Өзекті тақырыптардың өрімі

0
147

Әл-Фараби атындағы Қаз­ҰУ баспасынан «Өнегелі өмір» айдарымен жарық көр­­ген «Қайрат Мәми» атты кі­­тапта осы туынды кейіп­кері­­нің саңлақ тұлға­ларға тән ғибратты ғұмыры баян­да­­ла­ды. Тәуелсіз Қазақ­стан­­ның ширек ғасыр ішін­дегі басынан өткен қиын­шы­лықтар, марқасқа азамат­тары­мыз­дың осы қиын­шы­лық­тарды жеңу үшін қа­былдаған оң­тайлы шешім­­­­дері, әсіресе, заң саласын­дағы өзгерістер, жетістіктер, күрмеуі қиын өзекті мәселелерді ойдағыдай шеше отырып, күн сайын ілгерілеген даму жолдары, елдің өсіп-өркендеуі кеңінен баяндалған.
Ақиқатында Қайрат Мәми­дің өмірі егемен еліміздің тағ­дырымен тығыз байланысты. Ол еркіндік лебі ескен алғашқы жылдардан бастап Елбасымыздың қасында жү­ріп, ірі ұлттық жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысты. Жаңа құқықтық мем­лекет құру үшін өте ма­ңызды заң үстемдігінің жү­зеге асуы жолында білім-бі­лігін, ақыл-парасатын жұм­­сады. Қолынан келгенше хал­қына қалтқысыз қызмет етті. Оның табандылығы, ұлт­тық мұратқа адалдығы боз бала шағынан-ақ байқал­ған еді.
Жер жәннаты атанған Жетісуда туып-өссе де жолдамамен табиғаты қатқылдау Атырау өңіріне барған жас маман табаны күректей он жыл бойы осы аймақта қызмет істеді, алғырлығы мен біліктілігі лайықты бағаланып, қызмет мәнсабы жоғары өр­леді. Кітапта шалғай өңір­де еңбек ете жүріп жергілікті халыққа деген құрметі, махаббаты, ыстық ілтпаты да қалай қалыптасқаны баяндалады. Қайрат Мами «Ой толғамдарында»: «Атырау – мен үшін ыстық. Осында қызмет еткен жылдарды әр­қашан қимас сезіммен ес­ке аламын. Атыраулық аза­маттарға деген құрмет-сезімім қашанда ерекше» дейді. Бұл күллі халқына ор­тақ тұлға, салиқалы аза­мат­тың жан тебіренісі.
Сондай-ақ Конституциямыз, заңгерлер, соттар, жалпы құқық саласына қатысты маржандай тізілген қанатты сөздері де Қайрат Мамидің өз мемлекетін, елін-жерін, Ата заңымызды, заңдарымызды қаншалықты қастерлейтінін көрсетеді. Қазақ, орыс тілдерінде берілген сұхбаттары, мақалалары арқылы заманауи ілімнің, өркениеттің шырқау шыңына ұмтылған озық ой-өресін аңғарсаңыз. Ол кісі туралы жазылған мақалалардан қарапайым аза­маттарға толағай кеудесін тосып, жан-тәнімен кө­мек­тесуге әрдайым дайын аза­­маттың бабасы Төле бидей қара қылды қақ жарған әділет жаршысы бола білгендігін байқайсыз.
Осының бәрін түйсіне отырып, кітаптың қа­был­­дау дең­гейі әр түрлі оқыр­ман-дар­ға ұғынықты боларлық­тай, қа­рапайым, жеңіл тіл­мен жа­зылғанына, ел өмірін­­дегі өзекті мәселе­лерді көрсету ар­қылы бас­ты кейіпкердің де саяси, руха­ни портретін сомдай білге­ніне риза боласыз. Ата-баба­ларымыздың даңқты өміріне орай ұлылылықтың, кісіліктің, бекзаттықтың, іріліктің, мәрттіктің асқақ үлгісін көрген бүгінгі ұрпақ сондай шынайы қазақы болмысы бар нар тұлғаларды сағынатыны рас, алайда, алтынның сынықтары арамызда бар екенін кейде сезіне алмай қалатын сияқтымыз. Заң ғылымдарының докторы, профессор Арықбай Ағы­баев­тың «Ендеше Қай­рат ініміз тұлпардың да, сұң­қар­дың да,асылдың да біре­гей тұяғы» деген осы туын­ды­дағы пікіріне біз де қосы­ла­мыз.

Гүлбаһрам Жебесін.
Алматы қаласы.

Жауап қалдыру