ТОЛЫМДЫ ТУЫНДЫ

0
190

Көзі қарақты оқырман, жалпы зиялы қауым арасында республикалық Ардагерлер ұйымы Төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылым­дарының докторы, профессор, Халықаралық педагогика ғылымдары академиясының академигі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Өмірзақ Озғанбаевтың есімін білмейтіндер кемде-кем шығар деген ойдамын. Бұл сөздерді мен ол кісінің күнделікті тіршілігіне куә болғандықтан айтып отырмын.
75-тен асқан жасына қарамастан, қашан көрсең бойшаң денесін тік ұстап, сергек жүретін, кімді көрсе де күлімсірей амандасып, жылы қабағымен кездескен адамын баурап алатын осынау жібек мінез жан жұртты өзінің жағымды мінезімен ғана емес, ғалымдық, жазушылық іс-әрекетімен де, қоғамның тыныс-тірші­лігіне белсене араласатын қайраткерлігімен де тән­ті етіп келе жатқанын атап көрсеткеніміз орынды бол­мақ.
Өмекең ұзақ жылдардан бері талай жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің рухани-мәдени өмірін, ғылым-білім са­ласын жандандыра, жақ­сарта түсуге бір адамдай үлес қосып келе жатқан көрнекті қоғам қайраткері.
Әңгімені арыдан қозғап, Өмекең жөнінде кең көсі­луге бүгінгі тақыры­бы­мыз­дың көлемі көтермейтін болғандықтан, қысқа қайыр­сақ, мектептегі пионер тәлім­герлігінен Ы.Алтын­сарин атындағы Қазақ білім академиясының президен­тіне дейінгі педагогтық тәр­бие жолын жүріп өткен ағамыз, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік мәселелеріне 40-қа жуық кітап, 200-дей мақала арнаған майталман. Мұның сыртында тәрбие саласындағы басшылық қызметі, Жоғарғы Кеңестегі депутаттығы, Парламент Сенатында комитет төра­ғасы болуы және бар. Қо­ғамға сіңірген еңбектері көп­теген медальдармен, «Құр­мет», «Парасат» ор­ден­дерімен аталып өткен.
Мұның бәрін әңгіме өзе­гіне айналдырып отыруы­мыз­дың себебі де жоқ емес. Атап айтқанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің «Қа­зақ университеті» баспасы біраз жылдардан бері шығарып келе жатқан «Өнегелі өмір» сериясының кезекті кітабы Өмірзақ Озғанбаевқа арналыпты. Бұдан бұрын осы сериямен Шәңгерей Жә­нібеков, Рахманқұл Бердібай, Әбіш Кекілбаев, Мыр­затай Жолдасбеков және тағы басқа жүздеген көр­некті ғалымдар мен жазу­шылардың шығар­машылық өмірі қамтылып, жарыққа шығарылған болса, серия­ның 135-ші шығары­лымы Өмірзақ Озған­баев аға­мыз­дың еншісіне тиіпті.
Үш бөлімнен тұратын кі­тапта негізінен Өмірзақ аға­мыздың шығармашылық, ғалымдық келбетінен хабардар ететін материалдар қамтылған. Мысалы, жинақтың бірінші бөлімінде уни­верситет ректоры, кі­тап­тың бас редакторы Ғ.Мұ­танов оқырманды Өме­кеңнің өмірбаянымен қыс­қа­ша таныстырып өтсе, за­­манымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Замандас, қанаттас інім» деген тақырыппен көлемді мақаласы берілген.
«Шешендігі мен көсемдігі астасқан» деген екінші бөлімде Ө.Озғанбаевтың бірнеше мақалалары ор­на­лас­тырылған. Олар­­дың оқыр­манды таным­дық тұр­ғы­дан бей-жай қал­дыр­май­ты­нына сенімдіміз. Өйт­кені бұл бөлімдегі әрбір ма­қала қазақтың айтулы тұл­ғаларының өмірінен сыр шертеді. Айталық, Қа­зақ­стан Респуб­лика­сы­ның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Н.Ә.Назар­баев жөніндегі бөлім тақыры­бымен аттас мақалада Нұр­сұл­тан Әбішұлының халық­аралық кездесулердегі тап­қырлығы мен ұтымды пікір­лері сөз болса, «Қазақ аспанынан алғаш жарқ еткен ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы» деген және бір мақалада ХV ғасырдағы Қазақ хандығы тұсында өмір сүрген атақты да таланты емші-дәрігердің тұлғасы айшықталады.
Осы бөлімдегі «Есімі елдің есінде», «Қайраткері хал­қының» атты туындыларда Алашорда туы­ның астында халқына қал­т­қы­сыз қызмет еткен Алпысбай Қалменов, Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов туралы тың мәліметтер ортаға салынады. Сондай-ақ осы бөлімдегі «Меккедегі мінәжат» атты көлемді мақаланы тебіренбей оқу мүмкін емес. Өмекең онда өзінің мұсылмандардың қасиетті мекені Меккеге тәу етуге барған сапарындағы көр­гендерімен, алған әсер­лерімен бөліседі.
Осы арада жоғарыда аты аталған мақалалардың Ө.Оз­ғанбаевтың соңғы жылдары жарық көрген «Тарихи тұлғалар тағылымы», «Жа­рық жұлдыздар», «Қа­зақ көсемдігі мен ше­шен­дігінің психологиясы» атты кітаптардан алынға­нын айта кеткеніміз жөн. Ал мына жинақтың негізгі мақсаты – оқырманды Өмірзақ Озғанбаевтың өмірі мен шығармашылығының бас­ты-басты қырларымен қыс­қаша таныстыру бол­ғандықтан, осы кітаптардан үзінділер келтірілгенін еске саламыз.
Жинақтың «Өнеге өрнек­тері» атты үшінші бөлімінде қоғам мен мемлекеттің белгілі қайраткерлерінің, танымал ғалымдар мен жазушылардың, журналис­тердің Ө.Озғанбаев жөнін­дегі пікірлері топтас­ты­рылған. Бас-аяғы 30 ма­қала қамтылған топтамада Өмекеңнің азаматтық, шығармашыл бейнесі әр қырынан ашылады. Мысалы, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғарин «Өнегемен өрілген өмір» атты көлемді мақаласында Өмекеңнің сан қырлы шығармашылығына кеңінен тоқтала келіп, оның әсіресе ХХ ғасырдың бас кезінде Ресей мемлекеттік думасына депутат болып сайланған қазақ қайраткерлерін зерт­теген еңбегін жоғары ба­ға­лайды. Ал жазушы, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев «Ұлағат даңғылы» атты мақаласын мынадай жолдармен түйіндейді: «Қасиетті халқының рухын асқақтату үшін күресіп, сол үшін өз туған халқының өткенін зерттеп, ертеңін данагөйлікпен зерделеп жүр­ген және де өз еліне қыз­мет етуден әлі де танба­ған Өмірзақ ағаның өмір жолы өзінің ұлағат даңғы­лымен сайрап жатыр».
Кітапқа сондай-ақ Өмірзақ Озғанбаев еңбектерінің хро­нологиялық көрсеткіші, ға­лымның жетекшілігімен қор­ғалған кандидаттық дис­сертациялар тізбесі, өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері енгізілген.
Қорыта айтқанда, аталған жинақ ұстаз-ғалымның, көр­некті қоғам қайраткерінің елге сіңірген еңбегін, отан­дық білім мен ғылымға қос­қан үлесін, қайраткерлік қыры мен адами болмыс-біті­мін айшықтаған толымды туынды.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты

Жауап қалдыру