«ТҰЛҒАЛАРҒА ТҰҒЫР БОЛҒАН ҚАРОЙЫМ»

0
273

Тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген қиын-қыстау жылдары еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуы жолында белсенді еңбек еткен қажырлы қайраткерлердің бірі – Советқали Қартбаев. Ол таяуда жарық көрген «Тұлпарларға тұғыр болған Қаройым» атты кітабында өзі туып-өскен Алматы облысы Балқаш ауданы Қарой ауылының қазіргі жастар біле бермейтін арғы-бергі тарихынан бастап, бертінге дейінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертеді.
Ұлтымыздың мәдени-генетикалық ко­ды­ның сақталуына өзіндік үлес қосқан Совет­қали Қамаубайұлы еңбегінде республикамыздың көркеюіне атсалысқан қаройлықтар, нағашыларының ауылы – Жезқазғандағы Балқаш қаласы, бұл жерден шыққан көрнекті қайраткерлер, ЖОО-да қатар білім алған курстастары, елге еңбегі сіңген басқа да марқасқа азаматтарды құрметпен еске алып, ғибрат тұтарлықтай қасиеттерін көпке үлгі етіп ұсынады. Кітап беттерін ақтара отырып, оның Ғабит Мүсірепов сияқты атақты жазушының күйеу баласы болғанын, басқа да жақсы-жайсаңдармен қоян-қолтық араласып, тектілердің тәлім-тәр­биесін көрген аз зиялылардың бірі екенін аңғарамыз.
Алматыдағы шет тілдер институтында (қазіргі Абылайхан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) оқып жүрген кезінде-ақ шет елдерден келген делегацияларға аудармашы болды. 1961-62 жылдары Совет Одағы жастар ұйымдары делегациясының құрамында Германия Демократиялық Республикасында, Чехословакия Социалистік Республикасында, Венгрияда аудармашылық қызметімен көзге түсті. Институт бітірген соң республика Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп, көп ұзамай Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі Төрағасының көмекшілігіне тағайындалды. 1973 жылы отбасылық жағдайымен туған жерге оралғанға дейін осы қызметін абыроймен атқарды. Мұнда да терең білімді, үлкен жігер-қайратты талап ететін жауапты жұмыстар күтіп тұр еді. Өмірінің осындай белестерінде кездескен қиындықтар мен күрделі мәселелер, оларды қалай шешкенін, яғни сол кездегі қоғамның өзіндік ерекшеліктерін, тұрмыс-салтын, ұстанымдарын өз тағдырындағы маңызды оқиғалармен ұштастыра отырып, шебер көрсете білген Советқали Қамаубайұлы егемендігін енді алған елі жайлы айтқанда сол елімен бірге қайта түлеген қырандай дүр сілкінеді.
Ұлы өзгерістер өз жаңалықтарын ала келді. Соған орай автордың да сөйлеу мәнері өзгереді. Енді ол республикалық шеңберден шығып ғаламдық кеңістікке батыл қанат қаққан сүйікті Отанының дербес мемлекет болып құрылу, қалыптасу, даму кезеңі жайлы баяндайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін бірінші кезекте сыртқы саясатымызды дұрыс жолға қою керек еді. «Қазақстан Республикасының дипломатиясы» атты кітабында Қасым-Жомарт Тоқаев «Шетелдегі дипломатиялық мекемелерді кәсіби мектептен өткен мамандарға тапсыратын уақыт келді» дегенде осындай тұлғалардың тізбегін Советқали Қартбаевтан бастайды.
Иә, ел тағдыры сынға түскен шақта мемлекет атынан үлкен жүкті арқалаған Советқали Қамаубайұлы мұндай ұлы жауапкершілікті қалай сезінгенін оның кітаптағы ой толғанысынан аңғарамыз: «Дүние жүзі әлі жетік біле бермейтін жас мемлекетімізді басқа сырт елдерге таныту ең басты міндеттердің бірі болды. Сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі басты мақсат ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету еді. Дипломатиялық күш-жігер ең алдымен осыған жұмсалды». Сонымен қатар өзі сияқты сыртқы істер министрлігінің жұмысын жандандырған, шетелдерде дипломатиялық қызметтер атқарған әріп­тестерінің де ерен еңбектерін, еліміздің сыртқы саясатын әлемдік өркениет үрдісіне сай қалыптастырған Төлеутай Сүлейменов, Қасым-Жомарт Тоқаев сияқты ірі қайрат­керлердің де көшбасшылық қасиет­терін әңгімелейді.
С.Қартбаевтың Қарой ауылының ғана емес, күллі Қазақстанның Кеңес үкіметі кезіндегі, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жұртқа беймәлім шежіресінен сыр шерткен кітабын өлкетану бағдарламасы бойынша оқулық ретінде ұсынса да артық болмас еді. Себебі өзі туып-өскен өңір жайлы жаза отырып, күллі қазаққа ортақ тарихи тұлғалардың қадір-қасиетін, егеменді еліміздің бастан өткен қиыншылықтарын, даму жолдарын оқырманға ой саларлықтай, ұлттың ынтымақ-бірлігіне ұйтқы боларлықтай, патриоттық сана-сезімі арта түсерліктей, ғибрат аларлықтай деңгейде баяндаған. Мұндай тағлымы мол кітаптар, әзірше аз. Ендеше «Тұлғаларға тұғыр болған Қаройым» рухани жаңғыру сынды өте маңызды, аса ұлы іске үн қосқан құнды дүние.

Гүлбаһрам ЖЕБЕСІН.
Алматы қаласы

Жауап қалдыру