Ақындықтың азаматтық болмысы

0
177

Ақындықтың азаматтық болмысы
Қазіргі қазақ әдебиетінің белгілі тұлғаларының бірі Өтеген Оралбайұлының «Шуақты шақ» атты жыр жинағы азаматтық поэзияның ақындық болмыспен көркем көрінуіне нақты мысал бола алады.
Әр дәуірде ақын – заман тамыршысы, сыншысы, әрі оның рухани өмірінің жазбагері. Қай дәуірде болмасын жыраулар мен жыршылар, ақындар халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, шындықты шырқырата айтып, әділет жолындағы күрескер болып қана қоймай, жеме-жемге келгенде бес қаруын асынып атқа қонған. Біздің тарихымызда мұндай ақындар да жетіп артылады. Байырғы сөз өнерінің дәстүрі мен салтын сақтап, жұртшылық көкейіндегі ортақ ойды көпке жеткізуде ақындық болмыстың рөлі қашанда маңызды болған. Біз кітабын парақтап отырған ақынымыз Өтеген Оралбайұлы – сол дәстүрді жалғастырушы, ел көкейіндегі сөзді айтушы. Оқып қараңыз:
Мен айтпасам, сен айтпасаң, кім айтар,
Өгей айтар, өтірігі мұңайтар.
Мысық тілеу мақтағандар есепшіл,
Ақын айтса адал айтар, шын айтар, –дейді ол кітаптың алғашқы ашылуындағы «Тәуелсіздікке тағзым» атты салтанатты, сындарлы өлеңінде.
Ақын осы өлшем тұрғысынан тәуелсіз­діктің қиын тағдырын жырға қосып, өткеннің өкініші мен бүгіннің қажетті қарекетін барынша жеткізген. Жыр жолдарымен тарихтың сабағын ұмытпауға, қоғамдық-саяси сергектікке шақырады:
Озған жылдар өнегесін жолдайды,
Отқа жансын, суға батсын сол қайғы.
Тәуелсіздік болу үшін мәңгілік,
Ұмытпасты ұмытуға болмайды!
Рас қой, «өткенді ұмытсаң, келешек саған тас атар» деген тәмсілді айтқан да осындай алмағайып ауыр кезеңді бастан кешкен халықтың өкілі болар. Біз көріп отырған бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтыр мен кемшіліктер ақын жүрегін мазалайды, ренжітеді, ойға салады. Ел аңсаған тәуелсіздік, ел еншілеген еркіндік, теңдік, әділдік, шындық сияқты рухани ұғымдардың кейде жалаң ұранға айналғанына назаланып, астарлы ойды аңдатып, шебер сарказммен сын нысанасына іледі:
Сыңқ етіп, сыпсыңдап сауысқан,
(Қулықтың оқуын тауысқан).
Аққуға қарайды мысқылмен,
Дегендей: Сұлулық ауысқан.

Барлығы, баршасы ауысты,
Ақиқат аңызбен қауышты.
Кешегі коммунист молда боп,
Оқудың төтесін тауысты.
Бұл шындықты көбіміз біліп, іштен тынып қалатын жағдайлар да бар екенін жасыруға бола ма? Әрине, жоқ. Шындық ащы, бірақ оның кермек дәмі ақын жүрегі арқылы өтіп жатыр. Ақын ел сенген шенділер мен шекпенділер халқына адал еңбек етсе, ел несібесі молайып, ырыздығы арта түсер еді деген азаматтық көзқарасын ақиқат тілімен жеткізеді:
«Күштінің арты диірмен,
Тартады» деп айтады ел.
Мансаптылар иірген,
Асық – алшы, байқады ел.

Зорлық болды мақтаныш,
Қорлық болды дәстүрлі.
Бай болуға аттаныс,
Бос байлады қасқырды.

