бұха­раға жөнелтіп отыр­ған. Қарамай отынға, медицина­да, әсіресе қор­ға­ныс саласында пай­­даланылған.
Жау­­гершілік заманда орталық қа­ла­ларды жаудан қор­ғауда қайна­тыл­ған ыстық қара май­­ды төбеден төң­керіп, дұшпанды бө­ге­гендігі туралы мә­ліметтерге қара­ған­да мұнайды игеру тарихы тым әріде жат­қанын аңғаруға болады.
Осы орайда «Жаһан-нама» қазақ жеріндегі мұнай көзін 1640 жылы Жайыққа келіп ағаш бекініс салған ярославльдық көпес Гурий Назаров ашыпты-мыс деген тұжырымның қате екендігін көрсетеді. Іс жүзінде қазақтар мұнайды орыстардан, тіпті олар ойлап тапқан аңыздан әлдеқайда бұрын, кемінде үш ғасыр ерте құдық қазу тәсілдері арқылы өндіріп, кәдеге жаратып жүрген. «Жаһан-нама» кітабында адамдар карамайдың (мұнайдың) қара түсін Маңғышлақта, Балқанда қазылған құдықтардан тапқан, Хәзерде, Дарбанда жасыл түсі, Баку маңында Абескун теңізінде бір аралдан ақ түсі өндірілетінін ХІІ ғасырда-ақ жазып кеткен. Қара мұнай тамшылату жолымен ақ түске айналдырылады деген қызық дерек те бар.
«Жер-судың аты – тарихтың хаты» демекші, кітапта сол кездегі Дешті Қыпшақ деп аталатын қазақ жерлері, әсіресе Мауреннахр (Сыр мен Әмудария өзендерінің арасы) халқы өте қонақжай келеді, қайырымды болады деп, бабаларымыздың мінез-құлқы сол кездің өзінде қалтқысыз нақты сипатталған. Түркістанда Хәллох пен Хатлан арасында тау өткелдері бар. Кімде-кім сол жерден өтер болса, шақпақ тастардың дауысы шықпас үшін аттың тұяғына киіз байлап алуы керек. Әйтпесе күн қарайып, жаңбыр немесе кар жауып кетеді деп ескертілген. Түркілердің «тасаттық» беру жолымен жаңбыр мен қар жауғызу ісі сиқырмен теңестірілген. «Найзағай ойнағанда көктен жерге жебенің ұшындай тас түсетіні және адамға тисе табанда қатыратыны» туралы мәліметтер тың зерттеулерді талап етеді. Хорезм көлі (Арал), Шаш (Ташкент) жері, Абескун көліндегі (Каспий), Қаратау туралы тамаша мәліметтер келтірілген.
Халықтардың қоныс аударуы және орналасуы тарауында айтылған фактілер де назар аударарлық. «Маңғышлақ – бұлар түркілердің бір қауымы. Ғоздармен арада болған келіспеушілік олардың бұрынғы өз жерлерінен кетуіне себеп болады. Абескун көліндегі Қара тау (Отпан тау) маңына келіп орналасады, өйткені бұл аймақта жайлы өрістер мен суы мол бұлақтардың бойына қоныстанады. Оларды «Маңғышлақ елі» деп атайды, олардың ұлығы «Хан» делінеді» дейді кітапта. Міне осы жерден де қазақ ұлтының, бабаларымыздың Маңғыстауды өте ерте заманнан мекен еткенін, хандық құрылысы бар ел болғанын аңғарамыз.
Қазақ хандығының пайда бо­луы XV ғасырда десек, ендігі кезекте қазақ ұлты туралы мә­ліметтерді «Жахан нама» мен салыстыра отырып, толық қайта зерделеу қажет сияқты. Дәшті-Қыпшақ бабаларымыздың, кең байтақ жерді қалай сақтап қа­луының сырлары да осында жат­қан болу керек.
Адам баласының екі тірегі болады: бірі туған жерің болса, екіншісі ата-тегің! Қазақ жөн сұрасқанда «Қай жерденсің?», «Ата-тегің кім?», – деп сұрайды. Осыған жауап бере алған адамды текті, рухты деп есептеген. «Жаһан-нама» сегіз ғасырдан кейін киелі Маңғыстау туралы қастерлі жаңалықтарды алдымызға жайып салды. Тарихтың тың беттерін ашқан «Жаhан нама» қазақ қоғамы үшін айрықша рухани байлық болары анық.
Осы кітапты әлемдік тарихнамада үш тілге аударып, бүгінгі ұрпаққа жеткізген Нияз Қарт­байұлы Тобыш ағамызға он жыл­дық риясыз еңбегі үшін арнайы алғыс айтқым келеді.

Тоғайбай ҚАЗИЕВ,
№1 кешкі жалпы білім беру орта мектебінің директоры
Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы

Жауап қалдыру