Қос кітаптың тұсаукесері

0
145

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы кеше институтта академик Әбдуали Туғанбайұлы Қайдардың ғылыми ғұмырбаянына арналған «Өнегелі өмір» сериясының кезекті басылымы мен «Тіл-ғұмыр» кітаптарының тұсаукесерін және «Академик Әбдуали Қайдар» атындағы этнолингвистикалық кабинетінің ашылу рәсімін өткізді.
Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымының док­торы, профессор, ҚА ҰҒА кор­респондент-мү­ше­сі Ерден Қажыбек кіріс­пе сөзінде академик Қай­дардың тіл білімін да­мытуға сіңірген орасан еңбегін, әрі ғалымның бүгін 94 жасқа толып отырғанын атап өтті. Бұдан кейін сөз алған академик Өмірзақ Айт­байұлы ғалымның бірнеше ғы­лыми ерліктерін баяндап берді. Тіл білімінде жа­ңа салалардың негізін сал­ғандығын, шәкірт­терге жасаған қамқор­лықтарын айтты. Академик Әбдуали Қайдар ғылыми қызметінде 14 ғылым докторын, 70-тен астам ғылым кандидаттарын тәрбиелеп шығарған екен. 1998 жылы Конституцияға сәйкес Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтан қазақ тілін меңгеру дәрежесі бойынша емтихан алғандығы еске алынды.
Академик Әбдуали Қай­дар Қазақстанның латын әліпбиіне көшу мәселесін ең алғаш болып көтерген ғалым. «Жер жүзі өркениетті ел­дер­дің барлығы өз­дерінің жазу мәде­ниетін компьютер техникасы арқылы дамытып отырған бүгінгі таңда мұндай болашағы зор мүмкіншілікті 0біз­дің де толық пайдалануы­мыз керек. Ал бұл техни­каның тетігі латын жазуында екені айдай әлемге белгілі. Сон­дық­тан да латынды қабыл­дау деген сөз – бола­шақ­пен санасу» деп жазды академик өзінің мақалаларының бірінде.
Сол тұста көрнекті тілші ғалым, академик Рабиға Сыздықова: «Академик Ә.Қайдаровтың ана тіліне істеген қызметінің екінші түрі – 1990 жылдардан бастап қауырт жанданған тіл саясатына қатысты қоғамдық іс-әрекеттері. Бұған ғалымның азамат­тық ар-ұжданы мен ұлт­тық намысы апарды. Ә.Қайдаров принциптілік пен табандылық көрсетті» деп жазды.
Тұсаукесер рәсімінде ға­лым­ның профессор А.Жұба­нов, профессор Ж.Манкеева, профессор Р.Шойбеков сияқ­ты әріптестері, Абай атын­дағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық универ­ситетінің профес­соры Ф.Ораз­баева, әл-Фа­раби атындағы Қа­зақ ұлттық универ­си­тетінің про­фессоры Г.Сма­ғұ­лова сияқты шә­кірт­тері академик туралы ізгі ниеттерін арнап жатты.

|М.Жанысбаев

Жауап қалдыру