Ишан баба тарихи тұлға

0
339

Қазақ тарихындағы діни-ағартушылық және қоғамдық-әлеуметтік қызметтерін тұтастандыра ұстанған, табиғи жаратылысындағы тылсым сырлы киелі-әулиелік қасиеттері болған тарихи тұлғалар дараланып танылған. Бұл орайда, Қорқыт Ата (ІХ ғ.), Қожа Ахмет Иасауи (XI-XII ғғ.), Сүлеймен Бақырғани (Хакім Ата) (XII ғ.), Қарабура (шамамен ХІ-ХІІ ғ.ғ.), Сопы Пір Әзиз, Марал ишан Баба Құрманұлы (XVIII-XIX ғғ.) есімдерін айтар едік. Марал ишан Баба Құрманұлы (1780-1841) – ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың 40-жылдарына дейін өмір сүрген сөз арқауындағы әулиелігі-киелілігі Алаш еліне мәлім болған аса көрнекті тарихи тұлға. Бұл орайда, белгілі жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Марал Баба» тарихи романының (2014) көркемдік-эстетикалық ұлағаты ата-бабалық рух қуатын ұлықтауға негізделе жазылуымен ерекшеленеді.

«Марал Баба» – тарихи роман. Романның сюжеттік-композициялық же­лілері кейіпкер мен ол өмір сүрген ке­зеңнің қоғамдық-әлеуметтік оқиға­лары сабақтасуы жағдайында жүйе­леніп, саралана байқалады: біріншісі – басты кейіпкер Марал бабаның әке­сі Құрманның Керей ататек-әулет жүйесіндегі Тарышы тайпасынан екендігі, Абылай ханның қорғаушы батыры және жеке емші-дәрігері болғандығы туралы оқиғалар жүйесі; екіншісі – қал­мақтың қоңтайшысы Қалдан Церен­нің үлкен қызы Хошаны Абылайға, кіші қызы Фатиманы Құрманға қосқаны, үлкен қыздан Қасым, одан Кенесары, Наурызбай, ал кіші қыздан Арал, Құлжа, Марал есімді балалардың дүниеге келгені; үшіншісі – Марал Құрманұлының балалық шағынан бастап, өмірден өткенінше Қазақ Елінің барлық атыраптарына мәлім халықшыл күрескер, тылсым сырлы қуат иесі қасиеттерімен өнегелі өмір сүрген ұлағаты.
Жазушы Б.Ұзақбаевтың «Марал баба» тарихи романындағы басты ке­йіпкердің ұйықтап жатқан таңсәріде ғарыштан үстіне құйыла түскен нұр сәуле оның Жаратушының (Тәңірі-Алла-Құдай) ықыласына бөленгенінің көрінісі. Маралдың білім алып жүрген жылдарда да кіндік тұсына ғарыштан құйылып тұрған нұрды ұстазы Жалаңаяқ ишанның көргені романда суреттелген. Тарихи роман сюжеті бөліктерінің байланысы көркемдік қызметін атқарып тұрған осы жарық – сәулесінің, яғни Жаратушының құдіретті ықыласына ие болған Марал ишан Бабаның жай адамдардан оны даралап тұрған қуатты құдірет күшпен жүзеге асқан іс-әрекеттері жүйелене суреттелген.