Қой сорлыда не амал,
Маңырағаны, болғаны.
Қан-қан ұртта жоғалар,
Қолжаулық қой қолдағы.
Ақын қоғамдағы болып жатқан қайшылықтарды сырттан байқап, жадағай тон пішуші емес, саясаттың қазанында қайнаған қоғам қайраткері, өз көзімен көріп, құлағымен естіп, бетпе-бет келген келеңсіздіктерді «шекпенім су болып қалар» демей, ашық айтады. Ақын жинағында мұндай ащы болса да ақиқат жырлар баршылық.
Ақиқатты тайсалмай айтып салса да, бір сәт өткен тарихқа көз салып, елеп екшеп, «батыр аңқау, ер күдек» дегендей, әрідегі Қазтуған мен Шалкиіздің, одан берідегі Махамбет пен Исатайдың, қаһарлы күндерде басын берсе де, намысын бермеген Кенесарының, кеңестік кезеңнің кермек дәмін жұтқан Қасым мен Мұқағалидың, берідегі шындықты шырқыратқандардың кейінгі тағдырлары ақынды қатты толғандырған:
Біреулер бар келеңсіз,
Біреулер бар еренсіз.
Батыр деген бір оқтық,
Өлтіре алмай, өлерсіз, – дейді ол бір жырында.
Ақындық жолдың ауырлығын «Өлең мені алып шықты сан төрге, өлең мені салды кейде күйікке» дей келе, қазақ жырының, ұлт сөзінің ұлағаты алдында қашанда арға жүгінгенін ашып айтады. Жинақтағы мұндай намысты, аршынды жолдар оқырман рухын оятып, қазіргі рухани жаңғыру процесіне парасат пернесі болып қосылған.
Ақын өршіл, рухшыл, асқақтап шығандап кеткен шақтарда ешкімге дес бермейтіндігі тағы бар. Осындай бір ешкімге бой бермей атойлап, аласұрған шақтарда, шарасыздан алыста қалған достарына наз артады:
Қайда достар жаныңды ұғар, жай ұғар,
Жақсы ісіңді елеп, екшеп айырар.
Ақындықпен артық кеткен жеріңде,
Әзілменен әдемілеп қайырар.
Қандай ақын болса да туған жерінде бала, ата-анасының алдындағы сәбидей пәк. Туған жері Ақкиізтоғайының дария даласынан, шуағы мол табиғатынан, ақкөңіл адамдарынан, айнымас достарынан нәр алып өскен ақын көңілі бұл тақырыпта жаймашуақ, жарқын бояулы. Туған жерін жырлаған кешенді өлеңдерін оқып отырсаң, сағыныш пен сезім, сыр мен сымбат мөлдіреген моншақтай болып, жан дүниеңнің сарайына сәуле құяды:
Тәкаппарсып, тасынып, талтаңдаған,
Мынау кім-ей, бармағы бал таңдаған?
Араны үлкен анау ғой, таныдың ба,
Зорды көрсе қорынып, жалпаңдаған.

Пәленшенің балдызы, жиендері,
Пәленшенің жалғызы, күйеулері.
Ішкендері алдында, ішпегі артта,
Анау үйде, ана үйде сүйеулері.

Соны айтам деп ұрынған қасқа шығар,
Шындық деген шыңғырып тасқа шығар.
Бар оларда барлығы: байлық, билік,
Тек, әйтеуір ұяттан басқасы бар.

Соны айтам деп ұрынған қасқа шығар.
Сен емессің, мен емес, басқа шығар.
Бар оларда барлығы: алтын, күміс,
Қанағат пен тәубеден басқасы бар.
Ақын – заман перзенті. «Ақын болу мақсат емес, азамат болу парыз» деген қағиданы көп айтамыз. Осы тұрғыдан келгенде ақын Өтеген Оралбайұлының «Шуақты шақ» атты жыр жинағы ақындықтың азаматтық болмысын қапысыз танытқан қазыналы сыбаға екенін айтуды өзіме парыз санадым.
Мен тарихшы ғалым ретінде ақынның «Нығмет айы – Наурыз» және «Соғыс балалары» деген дастандары қазақ әдебиетіне тың тақырыпты ала келген туындылар деген пікірдемін. Оның бұл шығармалары туралы сөз келер күндердегі әдеби сыншылар мен зерттеушілердің тақырыбы деген ойдамын. Қазіргі кезде дастан жанры бәсең тартты. Оның әрқилы себептері де бар шығар. Бірақ ақын дастандары сол бәсең тартқан әдеби жанрдың бағын ашуға септігі тиетін сындарлы туындылар екені даусыз.
Бір ғана «Ұлт ұраны – Ұлытау» дастанының көтеріп тұрған жүгі қаншама кітаптарға татырлық қазына. Қазақ жерінің батысында туып-өскен ақынның бүкіл қазаққа ортақ Ұлытауды осынша білгірлікпен, ділгірлікпен, дәйектілікпен, аса зор сүйіспеншілікпен, заманға ұштастырып, жоғары пафоспен жырлауы Отанға деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Ел алдындағы парызы мен қарызын шыншылдықты ту етіп, адал орындап келе жатқан отаншыл ақынның «Шуақты шақ» атты жыр жинағы әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықпен аталып өтуге әбден лайықты деп сенеміз.
Абат ҮРЖАНОВ,
Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Қарағанды облысы.

Жауап қалдыру