Тілге тілекші тұлға

0
366
????????????????????????????????????

Жуырда  «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің және «Облыс­қа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері, ОҚО сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенбидің «Тілім – тірегім»  тақырыбында оқырмандарымен кездесу кеші өтті.
Кеш басталмас бұрын «Біздің кейіпкер» атты деректі фильм көрсетілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, жазушы Еркінбек Тұрысов пен жазушы-журналист Мархабат Байғұт, ОҚМПИ проректоры, тарих ғы­лымдарының кандидаты Бар­шагүл Исабек, ақын, түркі­танушы Сәрсенбек Сахабат сөз сөйлеп, тіл жанашырының ерен еңбегі жөніндегі ойларын ортаға салды. Қазақ пен қырғыз халықтарының достығын арт­тыруға және ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ОҚО Қырғыз этномәдени орталығының тө­раға орынбасары Аягүл Кәл­ме­нова «Ынтымақ» медалін омы­рауына қадады.
Белгілі жазушы, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Мархабат Байғұт: 90-жыл­дары облыстың үш ауда­нында ғана іс-қағаздар қазақ тілінде жүрді. Осындай қиын-қыстау шақта Қабыл айқай­шылардың бірі болып, таза тіл майданының күрескері болды. Ол Тіл басқармасына келгеннен бастап тыным таппай, көп еңбек етті. 1997 жылы Тіл басқармасы қатты жұмыс істеп кетті ме, әйтеуір жабылып тынды. Содан, 2005 жылы қайта ашылған басқармаға Қабылды бірінші жұмысқа қабылдадым. Онсыз Тіл басқармасының жұмысы ор­тайып қалатынына көзім жетті. Ашығын айтсақ, «Тіл туралы» заң әлсіз тұғын. Біз сол заңның әлсіз жағын бүркемелеп, өткір­леу үшін сол кездегі  облыс әкімі Б.Жылқышиевтің басшы­лығымен бүкіл облыс бойынша бұған дейін де, бұдан кейін де өтпеген үлкен жиын өткіздік. Оған аудан, қала, облыстың барлық басшылары қатысты. Әкімнің шешімімен сол жиын­да түзілген хаттаманы бекі­тіп алып, талай «шалағай» бас­шыларға кейде ақырын, кейде ақы­рып айтып, тоқпақтап жүріп, тілді түзеткен кезіміз бол­­ды. Осындай күрмеуі қиын күн­дерде Қабыл Дүйсенби мың кісінің ісіне татитын еңбек етті десем артық айтқаным емес,  –  деді Мархабат Байғұт.
Сондай-ақ басқосуда ОҚМПИ-дің проректоры Бар­ша­­гүл Исабек те естеліктері­мен бөлісті.
– Қабыл Тұрарұлы қазақ тілі үшін күрескен майталман. Ол мемлекеттік тілде жазылған құжат­тарды «түсінбеймін» де­ген сылтаумен қабылдағысы кел­­мейтін басшылар мен қыз­мет­керлерге қатаң шара қолда­нуға дейін барды. Бұл жерден еңбекқорлық, намыс­шыл­дық­пен қатар батылдықты да бай­қауға болады. Сонымен қатар, қаладағы орыс мектеп­терінде қазақ тілін оқыту жағдайы қан­шалықты екендігі туралы газет-журналдарға мақалаларды жиі жариялап отырды. Тіпті, Ата Заңымызға қатысты үгіт-наси­хаттық маңызы бар көр­не­кіліктердің рөлі үлкен бол­ған­дықтан, оқу орындары мен мекеме, кәсіпорындардың маң­­дай­­шаларында, саябақ­тарда, кө­шелерде ұран іспетті көр­некі­ліктер жазылып, ілінуіне алғаш­­қылардың бірі болып ықпал ететін.
Шымкентте «Мемлекеттік тілді қолдау» митингісін өткі­зуге, оған қатысатын адамдарды жинап, өткізіп болғаннан кейін, ондағы айтылған мәселелердің жүзеге асырылуына басшылық еткен тағы да Қабекең екенін біреу білсе, біреу біле бермес, – деді Баршагүл Исабек.
Кешті «Отырар» облыстық ғы­лыми-әмбебап кітапхана-сы­ның директоры Күлия Ай­дар­­бекова қорытындылап, кеш иесіне ізгі тілегін білдіріп, шығар­машылық шабыт тіледі.

Өзипа АЛТАЕВА,
ОҚО сотының
Ақпараттық қамтамасыз
 ету бөлімінің инспекторы

Жауап қалдыру