Ғарыш мінезді жырлар

0
133

5-мамыр күні ҚР Ұлттық кітапханасында еліміздің көрнекті ақыны Нұрлан Оразалиннің «Ан Арыс» баспасынан жарық көрген 10 томдық шығармалар жинағының және Мәскеу қаласындағы «МИК» баспасы шығарған «Избранное» кітабының «Ғарыш мінезді жырлар» атты тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға қоғам қайраткерлері, белгілі жазушылар, баспагерлер, ақынның туыстары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақ жырына олжа салған, өз үні, өз қолтаңбасы айқын Нұрлан Оразалиннің жарты ғасырдан асып жығылар қаламгерлік ғұмырбаянын қам­титын бұл көптомды шы­ғ­армалар жинағы ойшыл сурет­кердің жаратылысын танып, тұлға табиғатын ашуға мол мүмкіндік береді. Сондай-ақ қоғам, заман, тұлғалар туралы жазылған дүниелер мазмұн тереңдігімен, салиқалы ойларымен ерекшеленеді.
Мәскеу қаласындағы «МИК» баспасынан жарық көрген «Избранное» атты орыс тіліне аударылған өлеңдер жинағының алғы сөзін әйгілі ақын Олжас Сүлейменов жазған. Аталмыш жинақтағы өлеңдерді орыс тіліне С.Мнацаканян, В.Антонов, Н.Чернова, Л.Шаш­кова, А.Матвеев, Б.Жыл­қыбаев, О.Жа­найдаров, Т.Ва­сильченко, Қ.Бақбергенов сияқ­ты тәжірибелі аудармашылар тәржімалаған.
Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай құттық­тау сөз сөйлеп ашып, ақын Жанарбек Әшімжан жүргізді. Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев, қоғам қайрат­кері Мұрат Әуезов, мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев, жазу­шылар Сәбит Досанов және Смағұл Елубай, Шөмішбай Сариев Нұрлан Оразалиннің он томдығының тұсаукесер рәсімін жасап, ақын туралы өздерінің ойын жеткізді.
– Нұрлан інімізді жастайынан жақ­сы білемін десем болады. Аудандық комсомол ұйымын басқарған жылдары ком­сомол қатарына қабылдаған бола­тын­быз. Сол кезде Нұрлан өлең жазып, баспасөзде жариялап тұратын. Міне, сол талабы қанат жайып, елге танылған үлкен ақын болып шықты. Қазақстан қаламгерлерінің басын құрап отырған Жазушылар одағын абыроймен басқа­рып жүр. Еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып, қайраткерлігімен де белгілі, – деді мемлекет және қоғам қай­рат­кері, Алматы облысы мен Алматы қаласының құрметті азаматы Кеңес Аухадиев.
Белгілі ақын-жазушылар Марал Ысқақбай, Бексұлтан Нұрже­кеев, Қуанышбай Құр­манғалиев, Кәдір­бек Сегізбаев, өзге де азаматтар құт­тық­тау сөз сөйлеп, Нұрлан Оразалиннің шығармашылығы мен қайрат­керлігі туралы кеңінен әңгі­меледі.
Іс-шара аясында Ұлттық кітапхананың қорынан Нұр­лан Оразалиннің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

nlrk.kz

Жауап қалдыру