111 жастағы әженің кітабы жарық көрді

0
120

Қостанай қаласында тұратын 111 жастағы Нағима Серғалиева өзінің «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дәрия» атты кітабын шығарды. Әжей ҚазАқпарат тілшісімен болған сұхбатта өмір жолы туралы әңгімелеп, ұзақ жасаудың сырымен бөлісті.
Бүгінгі жарқын өмір ардагер ата-әжелердің кешегі жүріп өткен қиын қыстау жолдарының жемісі десек, асылық емес. Жас ұрпақтың бақытты болашағы үшін олар жастық жігерін тәрк етіп, қатал тағдыр теперіш­теріне жанқиярлықпен қар­­сы тұрды. Өмір жолы өнеге сондай қадірменді ана­­лары­мыздың бірі Қос­та­най қаласының тұрғыны – Нағима Серғалие­ва 111 жас­қа шықты. Бір байқаға­ны­мыз, Нағима әженің аузынан бір ауық «айналайыны» түспейді.
– Әжең әлі тың. Үй ішінде өздігіммен жүріп-тұрамын. Көзім көрмесе де, құлағым шамалы естиді. Немере-шөберелерімнің ортасындамын. Маған бұдан артық не бақыт қажет? – дейді ғасыр асқан әже.
Нағима Серғалиева 1908 жылы Меңдіқара ауданының Қарағай ауылында дүниеге келген. Ардақты әкесі Жа­қыпты «байдың баласы болды» деген желеумен кәм­пес­келеп, кісен тағып алып кеткен. Амал жоқ, әкеден ерте айырылған ол еңбекке бала жасынан араласты. Қилы заманның қиындығын көріп, әбден ширады. Анасы Қазина мұны кішкентайынан ісмерлікке баулыған. Сондықтан да әжей әлі күнге дейін жасының ұлғайғанына қарамастан бос отыру дегенді білмейді.
– Он алты жасымда Нұрыш Мінайдаров деген азаматпен тұрмыс құрып, ұл мен қыздарды дүниеге әкелдім. Осы кезде талай отбасына қайғы-қасірет әкел­­ген сұм соғыс басталды. Елдегі бетке ұстар, жұмысқа жарам­ды азаматтардың бәрі де Отанды қорғау үшін соғысқа аттанды. Нұрыш көп­тен қалмай, майданға кет­ті. Ол кезде менің жеті сы­ныптық білімім болды. Бір­неше жыл мұғалім болып істедім. Еңбектерім үшін Ста­линнен мақтау қағаз алдым. Тағдырдың жазуы шы­ғар, қосағымнан айырыл­ған соң екінші рет тұрмысқа шықтым, – деп еске алды кейуана.

Ары қарай әңгімеге әжей­дің қызы Зәуре Мінайдарова қосылды. Оның айтуынша, Нағима әжей балаларының алаңсыз өмір сүруі үшін қолдан келген жағдайдың бәрін жасады. Колхоз-сов­хоз­дың жұмыстарын таңда­май істеді. Сауыншы да бол­ған. Қызметтерінде абыройға бөленген. Өз уақытында бү­кілодақтық байқауларда жеңімпаз атанып жүрді.
Әжейдің тағы бір қасиеті – ақындығы. Ол қазақтың ұлы тұлғалары Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлинге арнаған өлеңдерін әлі күнге жатқа біледі. 98 жасқа келгенше қолынан газет-журнал түскен емес. Соңғы кездері қос жанары сыр бере бастаса керек. Қазір оның өтініші бойынша жаңа келген басылымдарды балалары оқып береді. Айтпақшы, әжей жақында «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дәрия» атты кітабын шығарды. Онда бірнеше өлеңдері, айтқан сөздері жинақталған. Ал әжей ұзақ жасаудың сыры туралы:
– Мен үшін ұзақ жасау­дың сыры адалдық пен ең­бек­тену. Әр адам жақсылыққа, ба­рынша адал ниетке құш­тар болу керек. Ішімдік пен темекіден аулақ боп, саламатты өмір салтын ұстанса, кез келген адам өзінің жасына жететіні рас қой. Бірақ, адамдардың бәрі бірдей емес, өмірлерінде түрлі жағдай кездесіп жатады. Бірақ, адалдығын әр уақытта сақтап қалуға болады. Ол – жүректе, – деді Нағима әже.
Ғұмырында бейнет пен зейнетті қатар көрген кейуа­наның жастарға айтар өнегесі көп. Балалары мен неме­ре­лерінің ортасында көп­ті көрген қарияның на­қыл сөздері сақталып, үлгі етіледі. Ол өзін өмірдегі ең бақытты анамын деп есептейді Ұл-қыздарынан 22 немере, 23 шөбере сүйді. Қазір солардың арасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ

Жауап қалдыру