Өз жерімді өзіме кім қайтарады?

0
59

Таяуда редакциямызға қазіргі Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны Лайленхожаев Максут Калдыбаевичтен шағым түскен еді. Онда өзінің жер теліміне қатысты бұрмалаушылықтар орын алып отырғанын баяндайды. Төмендегі шағым хатта істің мән-жайы баяндалады.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Сарыағаш қаласы әкімінің 2015 жылғы 30 қазандағы №171 шешімімен Лайленхожаев Максут Калдыбаевичке яғни маған «Сарыағаш қаласы, Шымкент – Шыназ трассасы бойынан бақша өсіру үшін жалпы алаңы – 875,0 ш.м.» жер учаскесі уақытша өтеусіз 5 жылға дейін мерзімге пайдалану құқығымен берілген.
Осы жер телімінің нысаналы мақсатын асхана, көлік жуу, тех­никалық қызмет көрсету, қонақ үй құрылысы үшін деп өзгерте отырып Сарыағаш қаласы әкімінің 2016 жылғы 15 наурызда №52 шешімімен жекеменшікке берілген. Жекеменшік құқығын білдіретін мем­лекеттік акт алынып, мемлекеттік тіркеуге алынған.
Маған меншік құқығымен тиесілі жерге іргелес жатқан жер телімін Сарыағаш қаласының әкімі 2000 жылы 25 шілдеде №280 шешіммен Нарынбай Асановқа «Сауда орталығы үшін жалпы алаңы – 3720,0 ш.м. «Жібек жолы – Шыназ» трассасы бойында бөлінетін жер танабынан жекеменшік құқы­ғымен» деп берген екен.
Н.Асанов болса өзіне бөлінген жер телімін игермей, мемлекеттен сатып алу бағасының жартысын ғана төлеп, қалған жартысын төлемей, аталған жер телімін Ф.А.Жусуповаға сатып пай­да тапқан. Ал Ф.А.Жусупова аталған жер телімін   өзінің күйеуі Қайрат Жусуповтың сол кезде ОҚО Кәсіпкерлер палатасының Сары­ағаш аудандық филиалының дирек­торы қызметін атқарып отырғанының арқасында, маған тиесілі жер телімі бойынша өздерінің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, нақты айтқанда кадастр ісінің ішіндегі құжаттарды ауыстырып, жер телімінің орна­ласқан жерін Шымкент–Шыназ трас­сасының ортаңғы осьінен 41 метр екенін біле тұра жалған құжаттар жасатып, трассасының ортаңғы осьінен 28 метр деп кадастр ісіндегі құжаттарға заңсыз өзгеріс енгізіп жіберген.
Мен амалсыз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоға­мының ОҚО бо­йынша филиалы жер кадаст­ры және жылжымайтын мүлікті тех­никалық тексеру департаментіне» 2017 жылы 23 наурызда арызданып, осы шағым негізінде жер телімінің шекара белгілерін орнату жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде маған тиесілі жер телімі Шымкент–Шыназ трассасының ортаңғы осьінен 41 метр қашықтықта екені туралы 2017 жылғы 05 шілдеде № 0217 10-09/2717 нөмірлі хатпен нақты анықталды. Бұрмалаушылық әрекеттеріне қарағанда Ф.А.Жусупова мен оның күйеуі Қайрат Жусупов іс жү­зінде таныстары арқылы сыбай­ластық әрекеттерге жол бергені байқалады.
Өз кезегінде ОҚО жер инспекциясы басқармасының басшылығы Жусупов Қайратпен келісе отырып, арыздағы көрсетілген уәждер бойынша ешқандай әрекеттер жа­самай, М.К.Лайленхожаевқа яғ­ни маған сотқа жүгінуге құқылы еке­німді түсіндірумен шектелген. Ары қарайғы айла-шарғылар да Жусупов Қайраттың мүддесіне бағытталған.
Сонымен қатар Ф.Жусупова ҚР Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне жалған ақпараттар көрсете отырып арыз берген. Осы жалған ақпараттар негізінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті ОҚО МАЭС-на ­М.К.Лайленхожаевқа тиесілі жер теліміне қатысты құқықтық құ­жаттарды жарамсыз деп тану туралы талап арыз берген. ОҚО МАЭС-ның 2017 жылғы 11 мамырдағы шешімімен олардың талап арызы қанағаттандырусыз қалды­рылған. Бірақ та, осы талап арызды қарау барысында сот бізге ешқандай хабар бермеген, бізді шақырмаған.  Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 145 бабының 5 тармағында тексеру арқылы мемлекеттік бақылау жер учаскелерінің меншік иелерінің, жерді пайдаланушылардың қаты­суымен, ал олар бас тартқан жағ­дайда олардың қатысуынсыз жүргізіледі, бұл туралы тексеру нәтижелері бойынша жасалған құжаттарда тиісті белгі жасалады деп анық­талған. Соған қарамастан М.К.Лайленхожаев меншік иесі болып табылатын жер учаскесіне қатысты тексеруді оның қатысуынсыз жүргізіп, заңсыз акт түзілген.
Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Жусупов Қайраттың мүддесі үшін әрекет етуін қоймай 2017 жылғы 04 шілдеде ОҚО МАЭС-на М.К.Лайленходжаев пен А.Ш.Бисембаевты жауапкер ретінде көрсете отырып қайталап талап арыз берген. Осы талап арызды қараған судья біздің қарсы талап арызымызды қабылдаудан негізсіз бас тартып, керісінше істі біржақты қарап, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің талап арызын қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған. Соттың осы шешімі заңды күшіне енген.
Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Жусупов Қайраттың мүддесі үшін әрекет етуін қоймай 04.07.2017 жылы ОҚО экономикалық сотына мені жауапкер ретінде көрсете отырып қайталап талап арыз берген. Осы талап арызды қараған судья Ғ.Бектаев біздің тексеру актісін заңсыз жасалғандығы жөніндегі қарсы талап арызымызды уақытылы бермедің деген негізсіз тұжырым жасай отырып қабылдаудын екі рет бас тартты. Бұл заңсыздықты видеожазудан тексеруге болады. Бірақ та, біз қарсы талап арызды уақытылы беру үшін судья Ғ.Бектаев істі өзінің өндірісіне қабылдаған сәтте бізге хабар беру керек еді, судья менің құқығымды бұза отырып маған ешқандай хабар бермей, істің алдын-ала дайындық кезеңін әдейі менсіз өткізіп, менің қарсы талап арыз беру мерзімімді өзі әдейі өткізіп отырса да қарсы талап арызды қабылдамай, керісінше істі біржақты қарап, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің талап арызын қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған.
Экономикалық соттың бұл ше­­шіміне келтірген менің апелля­циялық шағымым ОҚО азаматық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен қанағаттандырусыз қалдырылып, сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Осы апелляциялық шағымды қараудың екінші отырысын басқа күнге ауыстыру туралы өтінішімізге қарамастан, іс менің өкілімнің қатысуынсыз қаралғанын айта кетуді жөн көріп отырмын.
Осы талап арызды эконо­микалық соттың судьясы Ғ.Бектаев негізінен қарау барысында біз өз тарапымыздан талап арызға қарсы пікір келтіріп, яғни жер телімі аукцион арқылы берілу керек деген талапкердің уәжі негізсіз екенін дәлелдеп айтқанбыз. Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің өкілдері біздің осы уәжімізбен келісіп, өздерінің талап арыздарындағы осы аукционға қатысты уәждері негізсіз екенін мойындаған.
Соған қарамастан судья Ғ.Бек­таев біржақтама шешім қабыл­даған, осы шешім заңды күшіне еніп кеткендіктен, бірақ та осы жер теліміне қатысты жаңадан анық­талып отырған мән-жай бол­ғандықтан, яғни жер телімінің кадастрлік құжат­тарындағы, өзгер­тілген сызбалардағы менің атымнан орындалған қолтаңбалар ма­ған тиесілі емес, басқа тұлғамен орындалғаны туралы маман са­рапшының қортындысымен дә­лел­денгендіктен, яғни ҚР жер Ко­дексінің 107 бабының талабы бұзылмағаны (осы бапта көр­сетілген ортақ пайда­лану­дағы, инженерлік жүйе өткен және кү­зет аймақтары жерлеріне жат­пай­тындығы) дәлелден­гендік­тен, судья Ғ.Бектаевқа атал­ған істі жаңадан анықталған мән-жай­ларға сәйкес қайта қарауды сұранып арыз бергенмін. Алайда, судья Ғ.Бектаев бұл мән-жай­лардың жерді сату жөніндегі аукционға қатысы жоқ деген негізбен, қайта қараудан бас тарту туралы ұйғарым қабылдады.
Істі жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қайта қарау жөнінде ОҚО азаматық істер жөніндегі сот алқасына келтірген жеке шағымымыз да қанағаттандырусыз қалдырылды.
