Желге ұшқан жобалар

0
99

Елбасы биылғы Жолдауында төртінші өнеркәсіптік төңкеріс жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін айқындап берді. Бұл құжат көптеген жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ өндіріс орындарын іске қосуға қозғау болары сөзсіз. Өкінішке қарай, ел Үкіметі қолға алған немесе қолдау көрсеткен жобаларлардың ішінде сәтсіздікке ұшырағандары да баршылық. Олардың кейбірінің тұсауын президенттің өзі кескен-ді. Елбасы іске қосқаннан кейін, атқарушы орган жұмысындағы қадағалаудың кемдігінен кей жобалар жемісін жегізбеді. Осы ретте ел тарихында орын алған, әсте қайталауға болмайтын қателіктерді еске салып өтпекпіз. Үкімет өткеннен сабақ ала отырып, істің оңға басуына септесуі қажет.
2006 жылы маусымда Қазақ­стан өзінің алғашқы телеком­муникациялық жерсерігі «Kaz­­Sat»-ты ұшырды. Бұл шы­ны­­­­­мен де тарихи оқи­­ға еді. «Қазақстан енді ға­рыш саласы алпа­уыттары­ның қатарына енді» деп әсіре­леушілер де табылып жат­ты. 2007 жылдың қараша­сында ин­тер­­нетпен жә­не телетара­ты­лым­мен қам­та­масыз ету «KazSat»-қа өтіп, жерсерік қар­жы әкеле бастады. Тіпті, 2,5 млрд теңге тауып та үл­герді. Алайда 2008 жылы жер­серік жұмысында іркілістер орын алып, жыл соңына қарай мүлде сигналды қабылдаудан қалды. Ақыры істен шығып, жо­ғалып тынды. Ұлттық ға­рыш агенттігінің төрағасы Тал­ғат Мұсабаев жерсеріктің істен шығуын оны жасаған ресей­лік мамандардың кәсіби шебер­лігінің төмендігінен көр­ді. Бұл сәтсіздік Қазақ­станға 10 млрд теңгеге түсті.
2006 жылы Үкімет компьютерлік сауаттылық деңгейін кө­теру мақсатымен «Ашық әлем» бағдарламасын жүзеге асыр­ды. Ол бойынша арнайы курс оқығандарға сертификат бе­­рі­ліп, техникалық сипаттама­лары орташа әрі бағасы да со­ған сай компьютер­лер ұсы­ныл­­ды.
«Халықтық компьютер» ата­­лып кеткен бюд­­жеттік ком­пью­терлерді шы­ғарумен «Ло­гиком» және Glotur, «Қа­зақ­телеком», Intel и Microsoft компаниялары мен ҚР Ақ­па­рат және байланыс агент­тігі шұғылданды.
Олардың орташа компьютерлерге жоғары баға қоюы және оны Қазпошта арқылы сатуы халыққа ыңғайлы болмай шықты. Оның үстіне ол кезде интернет ауылдық елдімекендерге келмеген еді. Сондықтан «Халықтық ком­пьютерлерге» сұраныс өздері күткен 400 мың данадан жүздеген есе төмен болды. Ақыры мемлекеттің ақшасына жасалған сәтсіз жоба екі жылдан кейін тоқтатылды.
«Аузы күйген, үрлеп ішер» деген халық даналығын ұмыт­сақ керек, бір сүрінген жерден тағы сүріндік. Бұл жолы да көкті бағындырамыз деген әрекет, солтүстік көршіге қапысыз сенуіміз жарға жықты. Тек жерсерік жасауда емес, ұшақ жасауда.
Арбаның алдына шығатын әдетпен Қарағанды қаласы енді кен өндіруден емес, ұшақ құрастырудан мәшһүр болады деп шуладық. 2011 жылы 21 қарашада кеншілер қаласына Елбасының өзі арнайы атбасын бұрып, ұшақ жасайтын зауытты салтанатты түрде ашып берді. «КазАвиаСпектр» ЖШС-і ауыл шаруашылығына мамандандырылған шағын ұшақ­тарды шығаруы керек бол­ған. Бастапқыда егіс даласына химиялық дәрі себу үшін қолданылатын «Фермер-2», «Фермер-500» ұшақтарын жасау жоспарланды. Сағатына 200 ша­қырым жылдамдықпен ұшатын 960 келілік ұшақтар бір әуелеткенде 30 гектардан 180 гектерға дейінгі егістік даласына дәрі себуға қауқарлы делінді. Бұнымен тоқтамай, жо­лау­­шыларға ар­­­нал­­­ған «Сұң­қар» атты ша­ғын ұшақтарды шығару, ары қарай реактивті қоз­ғалт­қышты ұшақ өндірісін қолға алу ойластырылды.