Жаратушы Алланың нұрына бөленген Марал бабаның романдағы оқиғалар желілеріндегі тылсым сырлы ғажайып қуатты іс-әрекеттерімен даралана танылуын суреттеулерден жазушының қазіргі заманғы әдеби үдерістегі жаңашыл көркемдік әдіс-тәсілдермен үндес ұстанымын аңғарамыз. Романның сюжеттік-композициялық желілеріндегі басты кейіпкер Марал ишан Бабаның өзін қоршаған ортадағы адамдарға жасаған жақсылықтары (босанып жатқан келіншектің өкпесін ұрлап бара жатқан періден сол өкпені тартып алып, орнына салып, жас әйелді сауықтырғаны, мешітке қарай қаптап келе жатқан қарақшы жауды өзі жанған алау отқа айналып өртегені, буырқанып, тасыған Сырдария өзені ағысын баяулатып, жолдастарын аман-есен өткізгені, күннің ыстығын нөсер жаңбыр жауғызып салқындатқаны, қайнап тұрған қазандағы еттердің астынан ортан жілікті іздеп, қолы күйместен суырып алып жегені, баласы Пірзаданың көк арғымақ тұлпарын алып қашқан ұрының жаны қысылып, өзіне жалбарынуын, тұлпарды әкеліп беретін уәдесін ескеріп, өзін қуған Пірзададан ұрының құтылуына жәрдемдескені, Байқадам байдың асына бара жатқанда тасып жатқан Сырдария өзенінен қасындағы жігіттерін аман-есен өткізгені, ұстазы Жалаңаяқ ишанның іріңді жарасындағы құрттарды шайнап жеп, ұстаз сынағын орындағаны, нәтижесінде ұстаз жарақатының жазылып кеткені, Қуаңның кең даласында аты үркіп қашып жалғыз жалған малшының өзіне жалбарынуынан кейін атының шылбыры сексеуілге оралтып, қайта мінгіздіртуі, жайылған киіктерді жас қалпесіне айдата желдіртіп, киіктердің етімен ауылдастарын қайтадан қонақ етуі, киіктердің сүйектерінен қайтадан қалпына келген киіктерді далаға жіберуі, Мұса, Шеген Шормановтардың сынақ талабы бойынша қырық түйе сексеуіл отынын, астына қалпелері Тұрғанбай мен Төртқараны жатқызып, өзі Сарыбауыр арғымағымен оттың үстінде қырық аршын биіктікте қалқып тұрып, қалпелерінің өртенбей аман шығуын жасағаны, өзін Маралдың тылсым күш кереметінің шындығын сынауға Арқадан бай, би Керей Тоқымбай бастаған жуандарды, жындары, перілері, диюлары аласұрған алапат дауыл сұрапылын туындатып, жалындырып барып тоқтатқаны, Маралдың әулиелігін, пірлігін мойындамай, еріксіз көшіріп жібергісі келген өктем Шағырай батырдың өрттен жүгіріп барып жебесін суыруы, адамдардың тәні мен рухани жан ділін емдеуші-сауықтырушы қызметін даралай танытады.
Романның басты кейіпкері Марал ишан Баба Құрманұлы – түптұлғалық тектілігі анық тарихи қайраткер. Романның сюжеттік-композициялық бөліктерінде 1820 жылы патша үкіметінің «Сібір қырғыздарының (қазақтарының) Уставы» атты Ережені қабылдап, қазақ даласын отарлау саясатын белсенді жүргізе бастағанына наразы болғандығы бірнеше дерекнамалық іс-әрекеттерімен баяндалған. Романда Ресей отаршылдарына қарсы ұлттық-азаттық бағдарлы ғазауат күресін бастағаны, жанына ерген Сартай мен Шақшақ батырлармен бірге инженер-офицер Артюков бастаған орыс әскерлерімен бетпе-бет шайқастардағы жеңістері де тарихи тұрғыда дәйектеле-суреттеле баяндалған:
«Сартай мен Шақшақ батырлар Марал ишанға дем беріп, шайқастың алдыңғы шебінде жүрді. Орыс бекінісіне шабуыл жасар алдында Марал бұлқынып, намыс қайрап тұрған жігіттерге ескертті.
– Жау қолында үш зеңбірек бар. Ол бекініске жақындатпайды. Сендер қарсы шабуылға шыққанда бытырап, бір-біріңнен алыс жүріңдер. Шығын сонда аз болады. Зеңбірек оғы жетер жерден айналып өтіңдер, – деді.
Жау елу шақты әскерін алғы шепке шығарып, сапқа қойыпты. Бұлардың саны басым. Әп дегеннен жаудың зәресін алып, тышқырып қуа түсті. Бағанағы ескерту естен шыққан. Кілең сәйгүлікті ат ауыздығымен алысып, бас жібіне ерік берер емес. Қызу қандылықпен зеңбірек аузына да жақындап, бекіністі басып өтердей екпіндей түсті. Жау қашқанды жеңілді деп түсінген олар есіріп алған. Пулемет сақылдап, зеңбірек төбе құйқаңды шымырлатып дүрсілдей атылып, жарылғанда жұрт ұйлығып, топалаң болды да бір-біріне тығыла берді. Аттар мұндай зіркілді бұрын-соңды көрмеген, басын ала қашты. Айнала ала-сапыран.
Зеңбірекпен келсе де,
Кәпірдің жолы болмаған.
Бұл жолы ісі оңбаған.
Марал ишан ұстазын,
Есекей шора қолдаған.
«Сарбаз жинап берсін!»– деп
Бектерге сәлем жолдаған.
«Жауға қарсы шықсын!» – деп,
Елге жаршы жіберді,
Сарбаздарға ат жинап,
Жеңістен үзбей күдерді.