Жусупов Қайрат ОҚО Кәсіпкерлер пала­тасының Сарыағаш аудандық фи­лиа­лының директоры қызметін атқа­рып отырған кезінде өзінің қызметтік өкілеттігін өз бас пайдасына пайдаланған, яғни сотқа жұбайы Жусупова Ферузаның атынан берілген талап арыз бойынша жұбайы Жусупова Ферузаның атынан сот отырысына өзі басқарып отырған мекеменің заңгерін өкіл етіп қатыстырған. Яғни палатадан айлық алып отырған заңгер, палатаға қатысы жоқ жұмыспен, яғни басшының отбасына қатысты жұмыспен айналысқан.
Сонымен қатар  Жусупов Қай­раттың тамыр-танысы арқылы құжаттарға бұрмалаушылық жасап, онымен қоймай маған тиесілі жер теліміне қатысты дауды тоқтатпай отырғандықтан мен амалсыз ОҚО ҰҚК-не шағым жазуыма тура келді. Заңсыздықтардың орын алуының бірден-бір себебі менің кадастрлық номері 19-306-004-1513 жер телімімді электронды тасымалдағыштағы орнын әдейі қозғалтып, бастапқы орнынан өзгерткенін, оның орнына Ф.А.Жусуповаға тиесілі жер телімін отырғызғанын, электрондық тасмалдағыштағы ауыс­тыруға Ф.А.Жусупованың күйеуі Жусупов Қайраттың ықпал еткенін көрсеттік. Өйткені Ф.А.Жусупованың күйеуі – Қ.Жусупов ОҚО кәсіпкерлер палатасының Сарыағаш аудандық филиалының директоры қызметін атқарғаны, ОҚО кәсіпкерлер палатасының Сарыағаш аудандық филиалының директорлық қыз­метін атқарған кезде жер бөлу комиссиясының мүшесі болға­нын жаздық. Өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, жер телімдерінің электрондық тасы­малдағыштағы орындарын ауыс­тыруға ықпалын жасап, өз құзыреттілігін өзінің жеке бас пай­дасына асыра пайдаланғаны ай­тылды. Соған байланысты Шым­кент – Шыназ трассасы бойындағы іргелес жатқан маған тиесілі (кадастр нөмірі 19-306-004-1513, жалпы алаңы – 875,0 ш.м. (0,0875 га) жер учаскесіне заңсыз автотұрақ салып, жерді заңсыз қоршап алғаны бойынша заңсыздықтарға жол берген тиісті мемлекеттік қызметкерлер анықталып, жауапкершілікке тартылуы қажет. Жер телімін заңсыз басып алуы фактісі бойынша да Ф.А.Жусупова мен Қ.Жусупов қылмыстық жауапкершілікке тар­ты­луға тиіс. Алайда осы мәселе бойынша Сарыағаш аудан­дық ПБ-не жолданған арыз-шағым­дарымыз әлі күнге нәти­жесіз қа­лып тұр. Іс жүзінде олар маған тиесілі жер теліміндегі қор­шау­ларын да, салған құрылыс­тарын да бұзбай отыр. Ф.А.Жусупованың өз қолымен жазған, яғни құры­лыстарын өзі алатыны туралы міндеттемесіне қарамастан жағдай өзгерген жоқ. Тіпті ОҚО жер инспекциясы басқармасы ММ-і Ф.А.Жусупованы әкімшілік жауапкершілікке тартып, яғни ҚР ӘҚБтК-нің 136 бабына сәйкес 100 АЕК түріндегі айыппұл салғанына да қылшығы қисаятын емес. Әділеттіліктің кемістігінен ұзақ уақыттан бері жапа шегіп келеміз.
Тағы бір назар аударатын жағ­дай, Ф.А.Жусупованың Н.Аса­нов­тан сатып алған жері 2000 жылғы 25 шілдеде №280 шешімімен Н.Асановқа берілген деп, сол шешімге сілтеме жасай отырып Сарыағаш қаласының әкімі 2005 жылы 17 қазанда №1173 шешім шығарған. Бірақ 2000 жылғы 25 шілдедегі №280 шешім Әділет басқармасында тіркелмеген. Яғни әкімнің бұл шешімі тіркелмеген шешімге негізделгендіктен заңсыз болып табылады. Бұл іспен прокуратура органдары да айналысты. Алайда көпе-көрнеу заңсыздықтар әлі күнге созбалаңмен шешілмей келеді.
Сонда өзіме тиесілі және мемлекеттік заңмен қорғалатын жер телімімді өзіме кім қайтарады?

Мақсұт ЛАЙЛЕНХОЖАЕВ,
кәсіпкер.
Түркістан облысы

Жауап қалдыру