Жастар шетелге кетпеуі үшін

0
56

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова жастардың білім іздеп, шетелге кетпеуі үшін атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
– 2017-2018 оқу жылында 139 316 түлек мектеп бітірген. Оның 69 пайызы немесе 96 мыңға жуығы ҰБТ-ға қатысса, қалған 31 пайызы немесе 43 мың бала тестілеуге қатыспады. ҰБТ тапсырғандардың 87 пайызы, яғни 84 217 түлек Қазақстан ЖОО-ларына қабылданды. Республика колледждеріне 26 990 бала түсті, – деді вице-министр «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратында өткен жастарды қолдау туралы комиссия отырысында.
Әкімдіктер тарапынан қо­сымша 1919 грант бөлін­ен. Бұл да түлектердің өзге елге аттанбай, елде қалуына септігін тигізбек.
– Яғни, өңірдегі әкімдіктер қосымша грант бөлу ар­қылы түлектердің шетелге кетуінің алдын алуда. Президент тапсырмасымен мемлекеттік білім беру тапсырысын 20 мыңға көбейттік. Әйтсе де, шетелге кеткен студенттердің тізімі бар. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының ЖОО-ларына 8 мың қазақстандық қабылданған, оның 5 197-сі Ресейдің білім грантымен оқып жатыр, қалған 2 808-і ақылы негізде. 598 қазақстандық абитуриент Ресей колледждеріне түскен. Одан бөлек, 3 мыңға жуық қазақстандық алыс-жақын шетелдерге оқуға кеткен, – деді Б. Асылова.
Оның айтуынша, жастарды елде қалдыру үшін мемлекеттік білім грантын көбейту мен студенттердің жайлы өмір сүруіне жағдай жасаудан бөлек, білім сапасын жақсартуға да назар аударған жөн.
– Министрлік те, университеттер де бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Біріншіден, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мамандықтар бойынша ЖОО-лар рейтингін жасады. Жыл соңына дейін тағы қосымша мамандықтар бойынша тізім жарияланады. Болашақ абитуриенттер мен студенттер осы рейтингті қарап, ең үздік қазақстандық ЖОО-ларды таңдай алады, – деді Бибігүл Асылова.
Айжан СЕРІКЖАНҚЫЗЫ

Жауап қалдыру