Орыстар бекіністі тастап қашып, зеңбіректерін түйеге сүйретіп алыстағы белді асып кеткен. Арба үстіне зеңбіректерін құрып алған. Ат үстінде отырған солдаттары мылтықпен қаруланған. «Шығынсыз тұрғанда елден жыраққа ауып, аздап алдандыра тұрайық, арттан жаңа күш келгенше» деген айла-шарғысы екен. Жеңіске масайраған қазақ жігіттері «бетін қатты қайтардық, енді қайтып бас көтере қоймас» дегендей ел-еліне тарап кетті. Азын-аулақ қолмен Марал да «Құдайға тәуекел» деген ниетпен елдегі шаруа­ларын айналдырғанмен Кенесары қолымен байланыс жасауды артық көрмеді». (Ұзақбаев Б. Марал баба. .. 391-393-б.б.).
Орынбор әскери генерал-губернаторы П.Г.Эссеннің Сібір әскери бөлімінің бастығы П.М.Канцевичтің қазақтарды зорлап шоқындыруға, құнарлы жерлерді тартып алуға қарсылық білдірушілердің басшысы Марал ишан екенін білгеннен кейін оны алдап ертіп келуге, көнбесе зерттеп білуге полковник И.Ф.Бларамбергті жұмсайды. Отаршыл биліктің тапсырмасымен келген И.Ф.Бларамберг Марал ишанның халық ортасындағы аса мәртебелі беделді болмысын білгендігі авторлық эпикалық баяндаумен мінезделген:
«Өзі батыр, әулие, көріпкел, ислам дінінің білгір насихатшысы екеніне көзі жетеді. Ол жердің халқы оны төбесіне көтеріп, ақылды да парасатты әрі емшілігіне бас иіп қадыр тұтады екен. Саналы ғұмырын дін жолына арнап, халықты имандалыққа ұйытып, Құран Кәрим ғибраты мен Пайғамбарымыздың мүбәрәк Хадис-Шәрипінің ұлағаты негізін түсіндіріп, жұртшылықтың көзін жеткізеді екен» (Ұзақбаев Б. Марал баба….395-б.).
Роман сюжетінің шарықтау шегінде Марал ишан бастаған ғазауат қозғалысындағы күрескерлерден отаршыл үкімет қызметкері сұлтан Жан­төре Жәңгіровтің, рубасы Жұма Құ­дай­мановтың, әскери подполковник Граматиннің, сұлтан Шамай Бақты­баев­тың қорқатынын, себебі көсем ишан бастаған ғазауат күрескерлерінің қазақтарды басынушы отаршылдарды, зорлықшыларды қатаң жазалайтыны деректілікпен баяндалған. Марал ишанмен дидарласып қайтқан отарлық биліктің өкілі И.Ф.Бларамбергтің қайтып келіп әскери губернаторға баяндаулары да Марал ишан мен оның соңына ерген халықшыл күрескерлер тұлғаларын оқырманға айқын ұғындырады.
Тарихи романның «Эпилог орнына» тақырыбымен берілген соңғы бөлігіндегі Марал ишан Құрманұлының отбасылық одағынан тараған ұрпақтары туралы шежірелік-тарихнамалық деректер де туындының ұрпақтану аясындағы ұлағатын айқындай түседі: «Марал Баба төрт некелі болған. Одан сегіз ұл дүниеге келген. Құланбай ишанның қызы Меңдібикеден Қалқай, Қалыбай, Елібай туса, екінші әйелінен Пірзада мен Текзада. Тағы бір әйелінен – Есмұхаммед пен Жармұхаммед. Оларды есейіп келгенде туған – Есей, шал кезінде туған – Шақай деп аттарын атапты. Шақай сәби кезінде шетінеген. Ең кіші тоқалынан – Смайыл. Бұл да бала кезінде дүниеден өткен.
Марал ишан көзі тірісінде «Бір баламнан төрт ишан шықты» дейді. Басқа балаларынан да аруақты әулиелер шыққан. Қалқайдың төрт әйелінен 8 ұл туыпты. Шағырай батырдың қызы Кеңеш – ең үлкен бәйбішесі. Одан Алдажар, Тобағабыл, Омар, Әбдірахман. Одан кейінгі әйелінен Мамырбай, тоқалынан – Нұрқожа, Сияқожа. Ең кіші тоқалынан – Оспан. Сияқожа жастай дүниеден өткен» (Ұзақбаев Б. Алдаспандар рухы… 503-б.).
Қорыта айтқанда, белгілі жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Марал Баба» тарихи романы – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті құрамындағы рухани құндылықтарымыз қатарындағы эпикалық көркем туынды.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар
Академиясының академигі

Жауап қалдыру