Әлемдік үздік университеттерде оқытылатын еңбек

0
96

12 маусым күні ҚР ұлттық кітапханасында белгілі ғалым, қоғам қайраткері, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Оразалы Сәбденнің қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Еңбекте автор ХХІ ға­сыр­дағы жаһандану про­цесі мен жаңа сын-қа­терлер жағдайында өз оқыр­ман­дарына ой-пікірлерін ұсы­нып, әлемге жаңа көз­­қа­рас­пен қарауға және иннова­ция­­лық серпін жасауға, әлемдік өрке­ниеттің дамуын эволю­ция­лық, әлеуметтік-эко­­но­мика­лық тұрғыдан тал­­дауға ша­қы­рады.
Халқымыздың дана да дара кемеңгері, данышпан ақыны әрі ұлы ойшылы – Абай Құнанбайұлының шығармалары мен қара сөздері қазақ халқын, жалпы адамзат баласын екі ғасырдан бері рухани құндылықтарға жетелеуде. Бұл еңбекте Абайдың ой-тұжырымдарын ертеңгі ізгілендіру қоғамын құруға, оның моральдық кодексін жасауға пайдалану әрекеттері көрініс тапқан. Қазақ елін алға жетелейтін құндылықтардың тетіктері мен тың пікірлер берілген, болашаққа бағыттайтын жол мен жобалар да бар.
Бұл кітапта жаңа әлемдік өркениетке, 7-ші формацияға өтуге арналған академиктің он шақты концептуалды идеялары мен жобалары берілген. Кітап 3 бөлімнен тұрады. Алғашқы –
Абай әлемінің Қазақ­стан­ның жаңа өркениетке өтуге септігі бөлімінде Абай­дың «Толық Адам» фило­со­фиялық ілімін іске асыру жайы айтылған. Түркі империясының дамуына елеулі үлес қосқан тарихи тұлғалар туралы қысқаша мәлімет атты екінші бөлімде түркі әлемінің қайта жаңғыруына серпіліс беру идеясы, оның тетіктері, Түрік халықтары тарихы атты көркем суретті панорама ұсынылған. Үшінші бөлімнен әлемдік цивилизацияға серпіліс берген ұлы тұлғалар жайлы деректерді таба аласыз. Сондай-ақ кітапта эволюциялық даму және әлемдік өркениеттің әлемдік діндер, философия, ғылым және ҒТП, пассионарлық, мемлекет құрылымы, азаматтық қоғам, мәдени-ренессанс секілді 8 басым бағыты бойынша 7-ші формацияға интегралды-инновациялық қоғамға өту жолы ұсынылып отыр.
Кітапта ХХІ ғасырдағы келешектің концепциясы, әлемдік валютаны реттеудің әдісі, Қазақстан экономикасының өзегі ретінде кәсіпкерлікті үдемелі дамыту, Түркістанды рухани астана жасау, Ұлы Жібек жолында рухани-технологиялық кластерін құру, Қоғамды ізгілендіру және әлемдік қауіпсіздік, Жаңа қоғамды 5-тік спиралмен басқарудың парадигмасы сынды маңызды мәселелері қозғалған.
Кітап Лондонда баспадан шығып, Кембридж университетінде автордың қатысуымен тұсаукесері өткен болатын. Баспаның дерегі бойынша, бүгінде кітап әлемнің 13 мемлекетінде сатылуда, әлемнің үздік 200 университетіне жіберілген.

Жауап қалдыру