Қазақ тіл ғылымына қосылған айтулы үлес

0
171

Қазіргі заманғы қазақ ақыны дегенде алдымен ойға оралып, ауызға түсетіндердің бірі де бірегейі – Мұқағали Мақатаев. Оның өлеңдері жұрт жадында жатталып қана қоймай, әр қырынан зерттеліп, ғылыми тұрғыда баға­сын әлдеқашан алған-ды. Бұның барлығы «Мұқағалитану» ілімінің қаланған кірпіші іспеттес. Биыл сол ілім тағы да бір іргелі туындымен толықты. Байынқол Қалиев, Жансейіт Түймебаев, Шерубай Құрманбайұлы, Сәбира Исакова сынды тіл ғылымының бір топ көрнекті ғалымдары «Мұқағали тілі сөздігі» атты еңбекті құрастырып шығарды. «Сардар» баспасынан жарық көрген 1063 беттік көлемді сөздіктің арқалаған жүгі де, берері де салмақты.
Кітапқа негізінен Мұқағали Мақатаевтың 5 томдық шы­ғармалар жинағы пай­да­ланылған. Сөздіктің құнды­лығы сол – оның түсіндірме және жиілік сөздердің қосын­дысынан тұруында.
Еңбек биыл ғана тоқсан бестің төріне шыққан шағында дүние салған қазақ тіл білі­мінің абызы, белгілі ғалым, филология ғылы­мының докторы, профессор, академик Әбдуәли Қайдардың алғы сөзімен ашылған. Ғалымның «Мұқағали тілі сөздігін» жа­сау­шы ғалымдар ақынның тілдік қазынасын, лексикалық, мағыналық байлығын, оның шығармаларындағы тілдік бірліктердің қолданылу жиі­лігін нақты көрсету арқылы қаламгердің қазақ тілінің лексикалық қорына қосқан үлесін айқындауды мақсат етіп, сол мақсаттарына қол жеткізе білген. Сөздік жасаушылар Мұқағалидың сөздік қорында 13348 сөз бен 5035 тұрақты тіркес бар екендігін айқындаған. Олардың әрқайсысының мағыналарын саралап, жеке-жеке анықта­малар берген. Ақын шығар­маларында сол сөздер мен тір­кестердің 282 мың рет қайталанып қолданылғанын анықтаған. Сөздік соңында есім сөздердің септік, көптік, тәуелдік, жіктік жалғау­лары­ның, етістік­тердің жақ, шақ, рай жалғауларының, сын есім шырайларының және есімдіктер мен шылаулардың қолданыс санын көрсететін нақты статистикалық мәлі­мет­терден тұратын қосым­ша кестелер берілген. Бұл да сөздіктің құрылымдық ерек­ше­лігін, түзілімдік жаңалығын көрсетеді» – деп пікір білдіріп, ғылыми еңбекке баға беруі сөздіктің бар мазмұн-мәнін ашып тұрғандай.
Ақынның тіл байлығын, сөз қолдану өрісі мен өрнегін, шеберлігін көрсету, қазақ әдеби тілін дамытуға, жетілдіруге қосқан үлесін айқындауды мұрат тұтқан ғалымдар бұл үлкен іске бірден келе қой­маған. Алдымен Мұқағали шығар­маларын түгендеп, оларды қайталап, бірнеше рет оқып, қай шығармасы сөз­дікте қамтылады, қайсы­сы қамтылмайды деп әбден жіліктеп, мәселенің басын ашып алған. Өйткені Мұқағали шығармаларының жайы ерекше. Оның 5 томдық жинағында тек поэзия ғана емес, сонымен бірге проза да, драма да, әдеби-сыни мақалалары мен күнделіктері де, хаттары да бар. Ғалымдар 1968 жылы жасалған «Абай тілі сөздігіне» зер салғанда Мұқағали тілі сөздігін құ­растыру анағұрлым күрделі болатынын байқаған. Өйткені Абай шығармалары 2 томнан ғана тұрғандықтан оның мұраларындағы сөздерді тізбектеу жеңіл жүрген.
Сөздіктің құрылым-құры­лы­сына келгенде де ғалым­дар «Абай тілі сөздігін» бас­шылыққа алған. Ең алды­мен Мұқағали шығар­ма­ларын­дағы барлық сөздер мен тұ­рақты тіркестер анықталып, олар сөздікке әліпбилік жүйе бойынша орналастырылған. Қисық жақша ішінде олардың неше рет қайталанып, қол­да­нылған саны көрсетіледі. Сөздіктегі әрбір атау сөзге этимологиялық, граммати­калық, стильдік шартты бел­гілер қойылады. Со­дан кейін әлгі сөздер мен тұ­рақ­ты тіркестердің мағына­лары сараланып, оларға анық­тамалар беріледі. Соңында берілген анықтама­лардың әр­қай­сысы Мұқағали шығар­ма­ларынан алынған мысалдармен дәйектеліп, томы мен беті көрсетіліп отырған.
Сөздікте Мұқағалидың 5 том­­дық шығармалар жина­ғын­дағы барлық лексикалық бірліктерді және олардың барлық грамматикалық фор­­ма­ларын түгел қамтып, оларға мағыналық және статис­тикалық тұрғыда жан-жақты сипаттама беру мақ­саты сәтті жүзеге асқан. Аталмыш еңбек ақынның күллі лексикалық және лек­сика-грамматикалық байлы­ғын қамтыған, ерекше жүйе­мен жасалған сөздік екенін ерек­ше баса назар аударып айтқымыз келеді. Бұл сөздікті Мұқағали тілінің анық­тамалығы деп те атау­ға болады. Өйткені бұл сөздікте Мұқағалиға қатысты кез келген тілдік материал қамтылған. Бұл жұмыстар аса ыждахаттылықты талап ететіні, сол үшін авторлардың аз тер төкпегенін айтудың өзі аздық ететін шығар. Мұқа­ғалидай мұзбалақ ақын­ның мол мұрасы жиылып-теріліп, ұсынылып отыр­ған бұл еңбек қазақ тіл ғылы­мына қосылған айтулы үлес.

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАР

Жауап қалдыру