Ресейлік серік­тестердің қа­ты­суы­мен жүзеге асатын жоба құны 1,6 миллиард тең­ге­ге бағаланып, жы­лына 36 ұшақ жасау меже етіп алынды. Үкімет жобаға «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 750 миллион теңге, «ҚазАгро» ұлттық холдингі 846 миллион теңге жеңілдетілген несие берген. Алайда бір-де бір ұшақ жасалмады.
«КазАвиаСпектр» ЖШС-нің директоры Александр Ва­щен­­коның айтуынша, ресей­лік әріп­тестері өз міндеттерін уақы­тылы орындамаған. Әрі көп уақыт қазақстандық ма­ман­­дар­ды Ресейде ұшақ құрас­­­тыруға үйретуге кеткен. Сон­дық­тан өндіріс кешеуіл­деп, 2014 жылы толық іске қосы­лып, 2015 жылдың соңын­да ал­ғашқы ұшақ әуеге көте­рілуі тиіс болған. Бірақ ол да бола қой­­мады. Істің соңы сотқа дейін жетті. Сот несие беруші­лерге белшесінен қарызға бат­қан кәсіпорынның бар мүлкі мен иелігін тәркілеуге үкім шы­ғар­ды.
2011 жылы телекөпір ба­ры­сын­да Ақтауда теледидар, монитор және сол кез­де енді таныла бастаған план­­шет шы­ға­ратын «Caspiy Electronics» зауыты таныстырыл­ды.
Бұл оқиғаға Елбасы мен күл­лі Қазақстан куә. Жұрт «бұл – сенсация» деп шуласты. Өндірушілер «Аққу» марка­сымен шығатын планшет Қазақстанда құрас­тыры­лып қана қоймай, оған отандық бағ­дарламалық қам­сыз­дан­дыру орна­тыла­тын­дығына сендірді. Көп ұза­май планшетте «Аққу» деген атауы мен ондағы қазақша мәзір және Сарыарқа күйінен басқа отандық деуге жарарлық дәнеңе де жоқ екен­дігі анықталды. Аппа­рат Қытайда өндіріліп, арнайы экономикалық ай­мақ «Мортпорт Ақтау­да» құрас­­ты­рылуы тиіс еді. Арнайы аймақта ке­­ден, кіріс салығы ұста­лын­бай­тындықтан тауардың өзіндік құны төмендейді. Алайда зауыт басшылары о баста өзін ақтамайтыны белгілі болған жобаны бекіткізіп, оны жүзеге асыруға мемлекеттің 200 млн теңгесін шығындағаны белгілі болды. Қаржы полициясы зауыттың лауазым иелерінің үстінен қылмыстық іс қозғап, оларды темір торға тоғытты. Осымен бұл жобаға да нүкте қойылды.
2005 жылы 12 мамырда Елбасының өзі қызыл түймені басып, іске қосқан құбыр жасайтын зауыт 2014 жылы банкроттығы жөнінде хабарлады. «Хобас Пайпс Казахстан» ЖШС-і иелік еткен зауыт ауызсу мен кәріз жүйелеріне арналған құбыр шығарған. Өндірушілер «Ауызсу – 2002-2010» бағ­дарламасы аясында Қазақ­станның Даму Банкінен 16 млн еуро несие алып, басында қалыпты жағдайда жұмыс істейді. 2008 жылдан бастап зауыт жұмысы сиыр­құйымшақтанып, жұмыс­­шы­­ларға жалақы төлеуді қой­ған. Кәсіпорын 2012 жылы жұмы­сын тоқтатып, 2014 жылы банк­роттығын жариялайды.
Ал Қазақстанның Даму Банкі мемлекеттік банк. Демек, бұл кезекті рет мемлекетті ақшаға «лақтырып» кетті деген сөз.
Сондай-ақ 600 мың дол­ларлық «Тұлпар» автомобиль зауыты, құрылысына 120 млн доллар жұмсалған Балқаш мырыш зауыты, жалпы құны 19 млн доллар, оның 13 млн доллары Қазақстанға тиесілі «Ютекс» мақта өңдеу кешені, құны 86 миллион болатын «Биохим» зауыты, 210 млн долларға бағаланған Тасқала цемент зауыты сондай-ақ SiliciumKazakhstan кремний зауыты мен «Азия Керамик» керамогранит зауыты Елбасы ашып, я жұмысымен танысып кеткен соң белгілі бір уақыт өтісімен жабылып қалған.
Осылайша, түрлі себептерге байланысты сәтсіздікке ұшыраған жобалар ел қазы­насын орасан шығынға ұрын­дырған. Үкімет сондықтан тап осы мәселеге айырықша көңіл бөлуге тиіс.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру