АУЫЛ ӨМІРІН ӘСПЕТТЕГЕН

0
159

Даниал Әметұлының «Өмір өрнектері» атты жыр жинағының алтын қазығы – негізінен ауыл өміріне арналыпты.
Нарынқол өңірінің тумасы, қазір Еңбек­­ші­қазақ ауданында тұратын қалам­гердің мамандығы – экономист. Кеңес­тік заманда аупарткомда нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, кейін ірі шаруашылықта партком секретары, аудандық еңбек және әлеуметтік қорғау мекемелерінде басшы қызметтер атқарған. Оның алғашқы өлеңдері өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында республикалық «Жұлдыз» журналында, облыстық, аудандық газеттерде жарық көрген болатын. Даниалдың жырларын оқырман қауым жылы қабылдаған.
Шыны керек, жыры сырлы, тілі қара­пайым, өлеңдері ойлы ақын замандасы­мызды поэзия әлемінен көре алмай, адасыңқырып қалғанымыз да рас еді… «Тоғанай Т» баспасынан таяуда ғана жарық көрген «Өмір өрнектері» деп аталатын өлең кітабы қолымызға тиіп, шын қуандық!
Тағдыры ауылмен тамырлас ақын:
«…Жақсы да өмір сүреді,
Жаман да өмір сүреді.
Жақсылық тілеп тұрады,
Адамның кірсіз жүрегі,..», – дейді бір өлеңінде.
Ал «Хантәңірі» деген өлеңіндегі:
«..Адам аз биігіңді жеңіп алған,
Төбеңе шығу емес, көру арман.
Етегіңде көз тігіп Нарынқол тұр,
Көк тоғайға малынып белуардан», – деген жолдарды оқығанда әлгі көріністің қақ ортасында өзің тұрғандай әсер аласың. Бұл–нағыз ақын ғана жаза алатын өлеңнің, ол орынды қолданған,теңеуі дәл айтылған сырлы сөздің құдыреті болса керек. Демек, Даниал – оқырманы іздеп оқитын ақындар санатындағы қаламгер деуге лайық.Ол аз жазса да, саз жазады.Тақырыпты ашып, әр сөзді орнымен тауып, өлеңмен өрнектеп, сезімге орап, түрлі бояулармен бояп, көзіңді жеткізіп, жүректен өткізіп, қарапайым әрі түсінікті тілмен айтады.Бұл шын ақынның ғана қолынан келсе керек.
Енді «Ағады Текес…» – деген мына өлеңге зер салыңызшы:
Ағады Текес жайлауда,
жөңкіле-жөңкіп, тап беріп,
Ағады Текес тауларда,
аспанға шашып ақ көбік.
Ағады Текес жарларда,
маңдайын тасқа соққылап,
Асау ғой таудың өзені,
өтті әне, жолын қақ бөліп», – дейді Даниал ақын. Ғажап сурет! Көркем теңеу! Көңіл көзімен көру, ақын жүрегімен сезе білу деген осы шығар. Өлең өлкесінде аса танымал болмаса да, айтар ойы анық, тілі нәрлі, теңеуі дәл ақын замандасымды ертерек тауып алмағаныма өкініп жүрмін. «Ештен кеш жақсы», – демеуші ме еді атам Қазақ. Бәйгеге кеш қосылса да жүлдеге лайық жүйріктер болатынын да есте ұстаған жөн шығар…
«Қаламсабын ұстаса, ұмытатын ай атын,
Тірлігінде бақытты болып еді қай ақын!?..
Өмір жырын сыр етіп, оқырманға жаятын,
Тірлігінде бақытты болып еді қай ақын,..»!?, – дейді Даниал бір өлеңінде. Рас сөз…

Айтақын ӘБДІҚАЛ,
ақын,
Мұқағали Мақатаев
атындағы сыйлықтың
лауреаты.

 

Жауап қалдыру